17 шілдеде Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармысының «Панфилов ауданаралық көпсалалы ауруханасы» «Алтын Жол Групп» ЖШС-мен пульсоксиметр сатып алу бойынша келісім-шарт жасаған. Онда бір пульсоксиметрдің бағасы 90 мың теңгеге бағаланған.
Бұл туралы Zertteu Research Institute хабарлады.
Келісім-шартқа сәйкес, 50 дана тауар 4 миллион 500 мың теңгеге жеткізіледі. Ал аппараттың нарықтағы бағасы 30-40 мың теңге шамасында.
Тендердің техникалық ерекшелігі заң талаптарына сай келмейді. Онда тауардың толық сипаттамасы берілмеген. Сонымен бірге компания тікелей келісім-шарт жасау арқылы бір көзден сатып алу тәсілін пайдаланған.
«Алтын Жол Групп» ЖШС мемлекеттік сатып алу порталына 2020 жылы 16 шілдеде тіркелген. Бұл оның медициналық ұйыммен жасалған алғашқы келісім-шарты. Ол бойынша аталған мекемеге басқа да медицина тауарларын жеткізуі тиіс. Келісім-шарттың жалпы құны 30 миллион 720 мың теңгені құрайды.
[caption id="attachment_58651" align="alignnone" width="1875"] Zertteu Research Institute[/caption]