Бірді алып, бірге сатқандар
Бірді алып, бірге сатқандар
227
оқылды
Ішкі істер министрлігі ел бойынша 348  заңсыз дәрі-дәрмек сату фактісін тіркеді. Оның ішінде 138-і медицина қызметкерлері екен. Аталған заңсыз істің дені Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды мен Атырау қалаларында орын алған. Тексеру нәтижесін баяндаған Ерлан Тұрғымбаев 5 шілдеден бастап заңсыз айналымда жүрген 65 мыңнан астам дәрілік препарат, жарты миллион медициналық маска мен 36 мың медициналық бұйымды тәркілеген. Оның айтуынша, дәрі-дәрмек қымбат бағаға сатылған. «Ішкі істер органдары дәрілік зат­тарды заңсыз сатудың жолын кесті. Полицияға 284 адам жеткізілді, оның 138-і – медицина саласының қызметкерлері. Дәрі-дәрмектің көп көлемі Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Атырау қалаларында тәркіленді. Аталған медициналық препараттар аумақтық денсаулық сақтау органдарына беріледі», – деді Ерлан Тұрғымбаев. Иә, елдегі жағдайды пайдаланып қалта толтыратын айлакерлер көбейді. Мәселен, Алматы об­лысының Эко­номикалық тергеу департаменті алыпсатарды қол­ға түсірген. Одан 20 мың қап­тама парацетамол табылған. Пара­цетамолдың бір пластинасын 300 теңгеге заңсыз сатпақ болған. Осыған ұқсас 8 құқықбұзушылық анықталған. Тәркіленген дәрі-дәрмектің жалпы құны 13 млн теңге болған.  Қалада дә­рі-дәрмекті заңсыз сатумен Алма­ты облысындағы аудан­дық ауру­ханалардың реанимация бөлімшесінің меңгерушісі айналысқан. Оның көлігінен 90 түрлі дәрі табылған. Жауаптылар бұған дейін сатқан дәрілерінен түскен пайда 1 млн теңге ақшаны тәркілеген. Жалпы, алмалы қалада мұндай мәтінде 11,5 мың дерек тіркелген. Ал Көкшетауда азық-тү­лік дүкендерінде дәрі сатқан кәсіп­кердің ісі әшкере болды. Облыс аумағында 10 күн ішінде 14 заң­бұзушылық оқиға тіркелген екен. Мыса­лы, 41 жастағы тұрғын пәтерінде  шағын «сауда-саттық» жасаған. Ал қаладағы дәріханаларда баға негізсіз өсіп, халықтың ашу-ызасын келтірген. Тұрғындар, қала қонақтары дәріханаларда вирус­қа қарсы препараттардың жоғын айтып шағымданған. Жақында ғана Көкшетауға барған Рысхан Дүйсенбекқызы қала дәріханаларының дені бос екенін айтады. Себебі ең қажетті деген дәрі-дәрмегін іздеп таба алмаған. Ол «турист атаулы көп баратын Көкшетауда жағдай мұндай болса, басқа қалада тіпті қиын екенін бағамдауға болады» дейді. ІІМ көрсеткен дерек бойынша, заңсыз дәрі-дәрмек іс жиі тіркелген қала­ның бірі – Атырау. Жергілікті полиция қызметкерлері қала дәрі-дәрмек, медициналық маска сату дерегін анықтаған. 1994 жылы туған тұрғын үйінде препараттарды қымбат бағаға сатқан. Тергеу дерегі бойынша, сатушы ингавиринді 5 000 теңгеге, дексаметазон виал препаратын – 4 000 мың, азитромицинді 2 000 мың, лидокаин буфус пен метронидазолды 1 000 теңгеге бағалаған. Оған қоса Авангард шағынауданы тұрғыны медициналық масканы бірнеше есе қымбат бағаға сатқан. Тексеру барысында пәтерінен 43 мың медициналық маска табылған. Атырау облысы Полиция департаменті бастығы Қамза Үмбетқалиев дәріханаларда дәрі-дәрмек бағасын негізсіз қымбаттатуға жол бермейміз деп