Екі аптаға жуықтады, Атырауда түн болса, ауаны сасық иіс жайлайтын болды. Иістен бас ауырып, аллергия пайда болған, тіптен көз ілу мүмкін емес. Әлеуметтік желіде де дабыл қағып жатқан адамдар өте көп.
Өңірдегі Экология департаменті «Қазгидромет» филиалымен бірлесіп, қаладағы ауа сапасына мониторинг жүргізді: ластаушы заттардың рұқсат етілген шекті нормадан асқанын анықтамады. Алайда 12 шілдеде мониторинг стансалары күкіртсутектің шекті нормадан асқанын тіркеді. Ластаушы да анықталған. Ол – қаланың сол және оң жақ бөлігінде орналасқан булану алаңы.
Атыраудағы ахуалға байланысты Экологиялық реттеу комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов ресми мәлімдемесінде «Атырауда шаруашылық сарқындылары төгілетін «Сасықсай» жинақтағыш-буландыру алаңы бар екені баршаға мәлім. Ол жерге 80 пайыз «Атырау облысы су арнасы» КМК және 20 пайыз Атырау мұнай өндеу зауыты қалдық төгеді. Оның бәрі дерлік тазартусыз шығарылады. Қапырық ыстықта және жел болмаса ауада қатты білінеді. Атырау билігі жаңа кәріз тазарту құрылғыларын салу кестесі бойынша көп қалыс қалуда, ол өткен жылдың қарашасында аяқталуы тиіс болатын. Бұл – миллиардтаған қаржыны қажет ететін жоба. Ол іске қосылған кезде қалдықтар тазартылады. Екінші кезеңде «ҚазМұнайГаз» бен жергілікті бюджет есебінен пайдаланылған жинақтағыш қалпына келтіріледі» деген болатын.
«Атамекен ЭКО» қоғамдық қорының төрағасы Арман Хайруллин өз пайымын айтып отыр. Оның айтуынша, 8 шілдеден бастап, Атырау мұнай өндеу зауытында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазір халық сезіп отырған сасық иіс 2017 жылы осы зауыт жөндеуге тұрған кезде де болған.
– Шілденің 8-9 күндері ауада сасық иіс пайда болып, тұрғындар шағым айта бастады. 9 шілде күні сағат 04.30-да Aerocual Series-500 портативті газоаннализаторымен қаланың «Балауса» ықшамауданында ауа құрамында күкіртсутегінің концентрациясы бойынша мониторинг жүргіздім. Нәтижесінде, осы газдың елді мекендерде рұқсат етілген шекті нормадан 16 есе асқанын көрдім. Жел шығыс, солтүстік шығыс бағыттан болды. Демек, сасық иіс «Сасықсай» атты буланы алаңынан шықты, – дейді А.Хайруллин. Атырау мұнай өндеу зауыты «рұқсат етілген шекті төгінділердің шамадан асып кетуі тіркелген жоқ» деп ақпарат берді.
Зауыттың баспасөз қызметінің мәліметінше, «Атырау МӨЗ» ЖШС зауыттың санитарлық-қорғаныс аймағының шекарасында орналасқан ауаның сапасын басқарудың төрт автоматтандырылған стансасына ие. Бұл автоматты стансалар тәулік бойы ауаны ластаушы заттардың, соның ішінде күкіртсутектің мониторингін жүргізеді. Аталған автоматты стансаларда 2020 жылдың 8-9 шілдесінде санитарлық-қорғаныс аймағының шекарасында зауыт тарапынан күкіртсутектің рұқсат етілген шекті төгінділердің шамадан асып кетуі тіркелмеген.
Ағымдағы жылдың 1-3 шілде аралығында зауыт мұнай өнімдерін терең күкіртсіздендіру өңдірісінің АВТ қондырғысын және мұнайды терең өңдеуге арналған 15 технологиялық қондырғыны кезең-кезеңімен тоқтатқан. Мұнай өңдеу 14,300 мыңнан 6 мың тоннаға дейін азайтылды. Зауыт қазір штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Қалай десек те, сасық иіс бар, бірақ оның қайдан шығып жатқаны туралы нақты дерек жоқ. Бұл іске облыстық Табиғат қорғау прокуратурасы да назар аударды.
Атырау қаласында күкіртсутегінің шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кету бойынша Табиғат қорғау прокуроры А.Қасымовтың хабарлауына сәйкес, ағымдағы жылдың 2-14 шілде аралығында Атырау қаласының ауа құрамында күкіртсутегінің нормадан асып кетуі тіркелген.
Прокуратура органдары ауа сапасына мониторинг жүргізетін автоматты стансалардың мәліметін зерделеу нәтижесінде, Экология департаментіне, «Қазгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалына, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне және жергілікті атқарушы органға күн сайын түнгі уақытта ауаның сынамасын алу, қалдықтардың көзін анықтау және кінәлі тұлғаларға қатысты заңнамада көзделген шара қабылдау тапсырылды.
Мұны Атырау облысы прокуратурасы өз бақылауына алып отыр. Шешім қалай боларын уақыт көрсете жатар. Бізге керегі – елдің денсаулығы.