Ақмола облысы туризм басқармасы 24 шілдеден бастап Бурабай мен Зеренді жабылатынын хабарлады.
Ведомствоның хабарлауынша, облыстың туристік аймақтары 24 шілде 00:00-ден бастап 3 тамыз 00:00-ге дейін жабық болады. Бұған карантин шараларының күшейтілуі мен демалушылардың азаматтық жауапкершілігінің төмен болуы себеп болған.
"Курорттық аймақтарға кіреберісте блок бекеттер орнатылады, сондай-ақ, көлік қозғалысы шектеледі", - делінген хабарламада.
Бұған дейін келген турситер қонақүйлер мен шипажай-курорттық нысандарда қалады. Демалыстағы адамдар бетперде тағып, қашықтықты сақтауы тиіс екені айтылған.
Қонақүйлерге бөлмелерді брондауға өтініш қабылданбайтын болды.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін нысандар күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимде қызметін жалғастырады.
Жалға берілетін жағажайлар, сауна, қонақүй бассейні жабылады. Жағалаудағы сауда орындары мен қайық стансаларының жұмысы тоқтатылады.