Аталған комитеттің төрағасы жиі ауысады. Жақында ғана, нақтылай кетсек 2020 жылғы сәуірде Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің тізгінін 38 жасар Тимур Сұлтанғазиев ұстаған болатын. Оның жаңа меморганның басшысы лауазымына кандидат ретінде ұсынылар-ұсынылмасы белгісіз. Сонымен, ДСМ өзінің осы жалғыз комитетін қайта құрылымдау туралы Үкімет қаулысының жобасын жария етті. Құжатқа сәйкес, «Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті» тарих қойнауына кетеді. Оның орнына Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті (СЭБК) құрылады. Осылайша, Кеңес Одағы кезінен бері болған, кейіндері тосыннан жоғалып кеткен атақты «СЭС қызметі» қайта түлейді. Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова жобаға берген түсіндірмесінде Мемлекет басшысының 2020 жылғы 27 мамырдағы Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІІ отырысында берген тапсырмасын жүзеге асыру үшін осындай қадамға барып отырғанын айтады. Өйткені аталған комитетті қайта құрылымдау – Президент Әкімшілігінің басшысы бекіткен ел Президентінің тапсырмаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 39-тармағында көрсетіліпті. Жаңа меморганның – Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің өңірлерде жалпы саны 250-ден астам департаменті мен басқармасы болады. Бұл Қазақстанда халықты індеттен, уланудан және басқа да кеселдерден қорғаудың қуатты әрі жан-жақты тармақталған жүйесін құру үшін қажет көрінеді. Негізі, жаңа реформаның үлкен мәні әрі қисыны бар: республикада кәсіпкерлікті дамыту, Doing Business жаһандық рейтингінде еліміздің тұғырын биіктету, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен күресу және қоғамды жегідей жеген осы жегіқұрттың «жауынгерлері» – бақылаушы-қадағалаушы органдардың санын азайту үшін СЭС органының рөлі кемітілді. Себебі қандай да бір бизнесмен дәмхана не балабақша ашайын десе, оған «санэпидемиологтар» қырғидай тиеді. Алайда дүниежүзін пандемия тізеге тұрғызған жаңа заманда биологиялық қауіпсіздік мәселесі – тәуелсіз мемлекетіміз үшін ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құраушысына айналуда. Ұлттық кеңестің 3-ші құрылтайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан коронавирус инфекциясының қайта-қайта ушығуына дайын болуы тиіс екенін баса айтты. Оның байламынша, ел аумағында және көршілес елдерде басқа да айрықша қауіпті инфекциялардың табиғи тұрақты ошақтарының сақталып қалуы – жағдайды ушықтыра түсуде. – Бірізді емес реформалардың қабылдануы, ұйымдардың ретсіз қайта құрылымдануы кесірінен санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметі және инфекциялық бақылау жүйесі әлсіреді. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметті институтқа айналдыру және күшейту қажет. СЭС секілді өзінің тиімділігін көрсеткен модельге қайта оралатын кез жетті! – деді Ұлттық кеңес жиынында Мемлекет басшысы. Қазіргі кезде ел басшылығының тапсырмасы бойынша жаңа комитетті құру жұмыстары басталды. Оның аясында, мысалы бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің мәртебесі мен өкілеттігі заң жүзінде айтарлықтай арттырылады деп жоспарлануда. Осы қызмет үшін қажетті кадрларды даярлау жүйесі қайта қаралады. Бұл мамандарды әлеуметтік қорғау шаралары қабылданады. Салада жұқпалы дерттермен күрес жөніндегі шетелдік қызметтермен ынтымақтастық нығайтылмақ. Жыл соңына дейін Үкімет «Қазақстанның биологиялық қауіпсіздігі туралы» жаңа заң әзірлейтін болады.