Сөзіміздің дәлелі ретінде «Шұғыла» қорын тілге тиек етсек болады. Қорға халық пен белсенді азаматтардың атсалысуымен 450 млн теңге жиналды. Қайрат Жолдыбайұлы, Сырымбек Тау, Ерғали Әбдірайымов және тағы басқа беделді азаматтардың ықпалымен қор Қытайдан 4 000 оттегі концентраторын сатып алды. «Шұғыла» қорының менеджері Ерлан Иманқұлұлының айтуынша, қазір өңірлерге бөліп беру жұмыстары жүріп жатыр.
«Бөлу жұмысы аймақтағы халық саны, науқастар саны, ауруханадағы оларға арналған төсек санына қарай түзілді. Мұны арнайы бекітілген комиссия мақұлдады. Сонымен, Нұр-Сұлтан қаласына 200 дана, Ақмола облысына 160, Алматы облысы мен қаласына 400 данадан, Түркістан облысына 460, Шымкент қаласына 140, Жамбыл облысына 240, Қызылорда облысына 160, Ақтөбе облысына 240, Атырау облысына 280, Батыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстарына 100 данадан, Маңғыстау облысына 140, Қарағанды облысына 300, Шығыс Қазақстан облысына 280, Қостанай облысына 160, Павлодар облысына 240 оттегі концентраторын таратамыз. Қазір жеткізу жұмысын қолға алдық», – деді Ерлан Иманқұлұлы.
Елдегі краудфандинг десе, көзге бірден Dauletten қоры елестері анық. Қор жетекшісі Дәулет Төлеутайұлы арқасында талай істің басы қайырылғаны бар. Түркиядан оттегі концентраторын алуды бастаған – Aydyn nury және Dauletten қоры. Әр айда жоспарлы қайырымдылық жасайтын қор жетекшісінен аппарат сатып алу жайын сұрадық.
«Dauletten қоры оқырмандарымен 63 аппарат алдық. 15 миллионнан астам қаржы жиналды. Енді Қытайдан тағы 237 аппарат аламыз. Жиыны 300 аппаратқа тапсырыс берілді. Негізі, Түркиядан келген 125 аппаратты Aydyn nury қоры, Эльмира Ешниязова, Жанат Бақытпен бірігіп сатып алдық. Бірақ соның тең жартысынан көбі – біздің қордыкі. Қазір аппараттарды Қазақстанның ірі қалаларына, қала статусы бар аймақтарға тараттық», – деді Дәулет Төлеутайұлы
Айта кетерлігі, Dauletten қоры жетекшісі алғаш болып әлеуметтік желіде қолда бар дәрімен бөлісуді бастаған. Содан кейін мұны түрлі топ өкілдері іліп әкетті.
«Интернетте қаншама адам «дәрі керек, дәрі таппай жатырмыз» деп жазды. Содан кейін маған бір ой келді. Үйдегі дәрі қобдишасын ашсам, пайдаланбайтын дәрі-дәрмектер бар екен. «Елге керек емес пе екен?» деп инстаграмда жарияладым. Бәрі осылай басталды. Сөйтіп, көріп отырған оқырмандар өздеріне керек емес, қолда бар дәрі-дәрмек суретін қордың инстаграм парақшасына жіберді. Осылай халық дәріханада жоқ парацетамол, цефтриаксон, аскорбин қышқылы, метрит дейтін дәрісін қордан тапты. Осы уақытқа дейін 300-ге жуық адамның керекті дәріге қолы жетті. Бірде бір қаладан хат келді. Оқырманымыз «Қор арқылы алған дәрінің арқасында анамыздың өмірін сақтап қалдыңыздар» деп жазған екен. Алдымен Алланың қалауы, кейіннен біз себепкер болдық деп ойлаймын. Сондықтан біреуге көмектесіп, пайдамыз тисе қуанамыз», – дейді ол.
Оттегі концентраторын сатып алуға «Зекет» қоры да бел шеше кіріскен-ді. «Өмірге үміт сыйла» акциясы басталғанына небәрі 10 күн болды. Ал қорға қайырымды жандардың көмегімен 218 млн теңге жиналды.
