Иә, енді бұрынғыдай бюджеттің кіріс бөлігінің 70 пайызын құрайтын салық түсімдеріне иек арта алмаймыз. Себебі жыл басынан бері өткен бес айда мемлекеттік бюджетімізге түсетін салық 9,7 пайызға азайды. Себебі түрлі салықтық жеңілдіктер жасалды, сәйкесінше түсім де төмендейді. Төмендеп те жатыр. Мысалы, корпоративті салықтар (-3,3%), қосылған құн салығы (-12,4%), мүлік салығы (-11,8%), кедендік төлемдер (-43,1%) мен табиғи және басқа ресурстарды пайдаланғаны үшін түсетін түсімдер (-8,0%) азайған. Ал 2019 жылдың бес айында салық түсімі 15,9 пайызға өскен болатын. Осының өзі ойландыруы керек. Бір қызығы, осыған қарамастан, бізді бюджетке түсетін салық азайғанымен, кіріс 11,4 пайызға көбейді деп жұбатпақ болатындар бар. Бұл өсім Ұлттық қордан бюджетке берілген трансферттердің 64,1 пайызға ұлғаюымен байланысты екенін білмейді деп ойлай ма екен? Ал Ұлттық қордың түпсіз емес екенін әлгінде айттық.
Дағдарыста салық мөлшерін өсіру инфляцияны күшейтеді
Бәлкім, бізге бюджет қаржысын жұмсаумен қатар, бюджет кірісін ұлғайтудың басқа да тетігін ойластыру керек шығар? Себебі бюджет кірісін арттырудың классикалық үлгісі (салық түсімдері) коронадағдарыс аяқталғанға дейін тиімді бола қоймайды. Салық көлемін арттыру туралы да атай көрмеңіз. Экономистер бұл ұсынысты мүлдем қолдамайды. GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы Мақсат Халықтың пікірінше, бюджет кірісін ұлғайту үшін салықты көтерудің еш қажеті жоқ. Әсіресе, дағдарыс уақытында ешкім олай жасамайды. Экономист Олжас Төлеуов те әріптесінің пікірін қолдайды. Ол егер корпоративті салықтар мен ҚҚС түсетін кірістердің төмендеу тенденциясы жалғаса берсе, мемлекеттік бюджет жыл соңында шамамен 1,2 трлн теңге жоғалтатынымызды айтады. «Біздің есептеулерге сәйкес, корпоративті салық пен ҚҚС мөлшерлемесін арттыру арқылы осындай шығынның орнын толтыруға тырысу үшін оларды қазіргі деңгейден, кем дегенде, 3-5 пайыздық тармаққа көбейту керек. Сонымен бірге, мөлшерлемелердің мұндай күрт және нақты өсуі түпкілікті мақсатқа – барлық салық түсімдерін теңестіруге қол жеткізеді деген біржақты тұжырым жоқ. Себебі корпоративті салықтар мен ҚҚС Қазақстанның мемлекеттік бюджетіне түсетін салық түсімдерінің жартысын ғана қамтамасыз етеді, сондықтан қалған кірістерге қатысты мәселе сол күйі шешілмей қалады», – дейді ол. Оның пікірінше, салық мөлшерлемелерінің көтерілуі инфляцияның өсуіне негіз болады, бұл халықтың тұтыну қабілетінің сандық және сапалық деңгейіне, қысқасы, олардың әл-ауқатына кері әсер етеді. «Қазіргі жағдайда, салық базасы қысқарған кезде, яғни компанияларда одан да көп салық төлеуге мүмкіндік болмай тұрған кезде, салық ставкаларының жоғарылауы салықтың жиналуына кедергі болады. Сонымен бірге Лаффер қисығы теориясы бойынша, салық ставкасының өсуі экономикалық немесе институционалдық алғышарттарды нашарлатып, салық түсімдерінің төмендеуіне әкеледі, өйткені экономикалық агенттер көлеңкеге кете бастайды, табысын жасыруға мәжбүр болады. Сөздің түйіні салық ставкаларын арттыру экономикамыз үшін зиянды болады», – дейді ол.Көлеңкелі экономикада 21 трлн теңге жатыр
