Жаңа меморган пайда болады
Жаңа меморган пайда болады
428
оқылды
Аталған комитеттің төрағасы жиі ауысады. Жақында ғана, нақтылай кетсек 2020 жылғы сәуірде Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің тізгінін 38 жасар Тимур Сұлтан­ғазиев ұстаған болатын. Оның жаңа меморганның басшысы лауазымына кандидат ретінде ұсынылар-ұсынылмасы белгісіз. Сонымен, ДСМ өзінің осы жалғыз комитетін қайта құры­лымдау туралы Үкімет қаулы­сының жобасын жария етті. Құжатқа сәйкес, «Тауарлар мен көр­сетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті» тарих қойнауына кетеді. Оның орнына Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпи­демиологиялық бақылау комитеті (СЭБК) құрылады. Осылайша, Кеңес Одағы кезінен бері болған, кейіндері тосыннан жоғалып кет­кен атақты «СЭС қызметі» қайта түлейді. Денсаулық сақтау вице-ми­нистрі Людмила Бюрабекова жобаға берген түсіндірмесінде Мемлекет басшысының 2020 жылғы 27 мамырдағы Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІІ отырысында берген тапсырмасын жүзеге асы­ру үшін осындай қадамға барып отырғанын айтады. Өйтке­ні атал­ған комитетті қайта құры­лым­дау – Президент Әкімшілігінің бас­шысы бекіткен ел Президен­тінің тапсырмаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 39-тармағында көрсетіліпті. Жаңа меморганның – Са­нитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің өңірлерде жалпы саны 250-ден астам департаменті мен басқармасы болады. Бұл Қазақстанда халықты індеттен, уланудан және басқа да кеселдерден қорғаудың қуатты әрі жан-жақты тармақталған жүйесін құру үшін қажет көрінеді. Негізі, жаңа реформаның үлкен мәні әрі қисыны бар: рес­публикада кәсіпкерлікті да­мыту, Doing Business жаһандық рей­тингінде еліміздің тұғырын биіктету, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен күресу және қоғам­ды жегідей жеген осы жегі­құрттың «жауынгерлері» – ба­қы­лаушы-қадағалаушы орган­дардың санын азайту үшін СЭС органының рөлі кемітілді. Себебі қандай да бір бизнесмен дәмхана не балабақша ашайын десе, оған «санэпидемиологтар» қырғидай тиеді. Алайда дүниежүзін пандемия тізеге тұрғызған жаңа заманда био­логиялық қауіпсіздік мәселесі – тәуелсіз мемлекетіміз үшін ұлт­тық қауіпсіздіктің маңызды құраушысына айналуда. Ұлттық кеңестің 3-ші құрылтайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан коронавирус инфекциясының қайта-қайта ушығуына дайын болуы тиіс екенін баса айтты. Оның байламынша, ел аумағында және көршілес ел­дерде басқа да айрықша қауіпті инфек­циялардың табиғи тұрақты ошақтарының сақталып қалуы – жағдайды ушықтыра түсуде. – Бірізді емес реформалардың қабылдануы, ұйымдардың ретсіз қайта құрылымдануы кесірінен санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметі және инфек­циялық бақылау жүйесі әлсіреді. Санитарлық-эпидемио­ло­гиялық қызметті институтқа ай­налдыру және күшейту қа­жет. СЭС секілді өзінің тиім­ді­лігін көрсеткен мо­дельге қай­та оралатын кез жетті! – деді Ұлттық кеңес жиынында Мемлекет басшысы. Қазіргі кезде ел басшылы­ғының тапсырмасы бойынша жаңа комитетті құру жұмыстары басталды. Оның аясында, мы­са­лы бас мемлекеттік сани­тар­лық дәрігердің мәртебесі мен өкі­леттігі заң жүзінде айтар­лық­тай арттырылады деп жос­пар­лануда. Осы қызмет үшін қажетті кадрларды даярлау жүйесі қайта қаралады. Бұл мамандарды әлеуметтік қорғау шаралары қабылданады. Салада жұқпалы дерттермен күрес жөнін­дегі шетелдік қызметтермен ынтымақтастық нығайтылмақ. Жыл соңына дейін Үкімет «Қазақстанның биологиялық қауіпсіздігі туралы» жаңа заң әзірлейтін болады.  

АйханАйхан ШӘРІП