отыр. Сонымен қатар қалада косметикалық салондардың бірінде респираторлық вирустық ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмекті заңсыз сатқандар құрықталған-ды. Шымкент қаласында да респи­ратор­лық вирустық ауруларды ем­деуге арналған дәрі-дәрмекті негізсіз қымбат бағамен сатқан. Ішкі істер министрінің есебі бойынша, заңсыз айналымдағы дәрі-дәрмектің көп бөлігі Шымкент қаласында (15,5 мың) тіркелген. Полиция департаменті қызметкерлері ертегідей май сақтал­ған қойманы анықтаған. Қызығы, тек бір ғана қойма емес, үш қойма табылған. Полицейлер Әлімқұлов көшесіндегі бес үйдің ауласынан үш қоймаға тінту жұмысын жүргізген. Жұмыс нәтижесі бойынша фармацевт дәрі-дәрмекті заңсыз сақтағанын анықтаған. Айта кетерлігі, табылған дәрі-дәрмекті 3 топқа бөліп қарастыруға болады. Бірінші тобы ел аумағында тіркелмеген және сатуға рұқсат берілмеген дәрі-дәрмектер. Екінші топ – респираторлық вирустық ауруларды емдеуге арналған жоғары сұранысқа ие препараттар. Үшінші топ –медициналық тіркеуде тұрған азаматтарға тегін берілетін дәрі-дәрмек қатары. Деректе көрсеткендей, қоймада тұрған препараттар сақтау шарасына сай жабдықталмаған. Сондықтан адам өміріне қауіпті екен. Бұдан бөлек, қалада дәрі-дәрмек бағасын қымбаттатып сатқан 50-ге жуық алыпсатар ісі әшкере болған. Заңсыз дәрі-дәрмек сату ісін анықтау бойынша Нұр-Сұлтан қаласында 4 мобильді топ жұмыс істейді. Олар 8 азаматтың дәрі сатумен заңсыз айналысқанын анықтаған. Біреуін жауапкершілікке тартқан. Қалған алыпсатарлардың ісі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Елордада ұзын саны 4 400 заңсыз дәрі-дәрмек сату ісі тіркелді. Полиция департаменті  жалпы құны 3 млн 700 мың теңге медициналық құрал мен дәрілік заттарды тәркілеген-ді. Одан бөлек 63 дана термометр, жалпы құны 3 млн теңге шамасындағы медициналық плащ пен бетперделерді заңсыз сатқан қала тұрғынын құрықтады. Сондай-ақ алыпсатарлар Түркістан көшесінде 200 мың теңге сомасында 100 литр антисептикті заңсыз сатқан. Елорда тұрғыны болған соң қаладағы қым-қуыт тіршілікті бақылайсың. Қаладағы азық-түлік дүкендерінде медициналық маска сату ісін жиі байқаймыз. Бағасы – 100-120 теңге аралығында. Сәуір-маусым айларында медициналық маска таппай шарқ ұрғанымыз есте болар. Сонда дәріханадан таппағанды азық-түлік дүкенінен кездестіргеніміз бар. Бұл іске әлі де тосқауыл қойылған жоқ. Ашық түрде сатқанымен қоймай, «қайдан алдыңыз, бұл заңсыз іс» дегеніңе қоймай, өзіңе дүрсе қояды. Жоғарыдағы тізгеніміз – бірді-екілі дерек. Ал өңірлерде заңсыз дәрі-дәрмек сату ісі тыйылмай тұр. Халық дәріханадан таппаған дәрісін алыпсатардан қымбат бағаға сатып алатыны тағы бар. Кей елді мекенде дәріхана жанынан «үй тігіп», дәрі-дәрмек сататындарды көз көріп жүр.  Пандемия медицина саласындағы сан былықты ашқан сыңайлы. Талай жыл майқұйрықты асап жүргендер де анықталды. Ендігі кезек – мониторинг тобы мен құзырлы органда. Маңдай  термен жинаған майды ұрлап жүрген түлкілерді аю мен қасқыр әдісі бойынша жазаласа дейміз.  

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