Жауапсыздық жауапкершіліктен құтқармайды
Жауапсыздық  жауапкершіліктен құтқармайды
307
оқылды

Адресіне арыз-шағым көп түсетін ведомствалардың бірі – Ішкі істер министрлігі. Содан да болар Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық қабыл­дау бөлмесінде азаматтардың шағымын тыңдаған Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың қабылдауына келген халықтың қарасы көп болды.

Бас полицейдің қабылдауында бей­небайланыс арқылы Шығыс және Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарымен қа­тар Алматы және Шымкент қала­лары­ның тұрғындары да шағымдарын жет­кізді. Азаматтардың арыз-шағымдары түрлі сипатта. Бірі тергеудің дұрыс жүр­гі­зілмегеніне, бірі істің созбалаңға са­лынғанына, енді бірі сот шешіміне на­разы. Дегенмен арыздардың дені қыл­мыстық істерді жүргізген тергеушілердің әре­кеті мен әрекетсіздігіне қатысты бол­ды. Қылмыстық істердің қысқаруы не­месе қылмыс құрамы жоқ деп табы­лып, азаматтық іс ретінде сотқа жол­дануы­на наразылық білдіргендер Nur Otan партиясы ұсынған алаңда ми­нистрдің өзіне тікелей арызданды.

Nur Otan-ға әділдік іздеп келген та­раз­дық тұрғын Ескендір Тұрысбеков по­лициядан зәбір көргенін жеткізді. Оның айтуынша, Тараз қаласындағы Ішкі істер бөлімінің бұрынғы бастығы қарамағындағы қызметкерлердің қа­тысуымен болған жол апатын жасырып қалып, «шығынды өтеп береміз» деп сендірген. Бірақ полицейлер көп ұзамай сөзінен айнып, шығынды өтеп бермек түгілі жәбірленушінің өзіне қоқан-лоқы көрсетіпті. Енді Е.Тұрыс­беков министр­ден осы іс бойынша әділ тергеу жүргі­зілуін сұрады. Өз кезегінде министр істің мұқият тек­серіліп, полиция тарапынан қандай да бір заңбұзушылық анықталса, оған қа­тысты міндетті түрде шара қол­данылаты­нын айтты.

Ішкі істер министріне шағым айта кел­гендердің арасында Павлодар об­лы­сынан келген азаматтар саны көп болды. Мәселен, Екібастұз қаласының тұрғыны Найляна Имашева полиция қызметкер­лері­нің салғырт әрекетіне шағымданды. 2018 жылдың 1 желтоқсанында үйінің бо­сағасында тұрған газ баллон жарылып, бү­кіл отбасы жапа шеккен. Ал газ баллон бірнеше сағат бұрын ғана жанармай бекетінде толтырылып, пайда­ла­ныл­маған күйі тұрған.

– Газ баллоны жарылғаннан кейін үйі­­міз өртеніп, анамның денесінің 95 пайызын, әкем екеуміздің денеміздің 73 пайызын күйік шалды. Ал 4 жастағы қызымның 60 пайыз денесі күйіп қалды. Бізді аурухананың жансақтау бөліміне жет­кізді. Анам арада үш тәулік өткен соң, ал әкем 10 желтоқсанда қайтыс бол­ды. Қызым екеуміз жарымжан болып қал­дық. Үйіміз жанып кетті, – дейді Н.Имашева.

Полицейлер Қылмыстық ко­дек­стің 204-бабы бойынша, яғни «Бө­тен­нің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру» фактісімен іс қозғаған. Н.Има­шева екі бірдей адам қаза тауып, екі адам мүгедек болып қалғанына қара­мас­тан, по­лицей­лердің 204-бап бойынша іс қозғағанына, тіпті оны азаматтық іс ре­­тінде сотқа жол­дамақ болғанына ша­ғымданды.

Бұл іс бойынша министрліктің тергеу департаменті тексеру жүргізіп, аймаққа арнайы тергеу тобы жіберілетін болды. Осы орайда ведомство басшысы Павло­дар облыстық Ішкі істер департаментінің басшылығын қатаң сынға алып, аймақ­тан түскен арыз-шағымдардың жиілеп кеткенін алға тартты.

– Екі адам қайтыс болып, екі адам күйіп қалды. Кінәлілер неге жазаға тар­тыл­майды? Өздеріңіз істі тоқтатып қой­ғансыздар, арнайы сараптама жа­сал­маған, тексеру жүргізілмеген. Жалпы, Пав­лодардағы жұмыстарға көңілім тол­майды. Мұнда сіздер жақтан шағым­мен келетін адам көп. Ешқандай әрекет жоқ. Сіздерде заңсыздықтар орын алып жатыр. Барлық факті бойынша арнайы тек­серу жіберемін, – деді министр Е.Тұрғымбаев.

Сондай-ақ ол бейнебайланыс ар­қылы облыстық департамент өкілдеріне істі тиісті дәрежеде жүргізбеген по­лицей­лерге шара қолдану туралы бұйрық әзір­леуді тапсырды.

Қабылдауға келгендердің арасында мұрагерлік ісі бойынша соттың шығарған ше­шімімен келіспейтіндер, салық және прокуратура органдары қызметкер­лері­нің әрекетіне шағым айтқандар да бол­ды. Бұл мәселеге қатысты жиын соңында ми­нистрдің өзі:

– Қабылдауға келген адамдардың ішінде Ішкі істер министрлігінің құ­зыры­на кірмейтін, прокуратура, сот са­ласына қатысты шағымданғандар да бар. Ішкі істер министрлігі соттың шешімін талқылауға, оған дау айтуға құқы жоқ. Сот шешімін жоғары инстанцияда тұр­ған сот қана бұза алады. Ал Ішкі істер ми­нистрі ретінде менің араласуымды та­лап ететін істерді жеке бақылауыма ала­мын, – деді Ерлан Тұрғымбаев.

Жалпы, қоғамдық қабылдауда 40-тан аса арыз қаралды. Олар сипатына қарай құзырлы органдарға бағытталады. Ал ІІМ құзырына кіретіндері қатаң тексері­ліп, министрлік құрылымындағы жер­гілікті орган басшысының, министрдің назарына алынады.


Клара НАҚЫП