Атырауды «сасық» иіс те өкпеден қысып тұр
Атырауды «сасық» иіс те өкпеден қысып тұр
Екі аптаға жуықтады,  Атырауда  түн болса, ауаны сасық иіс жайлайтын болды.  Иістен бас ауырып, аллергия пайда болған, тіптен  көз ілу мүмкін емес. Әлеу­меттік желіде де дабыл қағып жатқан адамдар  өте көп. Өңірдегі Экология департаменті «Қазгидромет» филиалымен бірле­сіп, қаладағы ауа сапасына мониторинг жүргізді:  ластаушы заттардың рұқсат етілген шекті нормадан асқанын анықтамады.  Алайда 12 шілдеде мониторинг стансалары күкіртсутектің шекті нормадан асқанын тіркеді. Лас­тау­шы да анықталған. Ол –  қала­ның сол және оң жақ бөлігінде орналасқан булану алаңы. Атыраудағы  ахуалға байланысты  Экологиялық  реттеу комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов ресми мәлімдемесінде «Атырауда шаруашылық сарқындылары төгілетін «Сасықсай» жинақтағыш-буландыру алаңы бар екені баршаға мәлім. Ол жерге 80 пайыз «Атырау облысы су арнасы» КМК және 20 пайыз Атырау мұнай өндеу зауыты қалдық  төгеді. Оның бәрі дерлік тазартусыз шығарылады. Қапырық ыстықта және жел болмаса ауада қатты білінеді. Атырау билігі жаңа кәріз тазарту құрылғыларын салу кестесі бойынша көп қалыс қалуда, ол өткен жылдың қарашасында аяқталуы тиіс болатын.  Бұл –  миллиардтаған қаржыны қажет ететін жоба.  Ол іске қосылған кезде қалдықтар тазартылады. Екінші кезеңде «ҚазМұнайГаз» бен жергілікті бюджет есебінен пайдаланылған жинақтағыш қалпына келтіріледі» деген болатын. «Атамекен ЭКО» қоғамдық қорының төрағасы Арман  Хай­руллин өз пайымын айтып отыр. Оның айтуынша, 8 шілдеден бастап, Атырау мұнай өндеу зауытында күрделі жөндеу жұмыстары жүргі­зілуде. Қазір халық сезіп отырған сасық иіс 2017 жылы осы зауыт жөндеуге тұрған кезде де болған. – Шілденің 8-9 күндері ауада сасық иіс пайда болып, тұрғындар шағым айта бастады. 9 шілде күні сағат 04.30-да Aerocual Series-500 портативті газоаннализаторымен қаланың «Балауса» ықшам­ауданында ауа құрамында кү­кірт­сутегінің концентрациясы бойын­ша мониторинг жүргіздім. Нәтижесінде,  осы газдың  елді мекендерде  рұқсат етілген шекті нормадан 16 есе асқанын көрдім.  Жел шығыс, солтүстік  шығыс бағыттан  болды. Демек,  сасық иіс «Сасықсай» атты буланы алаңынан шықты,  – дейді А.Хайруллин. Атырау мұнай өндеу зауыты «рұқсат етілген шекті төгінділердің  шамадан асып кетуі тіркелген жоқ» деп ақпарат берді. Зауыттың баспасөз қызме­т­і­нің  мәліметінше, «Атырау МӨЗ» ЖШС зауыттың санитар­лық-қорғаныс аймағының шека­ра­сында орналасқан ауаның са­па­сын басқарудың төрт авто­маттандырылған стансасына ие. Бұл автоматты стансалар тәулік бойы ауаны ластаушы заттардың,  соның ішінде күкіртсутектің мониторингін жүргізеді. Аталған автоматты  стансаларда  2020 жылдың 8-9 шілдесінде санитарлық-қорғаныс аймағының шекарасында зауыт тарапынан күкіртсутектің рұқсат етілген шекті төгінділердің  шама­дан асып кетуі тіркелмеген. Ағымдағы жылдың 1-3 шілде аралығында зауыт мұнай өнімдерін терең күкіртсіздендіру өңдірісінің АВТ қондырғысын және мұнай­ды терең өңдеуге арналған 15 технологиялық қондырғыны кезең-кезеңімен тоқтатқан. Мұнай өңдеу 14,300 мыңнан 6 мың тоннаға дейін азайтылды.  Зауыт қазір штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Қалай десек те, сасық иіс бар, бірақ оның  қайдан шығып жатқаны туралы нақты дерек  жоқ. Бұл іске облыстық Табиғат қорғау прокуратурасы да назар аударды. Атырау қаласында күкірт­сутегінің шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кету бойынша Табиғат қорғау прокуроры  А.Қасымовтың хабарлауына сәйкес, ағымдағы жылдың 2-14 шілде аралығында Атырау қаласының ауа құрамында күкіртсутегінің нормадан асып кетуі тіркелген. Прокуратура органдары  ауа сапасына мониторинг жүргізетін автоматты стансалардың мәліметін зерделеу нәтижесінде, Экология департаментіне, «Қазгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалына, Тауарлар мен көрсе­т­і­летін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау де­партаментіне және жергілікті ат­қар­ушы органға күн сайын түнгі уақытта ауаның сынамасын алу, қалдықтардың көзін анықтау және кінәлі тұлғаларға қатысты заңнамада көзделген шара  қабылдау тапсырылды. Мұны Атырау облысы  про­куратурасы өз бақылауына алып отыр. Шешім қалай боларын уақыт көрсете жатар. Бізге керегі – елдің денсаулығы.  

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы