Әншілердің «тыққан-пыққаны» таусылған ба?
Әншілердің «тыққан-пыққаны» таусылған ба?
216
оқылды
Әнші Бүркіт өткенде Пре­зидентке желі арқылы үндеу жолдады. Мәні сол – карантинді жеңілдетіп, мекемелердің жұмы­сын жандандыруын сұрады. «Біз түрлі аудандарға барып, халыққа азық-түлік үлестіріп көмектесіп жатырмыз. Алайда барлығына көмектесу мүмкін емес. Аз қам­тылған отбасылардың жағдайын көріп отырмыз. Күнкөрісін күн­делікті жұмыспен тауып жүрген такси жүргізушілері, тазалық­шылар, даяшылар, базарды жа­ғалаған көпшілік қиын жағдайға тап болды және бұған жай қа­рап отыру оңай емес. Соған бай­ланысты карантинді жеңілдетіп, көптеген компания және меке­мелерге жұмысын жандандыруға мүмкіндік беруді сұраймын. Әрине, олардан карантин талап­тарын сақтауды талап ету керек. Бұл азаматтардың жағдайын жеңілдетеді деп білемін. Әйтпесе халық жақында коронавирус­тан емес, аштықтан өледі» деген болатын. Әншінің бұл сөзінен соң Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова әртістер табысынан айырылған жағдайда көмек алуына болады деді. Осы сөзден соң Үкіметтің жәрдем­ақысына талас қыза түсті. ТЖ кезінен бері үйде отырған ән­шілер бірінен-соң бірі әлеуметтік төлем ала бастады. Олардың қатарында Қарақат Әбілдина, Бағлан Әбдірайымов, Дәурен Айдарқұлов, Серікбол Сайлау­бек, Дидар Кәден, Сара Жүніс­бек, Әзімбек Байлин және өзге де жұлдыздар бар. Олардың кейбірінің тойдағы 1-2 ән айту үшін табатын табысы бірнеше миллион болатынын ұмытпаған жөн. Одан бөлек, Instagram-да миллионға жуық оқырман жи­нап, жарнамасының бағасын шарықтатқан блогер­лердің ішінде де көмек алғандар аз емес. Мәселен, отандық арна­дан бе­рілетін ток-шоудың экс-қаты­сушысы Дина Төкенова stories-ке 42 500 теңге түскен скрин­шотты салып, сол бойда жаратып тастағанын айтқан болатын. Ресейлік әншілер де жәр­демақыға өтініш берген. Бұл тізімде Николай Басков, Вале­рия, Дима Билан, Чулпан Ха­ма­това, Яна Рудковская және өзге­лері бар. Біздің әншілермен салыстырғанда, ресейліктер ЖК, ЖШС болып тіркелген кәсіптері үшін сұраған. Салық төлеп, про­дакшн не корпорацияларына қызметкер ұстап отыр. Карантин кезінде қол астындағыларға жа­лақы беру қиындай түскені мен кәсіптің тоқтап қалуына байла­нысты өтініш тастаған. Бір қы­зы­ғы, салық бойынша қарызы бар Стас Пьеха, Оксана Самой­лова, Виктория Боня және т.б жұлдыз­дарға субсидия беріл­меген. Пандемия кезінде көмектесіп жатқан жұлдыздар да жоқ емес. Көмекке мұқтаж отбасыларға ақ­шалай не азық-түлік, дәрі алып беріп жатқандар бар. Жа­рия болмағаны қаншама. Тыныс алу аппараттарын жеткізу үшін ақша жинасқандар ескерусіз қалмауы тиіс. Әлемдік жұлдыз­дарға кел­сек, коронавируспен күреске 1 мил­лион доллардан берген Риан­на, Джей Зи, Ма­донналар­дың кең жүрегін айтпай кету мүмкін емес. Қызметкеріне қалтадан төлер қаражат болмай жәрдемақы сұраған бір басқа, қарақан басына 42 500 сұраған бір басқа болса керек. Әлде әншілерімізге той-бизнестен тапқан ақшаны тиімді жұмсауға қатысты курстан өту керек пе?  

Айша ЕРСҰЛТАН