20-23 тамыз аралығында Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Қазақстан ұлттық театрларының V республикалық фестивалі өтеді.
Аталған шараға танымал театр сыншылары мен артистер қауымы әділ бағасын беріп, қазылық етеді. Олардың қатарында Е.Жуасбек, М.Токарев, А.Еркебай, С.Қамиевтер бар.
Дәстүрлі фестивальдің ашылу салтанаты 20 тамыз Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында өтеді. Шара барысында еліміздің түкпір-түкпірінен келген этникалық театр ұжымдары көрермен қауымға өнерлерін паш етіп, бағын сынайды. Киелі сахна төрінде «Махаббат туралы поэма» спектакль-эпосы, «Ақ келіннің махаббаты мен өлімі» трагедиясы, «Қасқыр ұлыған түн» және «Ақ бас бүркіт» драмасы, «Апат» музыкалық пластикалық спектаклі сахналанады.
Фестиваль – актер мен режиссердің тәжірибе алмасу алаңы. Осындай шара арқылы шығармашылық даму мен жаңа бағытта ізденуге мүмкіндік туатыны анық. Ал этникалық бағыттағы фестиваль көпұлтты еліміздің тілдік және мәдени сан алуандығының сақталуына, мәдениаралық достық қарым-қатынастың беки түсуіне оң ықпал етері сөзсіз. Осы арқылы еліміздің этникалық театрлары сахна төрінде түрлі этностың өнерін, мәдениетін насихаттайды. Фестиваль ұйымдастырушылары қазақ елінің бай мәдениетін адан ары дамытуды мақсат тұтады.
Биылғы шараға Шымкент қалалық Өзбек драма театры, І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры, К.Қожамьяров атындағы Мемлекеттік республикалық академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры, Республикалық академиялық корей музыкалық комедия театры, Қостанай облыстық орыс драма театрлары қатысады. Олардың өнерін Қостанай қаласының тұрғындары мен қонақтары төрт күн бойы І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының сахнасынан тегін тамашалай алады.
Фестивальдің салтанатты жабылуы мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаевтың, Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың, Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетовтің қатысуымен 23 тамыз күні Жастар сарайында өткізіледі.