Латын әліпбиі лайық болсын десек
Латын әліпбиі лайық болсын десек
518
оқылды
 

Орталық Азияда екі ел қалдық

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Мәдениет және спорт министрлігіне БҒМ-мен бір­лесіп, әліпби жобасын ғалым­дар­мен егжей-тегжейлі талқылау ту­ралы тапсырма бергені есте. – Әліпбиді латын қарпіне кө­шіру туралы тарихи шешімнің қа­­был­данғанына 2 жылға жуықта­ды. Бірақ қарпімізде әлі де олқы­лық­тар бар. Тіл мамандары жаңа әліп­биді жетілдіруі керек. Мәде­ниет және спорт министрі А.Райым­құловаға тиісті тапсырма бер­дім. Алдымызда ауқымды жұ­мыс тұр!, – деп жазды Қ.Тоқаев 2019 жылғы 21 қазанда Twitter парақ­шасында. Ал 2019 жылғы желтоқсан айы­ның басында Мемлекет бас­шы­сы ретінде Германияға тұңғыш сапары қарсаңында Deutsche Welle телерадиокомпаниясына берген сұхбатында ол ел басшы­лығы қарауына берілген латынша әліпби нұсқаларын «сәтсіз» деп бағалады. – Қазақ тілінің латынша қар­пінің 3 нұсқасы ұсынылған-тын. Менің ойымша, үшеуі де сәтсіз. Сондықтан тиісті ведомстволарға латынша әліпбиге қайта оралуды, ғылыми көзқарас танытуды, сөйтіп 2025 жылға қарай осы проб­леманы шешуге асықпай, жан-жақты «қаруланып» келуге тап­сырма бердім, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Ол осы бастаманың Ресейден теріс айналуға бағытталмағанын баса айтты: себебі Қазақстандағы орыс тілі кириллицада қалады. Қ.Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді өр­кендету, қазақ тілін реформалау үшін осы істі бастағанын еске сал­ды. Оның өзге тілдерге қатысы жоқ. – Ғалымдардың айтуынша, ла­тын тілі қазақ тілін шетелде, әсіресе түркі әлеміне  танымал  ете алады. Түрік тілі өткен ғасыр­дың басында-ақ түбегейлі түрде латыншаға көшіп алды. Дәл осы жолға Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркіменстан да түсті. Орталық Азия өңірінде тек Қырғыз рес­публикасы ғана кириллицаны сақ­тауға табандауда. Одан өзге Моңғолия әзірге кириллицада жа­зады, – деді Президент.  Латын графикасындағы қазақ ал­фавитінің бұған дейінгі нұс­қа­сын 2018 жылғы ақпанда Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев бекітті. Ол 32 әріптен тұрады және онда дәйекше-апос­трофтар жоқ. Ал қазақ тіліне тән 6 дыбыс диактриттік белгілер – акут­тар арқылы берілген.  

Латынша әліпбиде үлкен сөздік шығады

Әліпбиді қайта қарау процесі жаһан­ды жайпаған коронавирус пан­демиясына тап келді. Соның ке­сірінен бұл іс тоқырады ма? Мә­дениет және спорт министрі А.Райымқұлованың мәліметінше, тал­қылау және пікір алмасу газет­тер көмегімен – оффлайнда, ин­тер­нет  көмегімен  онлайн фор­мат­та жалғасын тапқан. Жаңа ал­фавитті жетілдіру аясында БАҚ-та 580-нен астам материал жа­рық көрді. Жекелеген таңбалар бойынша 116 материал жария­лан­ды. Бұған дейін латын графикасындағы жаңа әліп­би мәселесімен тек мәдени ведомство ға­на айналысқан. Тиісінше, өз блогына келіп түс­кен осы бағыттағы халық ұсыныстарын Бі­лім және ғылым министрі Асхат Аймағам­бе­тов Ақтоты Райымқұлованың ұжымына жол­дайтын. Алайда финалда қос министрлік тізе қоса қимылдауы тиіс. –  2020 жылғы 2 маусымда Орфографиялық жұ­мыс тобының кеңейтілген отырысы өтіп, сонда әліпби жобасы ғылыми тұрғыдан қайта зерделенді. Содан кейін әдістемелік тұрғыдан қа­ралуы үшін әліпби жобасына берілген ұсы­ныстар Білім және ғылым министрлігіне жол­данды. Енді қос министрлік жұмысты бір­лесе атқаратын болады. Жетілдіру жұ­мыс­тары толық аяқталған соң, түпкі нәтижесі Үкімет жанынан құрылған Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия қарауына ұсынылады, – деді министр А.Райымқұлова. Ұлттық комиссия аясында 4 жұмыс тобы – Орфографиялық, Әдістемелік, Терми­но­ло­гиялық және Техникалық сүйемелдеу топ­тары әре­кет етуде. Жұмыс топтарының қатысуымен бір­неше кеңейтілген отырыс өткізілді. Ол жиын­­дарда әліпбидің бірқатар нұсқасы, кей­бір әріптердің жазылуы мен пернетақтада ор­наласуына қатысты мәселелер пысықталған екен. Бұған қоса, қазақ тілінің әліпбиін латын гра­фикасына кезең-кезеңмен көшіру жө­нін­дегі іс-шаралар жоспарына сай, «Қазақ тілінің ла­тын графикасы негізіндегі жаңа үлкен түсіндірме сөздігін» әзірлеу көзделген. Оған ға­лымдар келесі жылы кіріспек. Жоба 2021-2023 жылдары нысаналы түрде қаржылан­ды­ры­лады деп күтілуде.  

