Полиция өкілдері Түркістан облысы Шорнақ ауылындағы қақтығысқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды өңірдің Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшылары қақтығыстың тууына 21 шілдеде Шорнақ аулындағы тұрғындарының жанжалдасуы себеп болғанын хабарлады.
Полицияның мәліметінше, қақтығыстан кейін белгісіз біреулер жанжалға қатысқандардың бірінің үйіне және туыстарына тас лақтыра бастаған.
Сол кезде оқиға орнына Кентау қаласының учаскелік полицейі келген. Ол жарақат алған.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде оқиға орнынан видео тараған. Полицейдің беті және киімі қан болған.
"Аталған ақпаратты алысымен оқиға орнына алғашқылардың бірі болып, осы аймаққа бекітілген учаскелік полиция инспекторы Нұрлан Құралбаев жеткен. Ол ауыл тұрғындары арасындағы түсінбеушілікті тоқтатқан. Тұрғындардың қару қолдануына жол бермеген. Осылайша учаскелік полиция инспекторының жедел әрекет етіп, дұрыс жұмыс жүргізгенінің арқасында дау-дамай, бұзақылық тоқтап, адам шығыны болмаған. Алайда, өз қызметін атқару барысында полицей күдіктілер атқан тастан жарақат алып, ауруханаға жеткізілген және оған медициналық көмек көрсетілген", - дейді полиция өкілдері.
Жүргізілген іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 4 азаматты анықтап, ұстады. Оның 2-еуі соттың шешімімен қамауға алынды. Қазіргі уақытта орын алған оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. Бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.