Айырқалпақты ағайын неге бүлінді?
Айырқалпақты ағайын неге бүлінді?
171
оқылды

Қырғыз елінен тағы бүлік шықты. Бұл жолы Алмазбек Атамбаевты ұстамақ болған әскерилер мен экс-президент жақтастары арасында қақтығыс болды. Ахуалға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз ұстанымын жеткізді. Президент көрші елдегі жағдайдың жуық арада заң аясында шешімін табатынына сенім білдірді.

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тағы парақшасында бұл жай­­лы: «Қазақстан Президенті Қыр­ғыз­стан­дағы болып жатқан жағдайды мұқият ба­қылап отыр. Мемлекет басшысы бауыр­лас көрші елдегі ахуал Қырғыз Респуб­ли­ка­сының ішкі шаруасы деп есептейді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдай жуық арада елдің қолданыстағы заңы аясында ше­шілетініне үміттенеді» деп хабарлады.

Айырқалпақты ағайын бұл жолы неге бас көтерді? Көрші елдегі жағдайға бай­ла­ныс­ты саясаттанушылардың пікірі қан­дай? Олар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қыр­ғыз еліндегі саяси дағдарысқа қатысты ұс­танымын қуаттады.

Саясаттанушы Расул Жұмалының пі­кірінше, Қырғыз еліндегі жағдай – сенімді саяси жүйе қалыптаспағанының көрінісі. «Осыдан екі жыл бұрын әлгі Атамбаевтың Қа­зақ басшылығына қатысты айтқан ауыр сөз­деріне өшігуге де болар еді. Алайда бай­салды саясат басымдықты жекелеген тұл­ғаларға емес, халыққа, оның амандығы мен игілігіне бергені қашан да дұрыс. Екін­шіден, Қырғызстандағы кезекті шие­леніс бұнда толыққанды тұрақтылық, се­нім­ді саяси жүйе қалыптаспағанын көр­сетеді. Бұл революция болғанның ертеңіне жаймашуақ күн орнай салады деушілерді ойландырған жөн. Қарап отырсақ, Қыр­ғызда революция болғаннан бері 14 жыл өтіпті. Онысы екінші революцияға ұласты. Қаншама адам жапа шекті. Ахуал орнығу орнына айырқалпақты ағайын солтүстік пен оңтүстік болып бөлініп тоз-тозы шық­ты. Орталық биліктің әлсіздігінен түрлі клан­дар, қылмыстық топтар мен ради­кал­ды діни ағымдар салтанат құрған. Еңбекке қа­білетті әрбір екінші азамат шетелде ма­лайшылықпен жүр. Демек, елдегі түйт­кілдерді жарылысқа жеткізбей дер кезінде ше­шіп отыру, саяси дәстүр мен мәдениет қа­лыптастыру маңызды. Мұны, ең ал­ды­мен, би­лік түсіну керек. Өз елінен қашқан Қыр­ғыз­дың бір президенті Ресейді, екін­шісі Беларусты паналағаны, енді тағы бірі сотты болуы сабақ алатындай-ақ тәжіри-бе» дейді Расул Жұмалы.

Қырғыздағы жағдайдан сабақ алу ке­рек деген пікірді саясаттанушы Ерлан Саи­ров та қолдап отыр. Оның айтуынша, ре­форма, өзгеріс қажет, алайда ең бастысы елдің тұтастығы мен жұрттың та­тулығы бұ­зыл­­мауы тиіс.

«Өзгеріс пен тұрақтылықтың арасын­дағы теңгерімді сақтау маңызды. Жұрт саяси нигилизм мен охлократияға қарай сыр­ғымауы керек. Бүкіл әлемде атқарушы, заң және сотқа қатысты билік институт­тарын қалыптастырып, дамыту қажет. Ха­лық пен ұлттың тағдыры билік тағына отыр­ған жекелеген тұлғалардың қисын-­сыз істерінен жапа шекпеуі тиіс. Тіпті олар ұлттың алға басуына таудай үлес қосса да, қателесуі бек мүмкін. Тек институттар ғана жаңылыспай, субъективті пікір ұстанады» дей келе, Қазақстан да эволюциялық про­цес­ке ілесіп, билік институттарын дамыту ке­рек дегенді баса айтты.

Тарихшы Берік Әбдіғали болса, бұл жағдайды көрші елдегі демокартияға деген теріс түсінік қалыптасқанымен түсіндірді. «...Кезінде қырғыз елін азамат соғысынан аман алып қалу мақсатында Бакиевті Минскіге ұшырып жіберуге себепкер бол­ған едік. Бұл жолы да Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев еліміздің атынан өз алаңдау­шы­лығын білдірді. Әрине, бұл – Қырғыз­стан мемлекетінің ішкі мәселесі. Бірақ көрші елде теріс үрдіс қалыптасып келеді – де­мократиялық жолмен сайланған прези­дент­тері еліне қиянат жасауы, сосын оның қудалануы... Сонда демократияның мәні неде? Халықтың бақылауы қайда? Мүмкін осылай-осылай келесі президенттері тиіс-ті қорытынды жасап, еліне адал қызмет
етер», – дейді Берік Әбдіғали.

Айта кетейік, 7 тамыз күні кешкісін Қыр­ғызстанның арнайы жасағы экс-пре­зидент Алмазбек Атамбаевты ұстау бойын­ша арнайы операция бастады. Қой-Таш ауылындағы үйінде жүргізілген операция нәтижесінде экс-президент жақтастары мен әскерилер арасында қақтығыс болып, жал­пы саны 80-ге жуық адам түрлі дең­гейде жарақат алды, 1 адам қаза тапты. Қа­зір­гі уақытта Атамбаев құқық қорғау ор­гандарына өз еркімен берілді.


Серік САДЫР