Ақмола облысының аумағында блокпостар қойылады, деп хабарлайды облыстың ішкі саясат басқармасы.
Аймақта коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін 24 шілде күні 00:00-ден бастап Ақмола облысында карантиндік шаралар енгізілді, ол локдаун аяқталғанға дейін әрекет етеді.
Бурабай ауданы ерекше бақылауда болады, мұнда 6 пост бар, 7 мобильді топ жұмыс істейтін болады. Зеренді және Ерейментау аудандары да кіретін жол жабылады. Мұндағы бақылау-өткізу пунктері Сайдалы және Самал көлдерінің жолдарында орналасқан.
Полиция департаментінің хабарлауынша, аймақ аумағында 11 блокпост пен 10 мобильді топ жұмыс істей бастайды. Мұнда 100-ге жуық полиция қызметкері қызмет етеді.
Еске сала кетейік, Ақмола облысының бас санитар дәрігерінің облыстағы рекреациялық және курорттық аймақтарда карантиндік іс-шараларды күшейту туралы қаулысы шыққан болатын. Басқарма қызметкерлері азаматтарды уақытша шектеулерге түсіністікпен қарауға және аймақтағы эпидемиологиялық ахуалды жақсарту үшін ережелерді қатаң сақтауға шақырады.