Алматыға Делиден дәрі-дәрмек жеткізілді
Алматыға Делиден дәрі-дәрмек жеткізілді
142
оқылды
Алматыға Делиден 34 тонна немесе 1,6 миллион қаптамадағы коронавирусқа қарсы препараттар жеткізілді. Олар Алматы әкімдігінің дәрі-дәрмектердің тұрақтылық қорын құруға бөлген қаржы есебінен сатып алынды. Бүгін жеткізілген дәрі-дәрмектер партиясында антикоагулянат, энаксопарин, гепарин; антибактериалды - офлоксацин; қабынуға қарсы  препараттар - преднизалон, дексаметазон; антибиотиктер – цефтриаксон, меропенем; қызуды түсіретін - парацетамол; вирусқа қарсы препарат - осельтамивир бар.
«Өткен жұмадан бастап дәрі-дәрмектерге деген сұраныстың төмендегені, ұзақ кезектің азайғаны байқалады. Жалпы, жағдай оңалуда. Тұрақтылық  қоры арқылы дәріханаларға препараттарды жеткізумен қатар, біз ковидті госпитальдерді дәрі-дәрмектермен жедел қамтамасыз ету үшін резервтік қорды жасаудамыз. Дәрі-дәрмектердің жартыжылдық қоры фармкомпаниялардың қоймаларында сақталады. Қажет болған кезде бұл препараттар стационарларға бөлінеді», – деп хабарлады Алматы әкімдігінің қаланы дәрі-дәрмек препараттарымен қамтамасыз ету жөніндегі  үйлестірушісі Заңғар Сәлімбаев.
Оның келтірген мәліметтері бойынша, Алматыға 23 шілдеде Түркиядан «Клексан» препараты жеткізіледі. Жеткізуші бұл препараттың шамамен 40 мың бірлігін әкелмек. 31 шілдеге дейін қосымша тағы 150 мың бірліктегі клексан жеткізу жоспарланған. Жалпы, алдағы аптада антикогулянттың шамамен 300 мыңға жуық бірлігі тасымалданады деп күтілуде. Бұл – қалаға 10 шілдеден бастап қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізген жетінші рейс. Осы айдың соңына дейін тағы екі рейс келеді деп күтілуде. Қалаға жеткізілген дәрі-дәрмектердің жалпы көлемі шамамен 7,5 млн қаптама. Кедендік рәсімдеуден соң препараттар қала дәріханаларына бөлінетін болады. Қала әкімдігі тарапынан дәрі-дәрмек жүктерінің жедел рәсімделуі үшін пәрменді шаралар жүзеге асуда. МКД-нің Алматы қаласы бойынша «Жетісу» Кеден посты басшысы Талғат Жаңбырбаев елімізге келіп жеткен медициналық заттары бар гуманитарлық және коммерциялық жүктерді рәсімдеу уақытының едәуір қысқарғанын атап өтті.
«Гуманитарлық жүктер кедендік төлемдерсіз, тез арада рәсімделуде. Рәсімдеу уақыты 5-10 минут. Фармкомпаниялардың коммерциялық  партияларын рәсімдеуге 10-20 минут кетеді. Айта кетерлігі, қазір тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көштік. Бұрын түнде келген жүк таңертеңгісін рәсімделетін. Қазір келген жүкті дер кезінде рәсімдеп, күндіз де, түнде де дамыл таппай, жұмыс жасаудамыз. Біз үнемі байланыстамыз, өйткені  өмірлік маңызы бар жүк бір минутқа да кешікпеуі тиіс», – деп атап өтті Т.Жаңбырбаев.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