Қоғам қайсысына қарсы?

Ғалымдардың ғана емес, қарапайым ха­лық­тың да ұсыныс-тілектері, сын-ескерт­пе­лері – өте құнды. Бұқара пікіріне құлақ асу – аса маңызды. Негізінен, әліпбиді жетілдіруде тіл­дің табиғаты, әріптердің қолданылу жиі­лігі, халықаралық тәжірибе, техникалық жа­ғы­нан қолданылу тиімділігі ескерілуде. Министрлік және жұмыс топтары қоғам тара­пынан латын графикасына негізделген 30-дан астам салмақты жобаны қарастырды. Жаңа қазақ жазуының тең авторы атанып, тарихта қалуға құлшынғандардың, яғни жоба ұсынушылардың сапалық құрамы да әртүрлі: ара­сында тіл мамандары мен филологтер, тіпті жаратылыстану мен техника ғалымдары да, сонымен бірге жеке азаматтар мен кә­сіп­керлер де бар. Оның ішінде 9 жобаны ғалымдар авторлар­дың тікелей қатысуымен саралады. Жоба ав­­тор­ларына ресми түрде ғылыми-сарапта­ма­лық қорытынды берілді. Экономикалық зерттеуші, блогер Айдос Тай­бекұлы да осы іске атсалысыпты. Ол Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлт­тық ғылыми-практикалық орталығы қоғам талқылағаннан өзгеше нұсқаны тықпалап отыр деген пікір айтады. «Өткенде «Тіл-Қазына» латын гра­фи­ка­сындағы әліпбидің финалдық бір нұсқасын жа­риялады. Дегенмен ол лингвист-ғалым­дар­дың ымыраға келген нұсқасынан түбегейлі өз­гешеленеді. Консенсустық вариантты тал­қылауға қатысқан мамандар да, жұртшылық өкілдері де оң бағалаған болатын. Сол әліпби Мем­­лекет басшысының назарына ұсыны­ла­тын шығар деген сенім болған. Енді «Тіл-Қа­зына» әліпби нұсқасы министрліктің келісімін алуға жіберер алдында өзгертілгенін, соңынан пост-фактум хабарлауда. Бір қарағанда, екі нұсқа бір-біріне ұқсастай. Десек те, алфавиттің ұстын бөлігі өзгеріске түскен. Мысалы, Уу дауыссыз дыбысын білдіретін Ww жойылыпты. Ымыра нұсқада Ыы – Iı, Йй – Үү, Ии/Іі – İі бол­ған. «Тіл-Қазына» Ыы – Yy, Ии/Йй – İі, Іі – Iı деп ұсыныпты. Жіті үңілсек, бұл нұсқа 2019 жылы қайта пысықтауға жіберілген әліп­бидің қателіктерін қайталайды», – дейді А.Тайбекұлы.  

Ә – Ә, Á, әлде Ā?

