Министрліктің қатысы бар ма?
Кей жауаптылар дәрігерлердің көше бойында тізіліп тұруын «құрмет» көрсету нышанына балапты. Ал көпшілік бұған келіспейді. «Ауруханада науқастар өмір үшін күресіп жатқанда, бұл дұрыс емес» дегендер жетерлік. Біз де осы көпшіліктің пікірін құптар едік. Себебі ауруханаға дәрігерлер жетіспей жатқанын Денсаулық сақтау министрлігі мен өңір басшылары талай мәрте жар салып айтқан болатын. Енді келіп көше бойына ақ халаттылардың көшін түзуді қандай «құрметке» теңеуге болатыны түсініксіз. Ал бұл шараны ұйымдастыруға бұйрық берген кім? Әуелі осы шараға қатысты деректерді беріден бастап тізсек. 15 шілде күні Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова дау тудырған шараға байланысты жауап берген еді. – Министрлік індет құрбандарын еске алуға арналған мұндай флешмобқа бастамашы болған емес. Дәрігерлердің флешмобқа шығуы туралы бастама Медицина қызметкерлері қауымдастығы тарапынан болған. Министрлік ретіндегі біздің міндетіміз – санитарлық-эпидемиялогиялық режимнің сақталуын қамтамасыз ету. Біз адамдар арасында қандай әлеуметтік арақашықтық болу керегін, бетперде тағу тиіс екенін еске салдық, – деді вице-министр. Сонымен қоса, ол флешмобқа бастама жасаған адамдарды жазалау қарастырылмағанын айтқан болатын. «Меніңше, бұл жерде жазалау жайлы мәселе болмауы керек» деген еді. Демек, вице-министр дәрігерлердің аурухананы тастап, 40 градус ыстықта көше бойында тұрғанын оғаш көрмейтін сыңайлы. Бұл тұста тағы да бір түсініксіз жайт бар. Кім таратқаны белгісіз, әлеуметтік желі қолданушылары оқиғаны талқылай бастаған кезде вице-министр Людмила Бюрабекованың «аза тұту күні дәрігерлер 2 метр арақашықтық сақтап, құрбандарды 1 минут үнсіздікпен еске алсын» деп жазылған бұйрығының мәтіні мен суреті тарады. Және бұл шара бір ғана Шымкентте емес, барлық өңірде ұйымдастырылу керегі көрсетілген (әлеуметтік желіде басқа да қалаларда дәрігерлердің көшеде тізіліп тұрған суреттері жүктелген). Енді жоғарыдағы вице-министрдің сөзіне қайта назар салсаңыз, «адамдар арасында қандай әлеуметтік қашықтық болу керегін еске салдық, жазалаудың қажеті жоқ» деген сөздер тұр. Яғни, бұйрықты расымен министрліктің өзі шығарғанға ұқсайды. Әрине, бұл күмән ғана. Ал аталған сәйкестік оны сейілтпесі анық.Әкімшілік қайтіп ақталды?
Дәрігерлер «флешмобы» тек Шымкент қаласында емес, аудандар да өткен сияқты. Тек аудан әкімдіктерінің сайтын ашсаңыз, «мемлекеттік қызметшілер мен дәрігерлер құрбандарды 1 минут үнсіздікпен еске алды» деп жазылған және жүктелген бейнетаспадан шаршы құрап тізіліп тұрған дәрігерлерді байқайсыз. Демек, бұл шараны әкімдік те ұйымдастыруы мүмкін. Ал Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов «флешмоб Түркістан облысына қарасты туберкулез диспансері бас дәрігерінің бастамасымен өткенін» жеткізді. Бірақ осы жолы да жергілікті атқарушы билік флешмоб ұйымдастырған бас дәрігердің жазаланбайтынын айтады. – Басында ақпарат жеткіліксіз болды. Дәрігер медицина қызметкерлері қауымдастығының шақыруына қосылып, бұл әрекетті ұжыммен келіскені анықталды. Сондықтан озбырлық деп жазалауға болмайды, – деп қысқа қайырды Сәкен Қалқаманов. Шара дәрігерлердің келісімімен өтіп, оған әкімшіліктің қатысы жоқ болса, неліктен әкімшілік сайттары Аза тұту күні дәрігердің қаз-қатар тізіліп тұрған бейнетаспасын жүктеген? Қайткен күнде де бір шикіліктің бары анық. Айтпақшы, қоғам наразылығы күшейген шақта, 14 шілде күні аты-жөнін айтпаған егде жастағы дәрігердің видеосы жарияланды. – Біз ешқандай флешмоб өткізген жоқпыз. Бұл – коронавирус инфекциясынан қайтыс болған медицина қызметкерлерін еске алу акциясына арналған шара болатын. Флешмоб өткізді деген жаңсақ ой-пікірден аулақ болуларыңызды сұраймын, – деген еді дәрігер. Бірақ бейнетаспа өртті өршітпесе, өшіруге себеп болған жоқ. Керісінше, желі қолданушылары «дәрігерге біреулер әдейі айтқызған» деп пікір білдірді. Осылайша, «артық қыламын деп, тыртық қылғанның» кебі болғаны жасырын емес. Негізінде, дәрігерлердің індет құрбандарын еске алуына ешкімнің қарсылығы жоқ. Дау туған тұс – мыңдаған науқас арпалысып жатқан кезде дәрігерлердің көше бойында тұруы. Және бұл бір ғана қалада емес, шамалауымызша, еліміздің барлық өңірінде өткен шара. Соңғы ресми дерекке жүгінсек, Түркістан облысында коронавирус жұқтырғандар 6,5 мыңнан асып кетіпті. Бір ғана Шымкент қаласының өзінде 2 300-ден астам науқас тіркелген. Сонда Аза тұту күні дәрігерлер көшеде жүрсе, науқастарды кім бақылаған? Қорыта айтсақ, маңызды саланың мамандарын әбігерге салғандар жазасыз қалды. Дәрі-дәрмек тапшылығы, дәрігер жетіспеушілігі онсыз да айтылды. Ал тапшы дүниенің бәрін, осылайша өзіміз қолдан жасап жүрген шығармыз…Мадияр ТӨЛЕУ