Павлодар – ең таза қала
Павлодар – ең таза қала
357
оқылды

Павлодар қаласы әкімінің бастамасымен Taza Qazaqstan республикалық акциясы аясында қала орталығында экологиялық шара өтті. Оған Nur Otan партиясы қалалық филиалының ұжымы, қаладағы мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар қызметкерлері белсене қатысты.

Шара кезінде ағаштарға күтім жасау, шағын сәулеттік нысандарды бояу және ағарту, тұрмыстық қалдықтар шығарыл­ды. Акцияға «Замандас» ардагерлер клубының мүшелері де атсалысты.

«Замандас-Павлодар» директоры Н.Әмірғалиева тазалық шарасы туралы айтты.

– Павлодар еліміздегі ең таза қала­лар­дың тізімінде алдыңғы орында тұр. Осыны мақтанышпен айтамыз, – деді ол.

Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қанат Желдібаевтың айтуынша, акцияның қатысушыларына ПИК берген өтініштер бойынша бояу мен әк таратылды. Жиналған қоқыстар­ды шығаруға түрлі техника ұйымдасты­рылды. Бүгінгі таңда 30 өтініш бойынша жұмыс атқарылды. Аулалар әдемі және таза болуы үшін жұмыстар жалғасады.

Павлодар тұрғыны Надежда Иванова қалада тазалық ұдайы сақталатынын айтты.

– Мұндай сенбілік өте қажет. Қаламыздың таза, жайлы және әдемі болуы үшін тазалық шараларын мүмкін­дігінше жиі өткізген жөн. Бұл – еңбек тәрбиесінің және туған жеріне деген қамқорлықты сөзбен емес, іс жүзінде көрсетудің бірден-бір үлгісі, – деді қала тұрғыны.

Павлодар қаласының әкімдігі қаланы тазалауға қатысқан тұрғындарға алғысын білдірді.