Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова 2 апталық карантиннің нәтижелерін баяндады.
«23 шілдеде республика бойынша коронавирус инфекциясының 76 799 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 48 202 науқас немесе науқастардың 63 пайызы емделіп шықты. Сырқаттану тәулігіне 1600-1700 жағдай деңгейінде тұрақтанды. 5 шілдеде қатаң шектеу шаралары енгізілген сәттен бастап екі аптада республикада коронавирустың 21 532 жағдайы тіркелді. Алдыңғы екі аптамен салыстырғанда сырқаттану бір деңгейде қалып отыр», - деді Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, маусым айында сырқаттанудың апталық өсу қарқыны 1,3-тен 2 есеге дейін өскен.
«5 шілдеде қатаң шектеу шаралары енгізілгеннен бастап сырқаттану деңгейінің өспегені байқалады», - деді ол.