Қарыз өсіп барады
2020 жылдың алғашқы тоқсанында қазақстандықтардың несие бойынша борышы 26 трлн теңгеге жеткен екен. Бұл көрсеткіш 2018 жылдың орта ширегінде, яғни 2 жарым жыл бұрын 6 трлн болған. Сонда осы уақыт ішінде елдің несиелік борышы 4,3 есеге артып шыға келген. Қазіргі уақытта 55 миллионға жуық несие шарты тұр. Жоғарыда айтқан 26 трлн теңгенің 17,6 трлн теңгесі (75 пайызы) бизнес несиеге тиесілі болса, қалған 7,4 трлн теңге бөлшек несиенің еншісінде. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет тарапынан екі қадам жасалғаны белгілі. 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 3 млн теңгеден аспайтын әлеуметтік аз қамтылған топ өкілдерінің 300 мың теңгеге дейінгі несиесі кешірілген болатын. Одан кейін 2020 жылдан бастап табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспағандарға несие беруге шектеу қойылды. Соған қарамастан, қарыз алушылардың борыш көлемі азайған жоқ. Себебі аз уақыт ішінде банктер мен қаржылық ұйымдардан алғаш рет несие алған 580 мың адам тіркеліпті. Ал несиесін төлей алмай жатқандар қаншама. Былтыр қарызын өтей алмай жүргендердің банк алдындағы борышы 1 трлн теңгеге жеткен. Одан бөлек, 90 күн бойы төлемді кешіктірген 1 млн 200 мың адам бары анықталыпты. Пандемия әсерінен көп адам тұрақты жұмысынан қағылғаны талай мәрте айтылды. Сондықтан несиесін кешіктіргендердің саны артуы да мүмкін. Осының әсерінен бе, келеңсіз жағдайлар болып жатыр.Несие де – мұра
Жақында Батыс Қазақстан облысына қарасты Шапай ауылында 42 жастағы ер адам өзіне қол жұмсаған болатын. Мылтықпен өзін-өзі атып өлтірген азамат жанына хат қалдырған. Хатта ол несиесін төлей алмай жүріп, үмітсіздікке бой алдырғанын баяндапты. Бұл елімізде осы уақытқа дейін тіркеліп отырған алғашқы оқиға емес. 4 жыл бұрын Ақмола облысында 22 жастағы полицей дәл осы секілді фактімен өзіне қол салған. Бұл тұста қайтыс болған адамның несиесі кімге жүктелмек? Көпті толғандырған сұраққа жауап іздеп көрген едік. «Банктер және банктік қызмет туралы» Қазақстан заңына сәйкес, несиесі бар адам қайтыс болған жағдайда оның қарызы мұрагеріне міндеттеледі. Яғни, мұрагерлік тек мүлікті ғана емес, борышты да міндеттейді. Дегенмен мұрагер мұраны алудан бас тарту арқылы қарызды төлемеуіне болады. Тағы ескеретін жайт, мұраға қалған мүлік 2 миллионға бағаланып, ал қайтыс болған адамның қарызы 3 миллион болса, мұрагер тек 2 миллион қарызын ғана жабады. Қалғанын төлеуге міндеттелмейді екен. Сондай-ақ кей жағдайда сақтандыру компаниялары да қарызды өтеп беруі мүмкін. Ол алдын ала жасаған келісімшартқа байланысты. Бірақ марқұмның туысы жоқ болған жағдайда не болмақ? Мұны мұрагерлік істер жөніндегі адвокат Нариман Сүлейменовтен сұрадық. – Егер мұрагер болмаған жағдайда қарыз беруші (банк немесе микроқаржы ұйымы) ақшасын өндіре алмайды. Бұл кредиторға шығын болмақ. Кейбір кезде несие алушылар кепілге мүлкін қойып жатады. Осы жағдайда мұрагер болмаса, кредиторлар мүлікті өндіріп алуға құқылы. Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған баланы борышкер келісімінсіз банктер мұрагер ете алмайды. Шешімді баланың қорғаушысы немесе қамқоршысы қабылдайды. Ол адамды жергілікті әкімдік арқылы анықтайды. Орган қызметкерлері белсене атсалысуы тиіс, – дейді маман. Банк төлемақының өсімін мұрагерге жүктемеуі тиіс. Егер сондай жағдай тіркелсе, мұрагер сот арқылы наразылығын білдірген жөн. Одан бөлек, тағы да күрмеулі мәселелер бар. Мысалы, еліміздегі банктер орташа есеппен 24-28 пайызбен несие береді. Дамыған елдердің өзінде бұл көрсеткіш аз. Мысалы, АҚШ-та 14 пайыз болса, Англияда 12, Қытай мен Түркияда 3 пайыз екен. Индонезия мен Нидерландта 2 пайыз ғана. Бұл елдерде қарыз алушы жазатайым бақилық болса барлық шығынды сақтандыру компаниялары өтейді. Елімізде банктен несие аларда сақтандыру қызметін банктер мәжбүрлеп ұсынады. Ол үшін төлем де алынады. Бірақ жазатайым жағдайда сақтандыру қызметі толық қаржыны өтеп беретініне ешкім кепілдік бермейді екен. Қарыз сақтандыру сомасынан асып кетсе, жүк айналып келіп мұрагердің өзіне артылады. Сондықтан несие саясаты халыққа емес, банктерге тиімді ме деген ойда қаласыз. Ал қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов болса, Қазақстанда орташа жалақы халықтың шынайы кірісін көрсетпейтінін айтып, медианалық айлықты нақтылау керек деп есептейді. – Елдегі орташа жалақы 203,9 мың дейді. Алайда адамдардың көп бөлігі мұндай табыс таппайды. Медианалық айлық 100 мыңнан әзер асады. Енді қараңыз, қазақстандықтардың күнделікті азық-түлікке жұмсайтын шығыны артып барады. 2006-2009 жылдары азық-түлікке табысының 30 пайызын жұмсап келсе, қазір оның үлесі 50 пайызға дейін өсіп отыр. Осының бәрін есепке алуымыз тиіс. Сондықтан табысы аз азаматтарға несие бермеген жөн, – дейді сарапшы. Қорыта айтқанда, мұрагер болудың да өз қиыншылығы бар. Қарыз да адам артынан қалған із болып тұр. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бір нәрсені ғана айтпақ, ол – абзалы несиені алмау. Ал банктердің жоғары өсімі бөлек тақырыптың тиегін ағытпақ.Мадияр ТӨЛЕУ