Әлеуметтік желідегі қайырымдылық іске ақын, қалалық «Арқа ақшамы» газетінің бас редакторы Жанат Жаңқаш та өзінің қомақты үлесін қосты. Аймақта атқарылған істі таразыға салып, ақпарат майданының бел ортасында жүрген Жанат Facebook арқылы сауын айтып, Қарқаралы аудандық ауруханасына оттегі аппаратын алуға қаржы жинауды бастап кетті.
– Идея Дәулет пен Айнұрдың әрекетінен кейін келді. Бауыржан Момышұлының «Батырды ситуация туғызады» деген сөзі бар. Қазақтың нағыз батырлары ел басына күн туғанда атқа қонды. Қайрат Жолдыбай аға елді үйіріп әкетті. Қазақ елінің жұмылып кеткенін көрдік. Досым Саян Бөдесов қоңырау шалып, қолқа салды. Аудандардың жағдайы мүшкіл, соны ескеріп кірістік. Бір күнде 1 млн 100 мың теңге ақша жиналды. 850 мыңын оттегі концентратына жұмсадық, 60 мыңын пульсоксиметрге, 60 мыңын инфроқызыл термометрге аудардық. Қалған ақшаға респиратор маска әпердік. Қарқаралының тумасы, кәсіпкер Бақытбай Жүнісов аудандық ауруханада жасанды тыныс алу аппараты жоқ екенін естіп, 9 млн 500 мыңға аппарат әперетін болды. «Нәтиже» сүт фабрикасының директоры Ерлан Әшім 2 оттегі аппаратын, спорт шебері Айдос Ақшонтаев 1 млн теңге қосатынын хабарлап, оған 5 оттегі аппараты алынатын болды, – дейді Жанат.
Қарағанды қаласында пульсоксиметрдің бағасы 30 мыңнан, ал Қытайда ол 5-6 мың жобасында екен. Ел басына түскен індетті өз пайдасына жаратып жатқандар да бар екен.
Saryarqa aqparat медиахолдингінің директоры Қамбат Ахмет өзі туған мекен Ақтоғай ауданы үшін қаржы жинады.
– Ақтоғайлық азаматтар жарты тәуліктің ішінде 9 тыныс алу аппаратына, 52 пульсоксиметрге қаржы жинап берді. Аудан тұрғындары, сыртта жүрген азаматтардың бірі қалмай ақша аударды. Меценат Бекзат Алтынбеков 1 аппаратқа, кәсіпкерлер Серік Қасымбеков 3 аппаратқа, Нұрлан Әрінбаев 2 аппаратқа, Қызыларай ауылы тұрғындары 2 аппаратқа, Шабанбай ауылының тұрғындары 1 аппаратқа, сыртта жүрген ауыл тұрғындары 52 пульсоксиметрге қаржы аударды. Бұдан бөлек, Ақтоғай мен Шұбартау ауылының азаматтары тағы 8 аппаратқа қаржы жинап, өздері тікелей аударды. Бұларға қосамша «Алтыналмас» кәсіпорны 10 аппарат алып беруге уәде беріпті, – дейді Қамбар.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Осындай ізгі шаралар жалғасын табуда. Жаңаарқа ауданының тұрғындары ауруханада індетпен күресіп жатқан азаматтарға тегін қымыз апарып жатыр. Ералиев ауылдық округінің тұрғындары белсенді азаматтарының ұйымдастыруымен 1 тонна қымызды Қарағанды ауруханаларына жөнелтті. 300 литр қымызды Жезказған каласының көпбейінді ауруханасына Нұржан Бейсенбин, 500 литр Қарағанды қаласының облыстық медициналық орталығына, 200 литр Жаңаарқа ауданының ауруханасына Қайрат Өмірбеков тегін жеткізіп берді.
– Ауылымыздың тұрғындарынан 900 литр қымыз, 200 келі құрт жиналды. Сол жиналған қымыз бен құрт Қарағанды қаласының ауруханаларына жіберілді. Сонымен қатар Ералиев ауылдық округіне қарасты РЗД-189, Ақбастау елді мекенінің азаматтары 200 литр қымыз жинап, Қарағанды қаласы Октябрь ауданының ауруханасына жеткізді, – дейді Ералиев ауылының әкімі Ербол Шубайұлы.
«Ауыл – ел бесігі» деп бекер айтпаған. Қарағандылық азаматтар коронавирустан ауылымыз шығынсыз өтсін деп тілейді. Ауыл тұрғындары да қалада дерт меңдеген жандарды жалғыз қалдырмады.
Ләззат ҚОЖАХМЕТ, Қарағанды облысы