COVID-19: Үндістан мен Ресейден дәрі-дәрмек жеткізілді
COVID-19: Үндістан мен Ресейден дәрі-дәрмек жеткізілді
174
оқылды
Алматы әуежайына COVID-19-ға қарсы дәрі-дәрмек препараттарының кезекті партиясы келді. Кеше Үндістаннан жалпы салмағы 10 тонна болатын медикаменттер тиеген ұшақ келіп қонды. Ал бүгін Ресей Федерациясынан қажетті дәрі-дәрмектер тиеген ұшақ келіп жетті. Алматы әкімдігінің қаланы дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестірушісі Заңғар Сәлімбаевтың хабарлауынша, Ресейден жеткізілген дәрі-дәрмектер арасында балалар мен үлкендерге арналған парацетамол, амоксиклав, меропенен және басқа да өте қажет дәрі-дәрмектер бар. Жалпы, 1 135 000 бірліктегі дәрі-дәрмектер жеткізілді. Үндістан мен Ресейден жеткізілген жүк қаланың дәріхана желісін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ететін дистрибьюторлық компанияларға тиесілі. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша препараттарды дереу рәсімдеу және сертификаттау бойынша барлық жағдайлар жасалған. Дәрілердің еш кедергісіз жеткізілуі қатаң бақылауға алынған. Бұдан өзге, Алматыда дәрі-дәрмектерді жеткізушілерге пайызсыз несие бөлу бойынша 5 миллиард теңге бөлініп, Тұрақтандыру қоры құрылғаны белгілі.
«29 маусымда ірі фармкомпаниялармен, дәріханалар желісімен меморандумға қол қойылған болатын. Осы құжат негізінде қажет дәрі-дәрмектер дер кезіне жеткізілуде. Халыққа керек препараттар тізбесі кеңеюде. Біздің алдағы жоспарымыз – қаланың барлық дәріханаларын дәрі- дәрмектермен қамтамасыз ету», – деді З.Сәлімбаев.
Сондай-ақ ол фармацевтикалық компаниялар қызметкерлері күрделі кезеңде тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын айтты. Алматы әкімдігі жеткізушілерге жан-жақты көмек көрсетуде. Түрлі әкімшілік кедергілер дер кезінде жойылып, көлікпен қамтамасыз ету және басқа да шаралар шұғыл іске асуда. Мегаполис басшылығы фармкомпаниялар, медикаменттер өндірушілер өкілдерімен үнемі байланыста. Жақын күндері қалаға үлкен сұранысқа ие дәрі-дәрмектер тиеген кезекті рейстер келеді. Айдың соңына дейін шамамен 6,5 млн қаптамадағы қажетті препараттар жеткізіледі деп күтілуде. З.Сәлімбаев Ресейден келген жүктің гуманитарлық емес екенін айтты. Мұндағы дәрі-дәрмектер қала дәріханаларына бөлініп беріледі.
«Интернетте гуманитарлық препараттардың сатылғаны туралы жалған ақпараттар тарауда. Бұл шындыққа жанаспайды. Өйткені, гуманитарлық көмек ешқашан жеке дәріханаларға берілмейді, ол тек мемлекеттік ауруханаларға ғана бөлінеді», - деп атап өтті З.Сәлімбаев.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