Жолыңыз болсын, жолбасшы!
Жолыңыз болсын, жолбасшы!

«Басшының бүгінгі бет-бейнесі қандай?» десе, не деп жауап берер едіңіз? «Қол астындағыларға қамқор» деп сипаттай аласыз ба? Сірә, мұндай көшбасшының көп болуы мүмкін емес.

Жер бетін түгел жақұт неліктен қаптамайды дейсіз?.. Ендеше, сондай санаулы басшылар санатына кіретін Нұртөре Жүсіп – біздің сүйікті бас редактор. 11 жыл бойы «Айқынның» абыройы үшін аянбай еңбек етті. «Өмірді өзгерте алмасаң да, өмірбаянды өзгертіп тұру керек» дейтін бастығымыз жаңа қызметке тағайындалды. Қаламы қарымды публицист енді Парламент Сенатының депутаты. Кеуде толы қуаныш болғанымен, айқындықтарда қимастық басым... Әлі күнге дейін сәл босаңси қалсақ, астарлы әзілімен «шымшып» отырады. Қам­шыны басатын кез келсе, «үлкен бір дүбір естіледі, байқаңдар» дейді. Көңілге келетін сөз айтқан кезі жоқ.

Ағай демалыс дегенді білмейді. Газеттің бірінші бетінде шығатын «Бас редактор бағанына» күнде материал береді. Тіпті ең­бек демалысында жүрсе де, айдарын тұ­рақты жүргізеді. Осыдан-ақ, жауап­кер­шілік, ісіне деген махаббат, адалдық се­зі­леді. Бастықтың бізге көрсеткен үлгісі мұ­нымен тоқтамайды. Әсіресе, қатар отыра қалғанда, ойлантатын дүниелерді көп айтатыны бар. Бергісі – бүгінгі жур­на­листика, арғысы – Адам атаның өмір сүр­ген кезіне дейін шолып шығамыз. Кө­нер­ген сөздерге қатысты білімімізді бағам­дай­ды. «Білетінім – бір тоғыз» деп отыр­ға­нын көргенде, біздің білеріміз нөлден тө­мен-ау деп қалатынымыз да рас.

Белгілі журналист Қайнар Олжай бір ма­қаласында бас редакторымыздың құ­пия­сын жария етіпті. «Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің (ол кейін «Са­рыар­қа самалы» атанса керек) өз дәстүрі қалып­тас­қан. Талай «мен атайын, сен тұр» дей­тін сөз мергендері шыққан шаңырақ. Бас­қасын айтпағанда Әзілхан Нұр­шайы­қовтың ізі сайрап жатқан жер. Сол газетте Нұртөре жедел жазғыш, терең қазғыш тілшіге айналды. Бірде ыстық отты көрік­ке, бірде қатты балға мен төске түсіп шың­далған шағында Шерхан Мұртаза «Еге­менді Қазақстанға» алды. Ол тұста аймақта танылған журналисті астанаға алдырту үрдісі бар. Өте қажет іс еді. Басын Ұзақ Бағаев, Сапар Байжанов бастаған. Ше­ра­ғаң сол жақсы мектепті дамытты. Шы­ғыс­тан – Ермұрат Бапи, Орталықтан – Ма­ғауия Сембай, Солтүстіктен – Нұртөре Жүсіп келгенде бұл газет қалай құлпырды дейсің. Міне, сол кезден бері Нұртөремен жарысып келеміз. Рахат! Журналист үшін сам­ғаудың үшінші, соңғы сатысы бар. Нұртөре жайшылықта көпке жария ете қоймайтын құпия еді. Сондықтан үшінші сатыны да сипаттай кетейік. Нұртөре – өзін оқитын аз ғана қаламгердің бірі. Иә, алды­мен ақ қағазға жаңа түскен мақаласын қайта оқиды. Бөлім меңгерушісінің көзі­мен. Үтір мен нүкте орнына келіп, артық-ауыс сөздер түзеледі. Адамдардың аты-жөні тексеріледі. Қысқартылады. Болды ма? Жоқ! Сәл суып барып, тағы оқиды. Енді Шерхан Мұртазаның көзімен. Бас редактор болып. Бұл жолы мақала мәтіні тақырыппен қиыса ма, басы сәтті бас­талып, аяғы қисынды біте ме, бәрі ай­тылды ма, әйтпесе артық кеткен жері жоқ па, осының бәрін қамтып оқиды. Сосын тағы қысқартады. Міне, өз мақаласын өзі үш рет түзеп, үш рет күзеп барып Нұртөре оны бастыққа ұсынатын. Бұл үшін үш күн емес, үш сағат та жетеді. Жедел. Бірақ жауапты. Сосын мақала газетке шығады. Енді Нұртөре өз мақаласын тағы оқиды. «Мына жерін одан да ширатып жазу керек еді» деп түйеді. Келесі жолы солай ширата жазады. Одан тағы ширатылады. Ақыры небір асаудың өзінің мойнына түскенде тырп еткізбес қыл арқан есетін шеберге айналып шықты. «Бір ауыз сөз» жанр ре­тінде «Егемен Қазақстанда» Шерағаң, Нұртөре, Темірхан, Әмірхан арқылы қа­лыптасты. Сосын Нұртөре мен Әмірхан ол жанрды «Жас Алашта» жалғастырды. Қа­зір бұл жанр Нұртөренің қанжығасында бөк­теріліп, «Айқынның» беттеріне шы­ғады. Осылай қапысыз жазылған мақала­лардың мәні жылдар өткен сайын жарқы­рай беретіні ғажап» деп жазады Қайнар Олжай.

«Айқынды» айқындаған ағайымыздың депутат болғаны – біз үшін де қуаныш. Сөз арасында «сіз – талай биікке лайық тұл­ғасыз» деп жиі айтатынбыз. Сол айт­қанымыз айдай келіп, бас редакторымыз Сенаттың депутаты болып тағайындалды. «Айқын» десе – бастық, ағайдың аты атал­ған жерде «Айқын» қатар жүріп, құдды си­нонимге айналған еді. Енді халыққа жа­қын, қалаулылардың көшін бастайтын кез келді. Қиын да жауапкершілігі мол қыз­метте абырой тілейміз! Асқақтай беріңіз, біздің сүйікті бас редактор!

 

Айқындықтар