Қалай десек те, мемлекеттік бюджетіміз де мұнай бағасына тікелей бағынышты. Мұнай-газ саласындағы компанияларда табыс болмаса, мемлекетке салықты қайдан төлейді? Бұл тиісінше мемлекеттің кіріс бөлігін ойсыратып жібереді. Әрине, Ұлттық экономика министрлігі республикалық бюджетті қайта қарағанда мұнай бағасының баррелін 20 доллар деп есептеді. Ал қазір баға 40 доллардың маңайында. Демек, ірі көлемдегі кірістен айырылмасақ та, белгілі бір дәрежеде кірістен айырылатынымыз анық. Оған еліміздің ОПЕК+ келісімі аясында жалпы мұнай өндіру көлемін қысқартып отыруы да әсер етеді. Мұнай өндіру қысқарса, оны сатудан түсетін табыс та, мемлекетке кіретін салық та азаяды.Экономика халықтың төлем қабілетіне тәуелді
Сәуір мен мамыр айларында коронадағдарыс салдарынан жұмыссыз қалған 4,5 млн адамға 42 500 теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіліп, әлеуметтік сақтандыру қорынан 400 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Дәл осы қолдау қаржы шілде айында да төленетін болды. Бұл халықтың төлем қабілетін сақтау амалы екені белгілі. Мақсат Халықтың пікірінше, бұл жолы Үкімет 42 500 теңгені нағыз лайықтыларға беруді ойластырып отырғандықтан, осы бағытта жұмсалатын қаржы ары кетсе 150 млрд теңге болуы мүмкін. «Бұл да аз қаржы емес, оған бүгінге дейін жұмсалған 6 трлн теңгені қоссақ, мұның барлығы мемлекеттік бюджетке ауыртпашылық алып келеді. Сондықтан халықтың төлем қабілетін түсіріп алмауымыз керек. Егер халықта қаражат болмаса, компанияларда қандай мықты маркетинг жүйесі болса да халық ол тауарларды сатып алмайды, себебі қолында қаражат жоқ. Сондықтан мемлекет тарапынан негізінен осындай қаржылай қолдаулар қажет», – дейді. Оның есебінше, халықтың төлем қабілетін сақтау үшін ең төменгі жалақы көлемі 70 мың теңге болуы керек. Сондықтан Үкімет ең төменгі жалақы көлемін 70 мың теңге деп бекітсе дейді. Себебі халықтың қолында қаржы болса, шағын бизнестің тауарын сатып алады, қызметін пайдаланады, бұдан бизнес те табысқа кенеледі. Сөйтіп, бизнес иелері жұмысшыларын қысқартпайды, жалақысын төмендетпейді. Осы тұста Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мына дерегін әдейі келтіріп отырмыз: осы жылдың бірінші жартыжылдығында жеңіл өнеркәсіп саласындағы өндіріс көлемі 8%-ға өскен. Тоқыма бұйымдарының өндірісінде – 8,4%, былғары өнімдері – 6,6% және киім өндірісінде 2,1% өсім тіркелді. Саладағы оң нәтиже мақта талшығы, дайын тоқыма бұйымдары, сыртқы киім, бас киім, шұлық бұйымдары мен аяқкиім өндірісінің ұлғаюы есебінен болған. Міне, осы бұйымдарды сатып алу үшін халықтың төлем қабілеті болуы керек. Халықтың төлем қабілетінде инфрақұрылымды жобалар да рөл атқарады. Жол салу, электр желілерін тарту, көпір салу – осындай жобалар, негізінде халықты жұмыспен қамтуға көмегін тигізеді. Әрине, көп сарапшылар бұл уақытша жұмыс деген сын айтады. Ал Мақсат Халық дағдарысты еңсеріп алғанша, уақытша болса да, жұмыс орындарын көбірек ашу керек. Дағдарысты еңсергеннен кейін, жұмысшылар экономиканың басқа секторына ауыса алады. Түйін:Сарапшылар сөзі мен қалыптасқан жағдайды бағамдай келе, дәл қазіргі уақытта бізге бюджет қаржысын тиімді жұмсаудың маңызды екенін түсіндік. Дағдарысты еңсеруге жұмсалған қаржы тиімді жұмсалып, жобалар нәтиже берсе, бюджет кірісі өз-өзінен көбейе бермек. Ол үшін қоғамдық бақылаудың белсенділігі де маңызды.