«Аталған 10 күн ішінде өңірлердегі бас имамдар мен қор өкілдерінің ұйытқы болуымен 218 млн теңгеге оттегі концентраторы мен дәрі-дәрмек сатып алдық. Барлығы 255 аппаратқа тапсырыс бердік. Қазір 155 құрылғыны таратып бердік. Қалған 100 данасы Түркиядан келе жатыр. Одан бөлек, 100 дана сатурация өлшейтін аппаратқа тапсырыс бердік. Қосымша оттегі концентраторына арналған 200 арнайы шланга елге келеді. Кейбір аймақта қор есебінен дәрі-дәрмек таратылды. Семей өңірінде 1 тонна 145 литр қымыз үлестірілді. Бұған акция аясында Семейдегі бас имам мен қор өкілі ұйытқы болды. Медицина қызметкерлеріне сорпа, қымыз жеткізіп беру қолға алынған. Бас имамдар мен «Зекет» қоры өкілдері Павлодар өңірінде медицина қызметкерлеріне тамақ алып барды», – деді «Зекет» қоры директоры Талғат Сейіткәрімұлы.
Әйгерім Слямова елордада арнайы акция бастаған. Олар күн сайын қалалық туберкулез диспансеріне 140 адамға лайықтап тамақ апарады. Бұған Мадина Ахметова, Ғалия Батыржанқызы, Адэма Есембаева, Айгүл Әубәкірова сынды белсенділер көмектеседі. Ал тамақты кафе мен мейрамханалардан алдырады. Осы орайда, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Добро» волонтерлер тобының жетекшісі Адэма Есембаевамен тілдестік. Оның айтуынша, волонтерлік топ 2018 жылы құрылған. Алғаш рет 1 000 балаға қайырымдылық шыршасын өткізуге атсалысыпты. Олар көпбалалы, аз қамтылған отбасылар мен дамуында ерекшелік бар балаларға барынша көмектеседі.
«Қазір командада 60-тан астам белсенді мен 50-ге тарта автоволонтерлер бар. Карантин кезінде азық-түлік пен киім-кешек, дәрі-дәрмек тасумен айналыстық. Сондай-ақ қаладағы поликлиника дәрігерлерін үй қабылдауына баруына қол ұшын создық. «Дәрігерлерге мың алғыс» акциясы бойынша күн сайын медицина қызметкерлеріне 140 түскі ас жеткіземіз. Одан бөлек, сусын мен азық-түлік апарып береміз. Күн сайын 60-70 машина емхана аумағында жүріп тұрады. Жедел көмек керек болғанда, қолымыздан келгенше көмектесеміз», – дейді Адэма Есенбаева.
Иә, дәрігерлерге түскі ас тарату дәстүрі өзге өңірлерде де жүзеге асып жатыр. Мәселен, Таразда, Ақтауда дәмхана иелері коронавируспен күресіп жатқан ақ халаттыларға түскі ас жеткізуді қолға алған еді. Оған қоса аймақтарда іске асып жатқан игі істерге қарап ішің жылиды. Жаркент өңірінде тұратын Мейрамкүл Мұқаева қаладағы аурухананың провизорлық бөліміне тегін саумал әкеледі. Күн сайын таңертең ауруханаға 10-15 литр саумал жеткізеді Аурхана меңгерушісі Төлеу Сарпеков Мейрамкүл апаның бұл ісін жоғары бағалайды. Әрі саумалдың дертке ем, дәтке қуат екенін айтады. Саумал мен қымыз дегенде, Жаңарқа өңірі мен Қарағанды орталықтағы ауруханаға 1 тонна қымыз жеткізгені еске түседі.
Осылайша, «Көрші ақысы – Тәңір хақысы» деп білетін ел қолдан келгенше бір-біріне көмектесіп жатыр. Жоқ дегенде көрген-білгенімен бөлісіп, ауырмаудың жолын нұсқайды. Заманауи асардың арқасында игі істі атқарып жатыр.