Жерлеуге де жер жетпейді
Жерлеуге де жер жетпейді
264
оқылды
Кейіпкеріміз Ольганың (аты-жөні өзгертілді –авт.) 13 күн бұрын күйеуі пневмониядан қайтыс болған. Олар Алматыдағы жерлеу агенттіктерінің бірінде жұмыс істейді. Ольга жұбайының жұма күні жұмысқа барып, сенбі күні аяқастынан қайтыс болғанын айтады. Күйеуінің өкпесі 80 пайыз жұмысын тоқтатқан. 2 баламен жесір қалған әйел мәйітхана мен жер­леу рәсімі туралы баяндап берді. «Мәйітханада бір күнде 100-ге жуық өлім тіркеледі. Мұны күйеуімнің денесін алуға барғанда байқадым. Кезек көп. Герметикалық қапқа салып, ашпауым керегін түсіндірді. Дәрігерлердің айтқанын орындап, мүрдеге жақындаған жоқпыз. Христиандарда 9 күн еске алу рәсімін өткізу керек. Жағдайға байланысты туыстарға әркім үйін­де еске алуын өтіндім. Жерлеу рәсімінде бәріміз қашықтық сақтап, медициналық бетперде кидік», – дейді Ольга. Қазір ол жұмысқа қайта кіріскен. Бұрын мәйітті алуға, жерлеу рәсімін орындауға қыз­меткерлермен бірге баратын. Күйеуі қайтыс болған соң телефон қоңырауларына жауап беруді өз мойнына алған. Оның айтуынша, агенттікке күніне 300-ге жуық қоңырау түседі. 80-ге тарта тапсырыс қабылдайды. Қалада өлім-жітім көп болғандықтан,  жерлеу агенттігі арқылы 2 күн бұ­рын келіскен жөн екенін ескертті. «Қаладағы мәйітхана алдында кезекте тұрғанымда Таразға кетуге асығып тұрған жұпты кездестірдім. Олар ертемен кезекке тұрған. Тізім дайын болғанымен, мүрдені қолдарына бермепті. Машина жалдаған екен, күткендеріне 4 сағат болған.  Осыдан-ақ қазіргі ахуалды бағамдай беріңіз. Бұрын агенттік күніне 30 шақты жерлеу өткізетін. Қазір өлім жағдайы көп. Сондықтан біз жер қазып үлгермейміз», –  дейді Ольга. Агенттік қызметкері қалада жер қазатын катафалк жетіспей жатқанын айтты. Олар транспортты күніне 60 мың теңгеге жалдайды. Адам күші мен техниканы жұмылдырғанның өзінде жер қазу барысында қиындық туатынын атап өтті. «Бәріңізге мәлім, жер қа­зып үлгермей жатырмыз. Тех­никаның өзіне қосымша күш керек. Жер жетіспей жатқаны тағы бар. Агенттікке күніне 30 адам өтініш береді. 80-ге жуық мүрдені жерлейміз. Бәрі санитария талабына сай өтеді. Баға да күн сайын мың құбылады», – дейді агенттік қызметкері. Иә, жерлеу рәсімін өткізетін орталықтарда бағаның да түрлі-түрлі екенін байқадық. Дін талаптарына байланысты баға да өзгереді екен. Мәселен, Ольга жұмыс істейтін агенттікте мұсылман адамды  100 мың теңгеге, христиан жоралғысын жасап шығарып салу құны – 200 мың теңге.  