Азаматтық қоғамның құны қанша?
Азаматтық қоғамның құны қанша?
232
оқылды
Пандемия бары­сын­да көптеген министрліктің жі­берген қателіктері ашық аза­маттық қоғамның қан­ша­лық қажет екенін көрсетті. Дәрі-дәрмек, аппарат жет­кі­зе алмаса да, жеке имиджіне алаң­дап, пиар-роликтерге миллиондар бөлген әкім-қара, министрлер табылды. Оның өзі белсенді азаматтар мен тәуелсіз ұйымдардың ар­қасында мәлім болды. Се­беп неде? Дәл табу қиын. Бі­рақ Парламент бақы­ла­ма­ған соң, қоғам талап ете ал­мағаннан кейін, бюджеттік шы­ғын жайлы ақпарат жабық болған соң салық төлеу­ші­лер­дің қаражатын қалаған мақ­сатқа жұмсау жалғасып жат­қандай. Жұқпалы ауру қоғамның та­лай кеселін көрсетіп берді. Көп нәрсеге дайын емес екенбіз. Әри­не, Үкіметтің жұмысын жоққа шы­­ғаруға болмайды. Президент тап­сыр­масымен бірден арнайы ко­миссия құрылды, карантин, тө­тенше жағдай жарияланды, блок-бекеттер қойылды, жұмыс­сыз қалғандарға екі ай қатарынан 42 500 теңге төленді. Шілде айын­да тағы берілмек. Ал­дыңғы шепте жүр­ген дәрігерлерге үстемеақы тө­ленді (соңы дауға ұласты), қосымша модульді ауруханалар са­лынды. Алыс-жақын елдерден гу­манитарлық көмек келіп жа­тыр. Кеселмен күресеміз деп шен­­ді-шенеуніктер де вирус жұқ­тырып алды, көз жұмғандары да бар. Қысқасы, Үкімет қол қусы­рып отырды деу жалған болады. Дегенмен пандемия кезінде елде фейс­букокра­тия орнағандай әсер қалды. Ма­мырға қарай аш қал­дық, жұмыссыз қалдық, қа­­рау­сыз қалдық деген арыз-шағым тым көбейді. Рас, оқшауланған кі­сінің көңілі көтеріңкі болсын ба? Қолында смартфоны барлар на­зын жазуға даяр. Үкімет осы қы­сымға шыдай алмады ма, блок-бекеттерді мамыр айында алып тастауға рұқсат берді. 11 мамырда төтенше жағдай тоқтады. Ай­мақ­тан, қала маңынан ірі шаһарларға жұрт лап қойды. Той-домалақ жа­сырын өте бастады. Яғни, шек­теу­­лерді бірден алып тастау 2 ай­­лық карантиннің әсерін күл-талқан еткендей болды. Бұл эпидемияның 2-ші толқынына әке­ліп соқты. Үкімет мұны бол­жа­мады ма? Әрине, білді. 29 сәуір­де өткен онлайн конферен­ция­да экс-министр Біртановты Гар­вардтың Т.Х.Чан атындағы мектебінің қызметкері, қоғамдық ден­саулық сақтау докторы  Қуа­ныш Ерғалиев шектеулер бірден алынса, 2-ші толқын басталаты­нын ескертті. Тіпті, 4 маусымда өт­­кен баспасөз конференция­сын­да да Бір­танов мырза екінші тол­қын басталуы мүм­кін екенін өзі жеткізді. Бірақ Үкімет қо­ғам­дық, әлеуметтік желідегі қысымға шы­дай ал­ма­ған күй танытты. Мұ­ның соңы қазіргі өлім-жітім са­ны­­ның артуына, дәрі-дәр­мек­тің, ап­параттардың дефицитіне әкел­ді. Мұны неге тізбектеп жазып отыр­мыз? Бі­реуді айыптау үшін бе? Иә, бәлкім қате ше­шім қа­был­дағандарды сынау үшін шы­ғар. Алайда түпкі мақсат бұл емес. Мақ­сат – сапалы аналитика, шы­­найы статистика мен әлеу­мет­тік желідегі жазбалардың жер мен көктей айырмашылығы бар еке­нін қайта бір еске салу. Әлеуметтік же­лінің ығына жы­ғылу – де­мок­ра­тиялық шешім қабылдау үлгісі емес. Ондағы 10, 50, 100, 200 кі­сі­нің пі­кірі 19 миллионға жуық аза­маттың шы­найы жағдайын көр­сетпейді. 