Елорда тұрғыны медицина қызметкерлеріне әкесінің өмірін сақтап қалғаны үшін алғыс айтты. Галия Абраимова Facebook-тегі парақшасында дәрігерлер әкесінің өмірі үшін қалай күрескенін жазды.
«Сіздер күн сайын адам жанына араша боласыздар! Менің әкем ауруға шалдығып, хаттамаға сәйкес үйде 11 күн емделсе де, жағдайы жақсармады. Стационарлық емдеу туралы теріс пікірлерді оқығаннан кейін ауруханаға барудан қорықтық. Бірақ іс жүзінде біздің дәрігерлердің керемет екеніне көзіміз жетті. Талдаудың барлық нәтижелерін зерделеп, бізден ауруханаға жатқызуды талап етіп, уақытылы медициналық көмек көрсетті», – деп жазды Г.Абраимова.
Әкесі Оразғали Абраиымовтың айтуынша, емдеуші дәрігер мен бөлім меңгерушісі күн сайын тексеріп, оның денсаулығының жай-күйін қадағалап, ем-дом тағайындады, сонымен қатар науқас үшін өте маңызды психологиялық көмек көрсетті.
«Мен өз атымнан және әкем Абраимов Оразғали Чакербекұлы атынан №3 көпсалалы қалалық балалар ауруханасының ШЖҚ МКК ұжымына: бөлім меңгерушісі Нуртазина Гульмира Гусмауленовнаға, емдеуші дәрігер Құттыбек Гаухар Дүйсенқызына, сонымен қатар кіші медициналық қызметкерлер Мұсахметова Нұрбану, Ахметова Гулайра, Байкенова Меруертке қажырлы еңбегі үшін ризашылығымды білдіргім келеді! Қазір әр науқастың өмірі үшін нақты күрес жүріп жатыр деп ойлаймын. Сіздерге және жақындарыңызға мықты денсаулық тілеймін! Әкем білікті дәрігерлердің арқасында аман қалды! Үлкен рахмет айтап отырып, еңбектеріңізге тағзым етемін!» , – деп атап өтті Абраимова.