Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралу ахуалы жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысын өткізді. Онда Үкімет пен әкімдердің жұмысы ащы сынға ұшырады.
– Баяндамаларға сенсек, жағдай бақылауда. Алайда іс жүзінде олай емес. Мен Президент Әкімшілігіне еліміздегі барлық дәріханадағы дәрі-дәрмектің қолжетімділігін тексеру жөнінде тапсырма бердім. Нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Қарағанды облыстарында, Нұр-Сұлтан мен Алматыда дәрі тапшылығы, ұзын-сонар кезек әрі қарай сақталуда. Өмірлік маңызды дәрілердің бағасын қымбаттату фактілері кездесуде. Көлеңкелі бизнес өріс алып барады, – деді Мемлекет басшысы.
Құқық қорғау органдары көтерме және бөлшек саудамен айналысатын дәріханаларға рейдтер мен тексерулер жүргізді. Тексеру қорытындысында заңсыз дәрі-дәрмек саудасымен шұғылданған 270 адам қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 116-сы – медицина қызметкері. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл бағыттағы жұмыстардың жалғаса беретінін, ал кінәлілер заңға сәйкес жазаланатынын атап өтті.
Статистика мен талдаудағы ағаттықтар, тиімсіз жоспарлау кесірінен өңірлер дәрілік препараттардың қажет көлемін нақты анықтауға қабілетсіз болып отыр. Барлық проблема жұмысты қате жоспарлаудан басталатынын нықтаған Президент мұны біліксіздіктің ең сорақы көрінісі деп бағалады.
Шектеу шараларының қабылданғанына қарамастан, отбасылық мерекелер мен той-томалақ өткізу жалғасып жатыр. Мұндай жағдай Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарында және Шымкент қаласында байқалады. Қ.Тоқаев карантин режимін сақтауға бағытталған түсіндіру жұмыстарын нашар жүргізгені үшін әкімдерді сынады.
– Шындап келгенде, әкімдердің экстремалды жағдайда жұмыс істеу тәжірибесі жоқ. Өткір тұрған проблемаларды шұғыл шешуді, азаматтарға мемлекеттік саясатты дұрыс түсіндіруді білмейді, – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Оның ойынша, Үкімет мүшелері де, әкімдер де «тоқмейілсудің және масайраудың қақпанына түскен».
Жиын барысында сондай-ақ азаматтарды ПТР-тесттен өткізу мәселесі де қозғалды. Қазіргі кезде адамдардан күніне 32 мыңға дейін сынама алатын деңгейге қол жетіпті. Дегенмен өңірлер арасында бұл көрсеткіште үлкен алшақтық бар.
– Ауру жұқтырған адамдарды анықтаудың төмендігі – жергілікті жерлерде лабораториялар ісін өрістету бойынша тиімсіз жұмыстың нәтижесі. Мұны тіпті «нақты көріністі жасырып қалуға ұмтылу» деп бағалауға болады. Үкіметке аймақтар арасындағы тестілеу деңгейін теңестіруді қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Біз жауырды жаба тоқымауға, еш нәрсені де жасырмауға тиіспіз! – деді Мемлекет басшысы.
Бүгінде індетке душар болған азаматтарға қажетті төсек-орындар саны ұлғаюда. Бірақ бұл өзге медициналық қызмет түрін көрсететін орталықтарды жабу есебінен болып жатыр. Салдарынан, медициналық көмек алудың қолжетімділігі айтарлықтай төмендеп кетті. Бұл қазақстандықтардың КВИ-ден басқа дерттерден көбірек өле бастауына соқтыруы ықтимал. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдерге созылмалы ауруы бар сырқаттарға, сондай-ақ жүкті әйелдерге жоспарлы медициналық көмекті бірте-бірте қалпына келтіруді жүктеді.
Қазақстан Президенті ауыр сырқаттар саны көбейіп кеткендіктен ауруханаларды оттегімен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібіне шыққанына назар аудартты.
– Меморгандар тарапынан үйлестіру жұмыстары дұрыс жүргізілмегесін халық осы мәселені өз бетінше шешуге талпынуда. Бұл ешқандай қисынға сай келмейді! Азаматтар өнеркәсіптік баллондарға құйылған оттегіні сатып алып жатыр. Бұл – ауруханалардың тікелей міндеті. Жеке үйлер мен пәтерлерде өнеркәсіптік баллондағы оттегіні пайдалану деректері жетерлік. Үкімет пен әкімдер 5 күн ішінде ауруханаларды оттегімен жабдықтау және үй жағдайында оттегі баллондарын пайдалану проблемаларын шешуі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Ол қалалардағы ахуалды тұрақтандырамыз деп жүріп ауыл тұрғындарын ұмытып кетуге болмайтынын ескертті. Халқымыздың жартысына жуығы ауылда тұрады. Бүгінде ауылдықтарға диагностика және емдеу шаралары қолжетімсіз, қарапайым дәрі-дәрмектің өзі жетпей жатыр.
– Ауыл-аймақтарда медицина кадрларының тапшылығы және қажетті инфрақұрылымның жоқтығы жығылғанға жұдырық болып отыр. Үкімет 2 300 әмбебап мобильді бригаданың жасақталғанын баяндады. Әйткенмен олар негізінен қала тұрғындарына қызмет көрсетеді. Ауылды назардан тыс қалдыруға болмайды! Үкіметке өңірлермен бірлесіп, барынша қысқа мерзімде ауылдарды диагностика және емдеу ісімен, сонымен қатар дәрі-дәрмекпен және медициналық құрылғылармен қамтуды тапсырамын, – деді Президент.
Ол ақшаға құныққан кейбір алаяқтар барлық адамгершілік қағидаттарын аттап өтіп, халықты алдаудан, бопсалаудан тайынбай отырғанын жеткізді. Мәйітханаларда және жерлеу қызметін ұсынатын агенттіктерде сорақы тірліктер жасалып жатыр.
– Кейінгі екі аптада мәйітті тасымалдау және жерлеу үшін сұралатын ақы қатты өсіп кеткен. Мұны көпшіліктің қалтасы көтере бермейді. Әкімдерге 1 күн ішінде «жерлеуден жемтік іздегендерді» жөнге келтіруді тапсырамын! – деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы вирус жұқтырғандар санының артуы тек елдің жаһандық коронавирус рейтингіндегі жағдайына ғана емес, сондай-ақ Қазақстанның инвестициялық ахуалына, туристік әлеуетіне және елімізге жаңа технологияларды тартуға кері әсер ететінін атап өтті. Барлық сын-қатерлерді жою үшін Үкімет дәл осы жағдайды өзінің жұмыс жоспарында ескеруі тиіс.