696 млн пиарға. Алайда азаматтық қоғам­ның, депу­таттық корпустың  бақылауы болмаған соң кейбір қызметтегі жалдамалы жандар бюджет қаражатын қалауынша жұм­сағанын байқадық. 2017 жылғы келісім бойынша, Дүниежүзілік банк Қазақстанға  медициналық әлеуметтік сақтандыру жоба­сын жүзеге асыруға 80 млн доллар қарыз берді. Негізгі қарызды 2021 жылдан бастап 10 жылда 5%-бен қайтаруымыз керек.  Яғни, далада жатқан батпан құйрық емес, сұрауы бар қаражат және Үкімет бюджет есебінен төлеуі міндет. Бір айта кетерлігі, аталған сақтандыру қорына бәріміз биыл 1 қаңтардан бастап жалақымыздан 1 пайыз үлесін беріп келеміз. Заң қабылданған соң біздің пікірімізді ешкім сұрай қойған жоқ.  Алайда  аталған медициналық әлеу­меттік сақтандыру жобасын ел арасында насихаттауға  Ден­саулық сақтау министрлігі Success K компаниясына 696 млн теңгені аудара салған. Бұл ақшаға соңғысы ролик, сюжет түсіріп, мақала жазу керек болған. Дәл осы мақсатқа «Еуразия» телеарнасына – 83 млн теңге, Nur.kz, Tengrinews.kz сайттарына  – 50 млн теңге, «КАЗтелефильм» ЖШС ток-шоу түсіруі үшін 50 млн теңге бөлген. Бұдан бөлек,  Apex Consult ЖШС әлеуметтік сауалнама жүргізгені үшін 110 млн теңге алған. Тізе берсе, Дүниежүзілік банктің қаражаты пиар деп оңды-соңды шашылғаны көрініп тұр. Алайда жұрттың пікірін сұрамай, «биылдан  бастап жалақымыздан 1 пайыз ал­ып тұратын болса, онда сон­шама ақшаны жарнамаға не­ге жұмсады?» деген сауал туындайды?  Себебі алдағы 10 жылда Үкімет осы 80 млн доллардың барлығын пайызы­мен қайтаруы тиіс. Жауап бі­реу – қатаң парламент, ашық азаматтық  қоғам жүйесі толық қалыптаспаған  жағдайда дайын ақшаның иесі әрдайым табыла береді. Тағы да 600млн пиарға.Ал шілденің басында рес­публикалық мониторинг тобы­ның жетекшісі Айгүл Соловьева коронавируспен күреске бөлін­ген 191 млрд теңгенің қалай жұмсалғанына тексеріс жүріп жатқанын хабарлады. «Осы ақшаның 600 млн  теңгесін Денсаулық сақтау министрлігі тағы да роликтерге, флешмоб көрсеткен пиар компанияға бөлгені мәлім болды. Ал 600 млн теңгенің 200 млн қаражаты тіпті қай мақсатқа жұмсалғаны белгісіз», – деді А.Соловьева. Министрліктегі мамандар коронавирусты ро­лик, флешмобпен емес, дәрі-дәрмек, аппаратпен жеңуге болатынын білмеді ме? Жоқ, бәрін білді. Тек кез келген жобаға ақпараттық қолдау, ролик түсіру, блогер жалдау деген шығындар ақшаны иге­руге, яғни жұмсауға ың­ғайлы. Әрі қарай процесс барысында тендерді ұтып ал­ған компаниямен «бәрін де келісуге» болады. Неге? Себеп сол баяғы  – қатаң парламенттік бақылау, ашық  азаматтық қоғам жүйесі жетіспейді. Бюджеттің қайда жұмсалғаны туралы ақпарат қолжетімсіз. Абайша айтса, мұндай «қараңғы түнде» тауды ғана емес, бюджеттің миллиардтарын да қалқытып жіберуге болады. 3млрд теңгелік грант.  