Жылқы шаруашылығына қатысты айтыс-тартыс маусым айындағы «шошқа дауы» кезінде өршіген. «Қазақ арам деп тыжырынатын шошқаның әр басына мемлекет неге жүз мыңдап субсидия бөледі? Ал жылқыға келгенде пейілі неге тарыла қалады?» деген әңгіме әлеуметтік желіде желдей ескен. Салаға тікелей жауапты Ауыл шаруашылығы министрлігі алашты алаңдатқан сауалға ресми жауап қатты. Министрліктің баспасөз қызметі ұсынған дерекке сенсек, Қазақстанда 3 миллионға жуық жылқы бар. Мемлекеттік қолдау мен субсидиялау арқасында республикада жылқы басы кеңестік кезеңге қарағанда 1,7 есе көбейген. Осылайша, Қамбар ата түлігінің саны жөнінен дүниежүзінде озық ондыққа еніппіз.
1991 жылы Қазақстанда 1,7 млн бас жылқы болған деседі. Кейін нарықтық экономикаға көшкенде күрт азайып, 2000 жылға қарай 1 миллионға да жетпей қалған. Мемлекет 2002 жылдан бері қолдау көрсете бастағаннан кейін ғана мал санында өсім байқалды. Асылтұқымды жылқыларды сатып алуға, қымыз бен жылқы етін өндіруге субсидия түріндегі мемлекеттік қолдау 2011 жылы іске қосылды. Қабылданған шаралар нәтижесінде қазіргі таңда Қазақстанда жылқы саны 2,9 млн басқа дейін өскен. Бұл 1991 жылғы жылқы санынан 1,7 есе, 2000 жылмен салыстырғанда 3 есе көп. Ет одағының басшысы Мақсұт Бақтыбаевтың пікірінше, мұндай «демографиялық дүмпу» – Қамбар ата түлігінің күй талғамайтын қасиетінен.
– Қазақстанда жылқы еті мен оның өнімдеріне сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан атакәсіпке бет бұрғандар көбіне жылқы шаруашылығының тізгінін ұстайды. Оның үстіне жылқыны жыл он екі ай жайылымда бағуға болады. Жемшөп талғамайды. Тез қоңданады. Басқа малдан гөрі көп күтім мен бапқа мұқтаж емес, – дейді маман.
Әлбетте, қуанарлық жағдай. Әйткенмен, жай ғана қуанып қою аздық етеді. «Өсімнің осы қарқыны сақталса, жылқының көптігінен бұл сала стагнацияға ұшырауы мүмкін» деп қауіптенеді сарапшылар. Ендеше қайтпек керек? Тығырықтан шығудың жалғыз жолы – экспорт. Яғни, ішкі нарықтан артылған жылқыны сыртқа сатудың амалын қарастыру қажет. Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігі жылқы еті тек ішкі нарыққа бағытталған өнім екенін мойындайды. Экспорт жоққа тән. Неге? «Өйткені мемлекет әрқашан экономикалық тұрғыдан тиімді болу үшін өзгелердің сұранысына мән беріп, нарықтағы тұтынушы талабын ескереді» деп түсіндіреді АШМ баспасөз қызметі.
БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының дерегіне сүйенсек, жылқы етін өндіру бойынша Қытай бірінші орында тұр. Екінші орында – Мексика, үшінші орында – Ресей. Ал жылқы етін тұтынатын мемлекеттер санатында Франция, Қытай, Қазақстан, Индонезия, Германия, Бельгия, Швейцария, Жапония, Ресей бар. Әлем халықтарының көбі жылқы етін жемейді. Оны тек жұмысқа, спорт түріне пайдаланады. Израиль мен араб мемлекеттері діни нанымына байланысты жылқы етінен мүлдем ат-тонын ала қашады. Қазақстан жылқысына Ресей мен Қытайдың ғана сұранысы жоғары.
Жаңағы Жапонияда жылқы малы Хоккайдо, Нагоя, Аомори префектураларында арнайы өсіріледі екен. Бірақ жайылым тапшылығынан оны көбейту қиямет-қайым. Сол себепті жергілікті дүкен сөрелерінде ет өте қымбат. Жапондардың қазақ жылқысына қолқа салуы содан болса керек.
– Жапонияда жылқы етінен әзірленетін тағамның елуден астам түрі белгілі. «Ет жемейді, балықпен, көк-сөкпен ғана күнелтеді» деген жапондар жылқының пайдасын бүге-шігесіне дейін зерттепті. Ал біз Қамбар атаның қадірін қазақтан артық ешкім білмейді деп мақтанамыз. Оның пайдасын ескеріп жүрміз бе? Әлде, жылқы етін қалай жеуді де өзгелер үйретуі керек пе? – деп қынжылады жапонтанушы Шарафат Жылқыбаева.
Әрине, әркімнің өз пікірі өзіне. Негізі, қазақ халқы жылқы етіне бекерден-бекер құмар емес. Ата-бабамыз қымыздың құрт ауруына (туберкулез) мың да бір ем екенін есте жоқ ескі заманда байқаған. Жылан шаққан адамға аттың терін ішкізген. Судың тұнығын жүзіп жүріп ішетін, шөптің асылын теріп жейтін жануарды бүгінгі ғалымдар да қатты бағалайды. Жылқы еті талма ауруына шалдықтыратын қандағы холестерин мөлшерін төмендетіп, қан қысымының көтерілуін тежейді. Ұмытшақтық ауруына қарсы тағам ретінде де пайдалы. Жылқы етінің құрамында сегіз түрлі микроэлемент, жеті түрлі дәрумен кездеседі. Әсіресе, темір, мыс микроэлементтеріне бай. Бүйректі емдегенде жылқы етін қақтап пісіріп, сүтпен бірге ішіп-жейді. Ағза жасушаларын жаңартатын, бойға күш-қуат құятын қасиетін де мамандар дәлелдеген. Жүрек пен қан-тамыр ауруларына дауасын шетелдік дәрігерлер растайды.
Германияның Вердер қаласында жылқы байлап, еті мен сүтін емге қолданатын шипажай ашылған. Бүгінде француз дәрігерлері науқастарға арнайы қаптамаға оралып, дәріханаларда өлшеп сатылатын жылқы етін жеуді ұсынады.
Биыл жылқы шаруашылығына көрсетілетін субсидия көлемі көбейді. Салалық бағдарлама бойынша мал шаруашылығының тиімділігін 40 пайыз арттыру көзделген. Жергілікті асылтұқымды жылқыны сатып алуға 100 мың теңге субсидия қарастырылған. Бұрын бұл субсидия көлемі 40 мың теңгеден аспайтын. Сондай-ақ инвестициялық субсидия арқылы қажетті құрал-жабдық сатып алуға 50 пайызға дейін қаржылай көмек көрсетіледі. Жылқы шаруашылығымен айналысатын және қолға алуға ынталы азаматтар үшін етті-сүтті бағыттағы жылқы (биелер) санын ұлғайтуды қамтамасыз ету мақсатында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның «Құлан» бағдарламасы құрылған. Несие сомасы – 15 млн теңге, мөлшерлемесі – 14 пайыз. Негізгі борышты өтеуге 36 ай жеңілдік беріледі. Міне, төрт түліктің патшасын бағамын дейтін шаруаларға мемлекеттің осындай қолдауы бар. Тек экспорттың аздығы қолбайлау болмаса...