Мемлекеттік тілді дамыту институтының ат­қарушы директоры, филолог ғалым Би­жо­март Қапалбек БАҚ-та (Abai.kz) жариялаған мақаласында латын әліпбиі бойынша финалға үш жоба шыққанын айтқан болатын. Ғалымдар акуттан (мысалы, á – ә), ум­лауттан (Umlaut, әсіресе неміс тілдеріне тән, Ää, Üü), макроннан (Ә – Ā) және пернетақтадағы әріптерден тұратын бірнеше нұсқаны пысықтапты. «Акут жүйесі қазақ әліпбиін пернетақ­тадағы бар таңбаға сыйдыру үшін алынған еді. Енді «1 дыбыс–1 таңба» принципін ұстанудан, пернетақтада бар таңбамен шектелуден кеткен соң акуттың қызметі жай төбе түрту бо­лып қалды. Ал ондай қызметке кез келген ноқат таңба жарап тұр. Соған қарамастан оны осы уақытқа дейін сүйреп жүргендеріне таңым бар. Екінші жоба – умлаут. Бұл да ноқат жүйесі. Әріптің төбесіне, астына ноқат, сы­зықша қою немесе әріптің өне-бойына қо­сымша басқа да диакритикалық белгілер қойылады. Бұл белгілер ұлттық дыбыстарға классикалық клавиатурада латын таңбалары жетпей қалған кезде немесе дауысты дыбыс­тың ашық, қысаң, екпін түсіре айтылуын біл­діру үшін алынады», – дейді Бижомарт Сейсенбекұлы. Талқылауға ұсынылған екінші жобада мынадай 4 түрлі диакритикалық белгі қолданылған: 1) Ӓ − Ә, Ӧ – Ө;  2) Ğ – Ғ; 3) Ș – Ш; 4) Ƞ – Ң. Қоғам өкілдері мұны да қиынсынады: көзі на­шар көретіндер А мен қазақы Ә-ні ажырата алмай қалады деп қауіптенеді. «А мен Ȁ (Ә) егіз қызды бірдей киіндіріп қойған сияқты. Оларды бірінен-бірін тек тө­бесіндегі шәпкісін көрсек қана ажыра­та-мыз», – дейді төл жобасын ұсынушылардың бірі, математик ғалым Қуантқан Ванов. Филолог Б.Қапалбек үшінші нұсқаны қо­лайлы көреді. «Ноқат басқан кезде ұшып кетсе немесе түспей қалса не болады? «Улы Сталин» болады ғой. Қолмен жазғанда да әр әріптің төбесін түртіп отыру үшін екі қимыл керек (акутқа екі, умлаутқа үш қимыл). Пернетақтадағы 26-ға сыймаған соң, төбесін түрт, астын сыз, әріптің тұла бойына өзгеріс енгіз, бәрібір жасанды таңба шығады. Олар үшін бәрібір қосымша бағдарлама жасалады. Сондықтан мен үшінші жобаны қолдаймын. Ондағы Ә мен Ө, тіпті Ү халықаралық фонетикалық әліпбиде бар. Жетпейтін таңбаны аспаннан емес, осы кеңейтілген латын жүйесінен алу ке­рек. Әрине, Ү мен Ұ-ны кириллицадағыдай қал­­дыруға болмайды. Қазақтың ү және і ды­быстары латынның u мен і таңбаларымен беріл­се, шетел сөздерін тіл жүйесіне икемдеу оңай болар еді: міністір, іністөт, үніберсітет, мүзей секілді», – деді ол. Әйткенмен, үшінші нұсқада оның ке­ліс­пейтін тұстары да бар көрінеді. «Басқа екеуі секілді үшінші жоба да 31 таң­бадан тұрады. Бұл дұрыс емес. Бұрын 42 таң­ба болған, ақырындап-ақырындап, бірте-бір­те 11-і өз үйіріне кетті. Үшеуі қалып қойды (Ф, В, Х). Қазақ тілінің жүйесі үшін бұлар ви­рус, бөтен. Тіл жүйесі, тілдің ішкі заңдары бұларды керек қылып отырған жоқ. Бұрынғы жо­баларда Ц және Ч таңбалары болған. Олар қазір жоқ. Неге? Өйткені оларды саясат сүйреп жүрген еді. Ғылым қабылдамаған соң кетті», – дейді Б.Қапалбек. Ғалымның байламынша, латын қарпіне өту қазақ тілін әлемдік деңгейге шығарады, озық дамушы елдермен жақындастырады. Жаңа әліпбимен тәрбиеленген жас ұрпақ әлем­дік ақпарат кеңістігіне дендей кірігіп, тех­нологияны лезде игереді. Халқымыз әлем­нің халықаралық тілі – ағылшын тілін үй­ренуіне де қуатты серпін береді.  

Елдос СЕНБАЙ