Аталған қызмет көрсету орны мүрдені «коронавирустан, пневмониядан қайтыс болған» деп категорияға бөлмейді. Мұны не үшін айтып отырмыз? Өйткені қазір кей жерлеу бюросында мәйіттің неден қаза болғанына байланысты баға өзгереді. Елордадағы Latonit.kz жерлеу әдебіне сай қызмет көрсететін агенттікке қоңырау шалып, бағасын сұрап көрдік. Қызметкердің айтуынша, COVID-19 инфек­циясынан көз жұмған адамды жерлеу – 200 мың теңге, пнев­мониядан қайтыс болғандарды 120 мың теңгеге жерлейді. Ал басқа да агенттіктерде баға 350 мың теңгеден асып жығылады. Яғни, жағдайға байланысты тұрақты баға жоқ. Ал бағаның күрт өсіп кеткеніне халық наразы. Жер қазу құнының 2 есе көбейіп кеткені бар. Оған қоса,  рәсімге қатысу үшін арнайы қорғаныс киімін сатып алу құны 7 мың теңгеден басталады. Кейбір өңір мен елді мекенде жер қазуға орын мен адам күші жетпей жатыр. Әсіресе, оңтүстік пен батыста ауырып жатқан халық көп. Салдарынан,  ауырып жатқан адам мен өлім көбейген. Мәселен, сұрастыра келе Шымкентте жер қазу жұмысына 25 мың теңгеден бастап ақы алатынын білдік. Жер қойнына тапсырамыз деп мүрдені алған кейбір азаматтар герметикалық қапты елемей жатыр. Жақынын жуындырып, салт бойынша қойғанын қалайды. Осындай олқылық орын алмауы үшін мәйітхана қызметкерлері қолхат жаздыруды қолға алыпты. Кейіпкеріміз Алмас (аты-жөні өзгертілді-авт) әкесінің мүрдесін алғанда «қапты ашпаймын, мәйітті дер кезінде жер қойнына тапсырамын» деп қол қойып берген. Ауылына келген бетте қызметкерлердің айтқанын істеп, мәйітті  аулада бөлек шатырға қойып, үй іші алыстан қоштасқан. Уәдесіне сай қапты жыртпай, жерлеген. Осы орайда,  әлеуметтік желіде қайтыс болған адамның туысы екенін тексеру үшін ашу керек дейтіндер табылады. Олар мәйітті тексеріп, бетін ашып көру керек екенін айтады. Ал дәрігерлер мұның мүлде дұрыс емес екенін алға тартады. Герметикалық қапқа саларда мүрдеге толық дезинфекция шарасын жүргізеді. Бұл келесі адамға вирус жұқпауына сеп болады екен. Профилактика шарасын бұзбау үшін дәрігерлер қапты ашпауға кеңес береді. Мүрдені қоюға жер жетпей жатқанына келсек, Нұр-Сұлтан қаласы аумағына жақын Қараөткел, Күйгенжар, Қоянды зиратында жер қазып жатқан адам мен техника баршылық. Бара-бара жер жетпей қалатынын байқайсың. Кеңсай мен Батыс деп аталатын зираттағы ахуал да осыған саяды. Жерлеу орындары жетіспей жатыр. Өңірлердегі зиратта да жағдай осыған шамалас. Жоғарыдағы жағдайдың жай-жапсарын сұрау үшін Алматы және Нұр-Сұлтандағы мәйітханаға қоңырау шалдық. Алматыда 6 мәйітханамен байланысуға тырысқанымызбен, Қалқамандағы №1 мәйітхана ғана тұтқаны көтерді. Олар сауалымызға толық жауап бермегенімен, кезек едәуір азайғанын атап өтті. Нұр-Сұлтандағы жағдай да осыған ұқсас екен. Иә, қазір кез келген ортада әңгіме «иманды болсын» тіркесімен басталады. Коронавирусты былай қойғанда, күніне пневмониядан қайтыс болатындардың нақты саны белгісіз. Статистикалық мәлімет жоқтың қасы. Ал естіп, көріп жатқан өлім-жітім көп. Сәйкесінше, жерлеу агенттіктері бағаны көтеріп, халықтың қалтасына салмақ түсіп жатыр. Осыған қарап ел арасындағы «өлудің өзі ақылы» сөзінің жаны бардай.  

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