Мейлі, азаматтық қоғам аяғына нық тұра алмаса, кім айыпты дер­сіз. Жоқ, Үкімет елдегі аза­маттық секторды  қолдау  үшін  бюджеттен арнайы грант  бө­леді. Халықаралық гранттарға телмірмесін дегені болар. Кей­бір мәліметтерге сенсек, сол гранттарға  2019 жылы  – 3 млрд теңге, биыл 1,1 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Оны «Азаматтық бастамаларды қолдау орта­лығы» КЕАҚ жүзеге асырады. Мемлекеттік мекеме. Бір қызығы – бөлінген ақша сөз бостандығы, бюджеттің ашықтығы, кәсіподақтардың дамуы, медианың өркендеуі секілді азаматтық қоғам үшін маңызды бағыттарға  емес, туризмді дамытуға, блогер­лердің форумын өткізуге, от­басы құндылықтарын наси­хат­тауға, жастардың эко­логиялық мәдениетін арт­тыруға бөлінген. Туризм арқылы азаматтық қоғамды қолдау.  Ал енді былтыр Қазақ­стандағы азаматтық қо­ғамды дамытуға бөлінген грант­тар мен оның қаражатын нақ­тылай кетсек. Мәселен, Қазақстан жастар конгресі ішкі туризмді дамытып, жастардың бай­ланысын орнатуға 205 млн теңге жеңіп алды. Елімізде Туризм комитеті, Kazakh Tou­rism ұлттық компаниясы тұрғанда сонша қаражат та­ғы не үшін бөлінгені және туризмнің азаматтық қо­ғамға қандай қатысы бар еке­ні белгісіз. Грантты ұтқан жастар бір апталық  керуен  ұйымдастырып, бар ақшаны «игере» салған. Осылайша, «азаматтық қоғамның дамуына үлес қосқан». Ал «Отбасы академиясы» қоры 326 млн теңгеге елімізде отбасы инсти­тутын нығайтпақ болған. Бірақ былтыр елімізде отбасылардың 40 пайызы ажырасқан екен. Санмен сөйлесек, 59,8 мың ажырасу фактісі тіркелген. Бөлінген 326 млн теңге «Отбасы академиясынан» басқа өзге отбасыларға көмегін тигізбеген секілді. Eurasian Expert Council қоғамдық қоры азаматтардың құқығын қорғауға жағдай жасау үшін 300 млн теңгелік грант жеңіп алған. Маңызды бағыт. Бұл ақшаға тренинг, акция өткізіп, ролик түсіріп, сайт жасаған, жұртқа кеңес берген. Сырттай қарасаңыз, әжептеуір жұмыс секілді. Бірақ әйгілі Freedom House мұндай жұмысты жоғары  бағалай  қоймаған секілді. Себебі 2019 жылы азаматтардың құқығы қорғалу рейтингісінде Қазақстан 209 елдің арасында 171-орынға жайғасыпты. А kind heart ұйымы тіптен айды аспаннан бір-ақ шығарған. Ол былтыр «Открывая Ка­захстан» форумын өткізіп, әлемнің танымал блогерлерін шақырғаны үшін бюджеттен грант ретінде 200 млн теңге алған. Оның азаматтық қо­ғамды, либералды көз­қарас­ты, демократиялық құнды­лықтарды нығайтуға қан­дай қатысы бар екенін түсіну қиын. Бір қызығы, аттай қа­лап шақырған шетелдік бло­гер Мурад Осман жобаның міндетін – Қазақстан туралы ешбір фото, пост жарияламаған. Ал Луи Джон Коул алған ақшасын ақтап, бірнеше фото жариялаған. Алайда оның Instagram  желісіндегі  оқырман саны 1,2 млн екен. Әрине, «әлемдік деңгейдегі» блогер үшін көп емес. Мәселен, тек «отандық  деңгейдегі» Қайрат Нұртастың парақшасына –  5,3 млн, Сәкен Майғазиевке 3,5 млн кісі жазылған. Оқушылар 70млн теңгеге таласты. Осыған ұқсас мақ­саттарға «Дағдарыс орта­лықтарының одағы» ұйы­мы  – 300 млн, «Мектеп спорты федерациясы» – 150 млн, «Жас жұмысшылар қауымдастығы» – 100 млн, Ұлттық  Дельфий комитеті  – 70 млн, оқушылардың  «Жас Ұлан» ұйымы 70 млн теңге ұтып алған. Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы демекші, бюджет қаражатына оқушылар да таласуға дайын екен. Өйткені жасұландықтар 70 млн ақшаға жастардың экологиялық мә­дениетін арттыруға тырыс­қан. Осылайша, былтыр 3 млрд теңге үлестірілген. Әрине, ол ақшаның барлығы бос кетті деуден аулақпыз. Дегенмен маңызды  деген  жобаларға  5-7-10 млн ақша бөлініп, күмәнділеріне 200-300 млн теңге қарастырылғаны таң­ғалдырады. Ал бұл ақша Қазақ­станда азаматтық  қоғамның  дамуына қаншалық үлес қос­қанын не қоспағанын оқырман өзі шеше жатар. Төреші біз емес. Күзетші ұйымдар қай­да? Біреуге босқа кеткен бюд­жет ақшасын санап, өзгені сынаудан өнетін нәрсе шамалы, «енді не істейміз?»деген ой ке­летін шығар. Ол көпті маза­лайтын сұрақ. Жауап табу үш­ін сол азаматтық қоғамды бізден бұрын құрғандардың тәжірибесіне жүгінген жөн. Мәселен, Батыс елдерінде үкіметтің жүргізетін сая­сатын, іске асыратын бағдар­ламаларын және басқа да қоғамдық салаларды бақы­лаушы ұйымдарды Watchdog organizations деп атайды. Қа­зақша баламасы – күзетші ұйымдар. Олар үкіметті, қо­ғамды ашық етуге үлесін қосады. Мәселен, АҚШ-та Дональд Трамп 2016 жылы қарашада сайлауда жеңіске жеткеннен бастап оның биз­нес мүдделерін, Ресеймен байланысын, қабылдаған заң­дарын, Мексикамен шекарада салынатын қабырғаға қатысты барлық ақпаратты Brennan Center For Justice, American Oversight, ACLU, Campaign for Accountability, Campaign Legal Center секілді 20-дан  аса ұйым бақылаған. Яғни, ел президенті заңсыздыққа жол бермеуін қадағалайды. Жарияланған немесе кең тараған мәліметтердің рас-өтірігін тексеретін FactCheck ұйымы бар. Ал PolitiFact Америка саясаткерлерінің айтқан сөздерінің шынайы­лығын бақылайды. Citizens Against Government Waste (CAGW) – үкіметтің ысырап­шылдығын, тиімсіз басқаруын, тіпті алаяқтық фактілерін алдын алу үшін жұмыс істейтін тәуелсіз ұйым. Open The Government – үкіметтің жұмысын ашық ету арқылы демократия мен адам құқықтарының сақталуын нығайтушы ұйым. Сөз соңында. Әрине, жеке ұйымдар арқы­лы үкіметті бақылау азаматтық қоғамды құрудың негізгі жолы емес. Тек шенді-шекпенділердің жауапкершілігін арттыруға итермелейтін қуатты фактор. Бұдан бөлек, қатардағы аза­маттардың өзінің күнделікті қарапайым және саяси құқық­тарын білуі мен пайдалана алуы, жұмысшылардың кәсіп­одақтар арқылы мүддесін қорғай алуы, медианың сөз бостандығын қамтамасыз етіп, ортақ түйткілдерді ашық жазуы, көрсетуі де сөз болған ашық қоғамды құруда, оны нығайтуда маңызды рөл атқарады. Оларды жүзеге асыру, оларға жағдай жасау тек Үкіметтің ғана емес, қатардағы азаматтардың да, белсенді тәуелсіз мамандардың да қолында.  

Әлихан ИСМАН