Қарағанды облысының тұрғындары күрделі кезеңде ұйымдасып, бір-біріне көмектесуде. Оған Жаңаарқалықтардың игі ісі мысал болып отыр. Олар емделушілер мен медициналық мекемелердің қызметкерлері үшін 5 тоннадан астам қымыз жинады, - деп хабарлады Қарағанды облысы әкімдігі.
Барлығы Жаңаарқа ауданының Жастар ресурстық орталығы КВИ-мен ауыратындарға көмек көрсету бойынша челленджін бастады, ал тұрғындар оны қолдай жөнелді.
«Бұл қазір ауырып қалғандар мен медициналық мекемелердің қызметкерлері үшін қолымыздан келетін ең аз көмек. Қымыз бен саумал дәрумендерге бай және пайдалы қасиеттерге ие. Олар емделушілерге де, дәрігерлерге де күш береді деп үміттенеміз», - дейді жаңаарқалықтар.
Өткен жұмада Ералиев ауылының тұрғындары Қарағандыға 1 тонна қымыз бен 200 кг құрт алып келді. Осыншама көлемде шипалы сусынды Ералиев тұрғындары бір күнде жинады. Бұл сүт өнімдері облыс орталығының төрт ауруханасына бөлінді.
Аталмыш игі істі ауыл тұрғыны Ерлан Түсіпов ұйымдастырды. Ал жеке кәсіпкер Қайрат Өмірбеков қымызды Қарағандыға тегін жеткізді.
«Қазақ қымызы ежелден мыңдаған ауруға шипа болған. Біз науқастарға ауруды жеңуге және вируспен күндіз және түнде күресіп жатқан дәрігерлерге күш бергіміз келеді. Ауырмаңыздар! Жаңаарқаның бал қымызы қуат беріп, сіздерді емдеп шықсын!» - деді Ералиев ауылының тұрғындары қарағандылықтарға.
Сондай-ақ Жаңаарқа ауданының тұрғындары құрбандық шалу рәсімін өткізді. Мұқтаждарға ет таратылып, аудан ауруханаларына ыстық тағамдар таратылды.
Жалпы бір апта ішінде Жаңаарқа ауданының тұрғындары Қарағанды, Теміртау, Абай, Жезқазған, Сәтбаев, Нұра және Жаңаарқа аудандарының ауруханаларына 5 тоннадан астам қымыз, бір тоннаға жуық құрт, ірімшік, саумал жинап, жеткізді.
Жаңаарқалықтар коронавируспен күресетін адамдарға жақсылық жасауды әрі қарай да жалғастыруды жоспарлап отыр.