Жаңа қызметке тағайындалды
Жаңа қызметке тағайындалды
332
оқылды

Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияны қайта жандандыру аясында өңірлердегі жұмысты күшейтуді тапсырды. Филиал басшысы Б.Бақауовтың ұсынысымен партия хатшысы Илья Теренченконы Павлодар облыстық филиалының бірінші орынбасары етіп ауыстыру жөнінде шешім қабылданды.

Nur Otan партиясы Төрағасының Бірін­ші орынбасары Бауыржан Байбек өз кезе­гінде Илья Теренченкоға партиялық қыз­­меттегі сіңірген еңбегі үшін алғыс білдіріп, жаңа жұмысына сәттілік тіледі.

– Партияның дамуына қосқан үлесі және сайлау науқанына белсенді қатысып, бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға атсалысқаны үшін партияластар атынан И.Теренченкоға алғыс білдіремін. Оның орталық деңгейде жинаған тәжіри­бесі алдағы жұмысына игі әсерін тигізеріне сенімдімін, – деді Бауыржан Байбек.

Сондай-ақ Саяси кеңестің аймақтық бюро­сының ұсынысымен Nur Otan пар­тия­­сы Батыс Қазақстан облыстық филиа­лы төрағасының бірінші орынба­сары болып Мұрат Мұқаев тағайындалды. Ол бұл тағайындауға дейін Орал қаласының әкімі болып жұмыс істеді.

Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Батыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында облыстық фи­лиал­дың барлық деңгейдегі мәсли­хат­тар­дағы фракциялармен жұмысын айтар­лықтай күшейту керегін айтқан болатын.

– Қазіргі таңда партияның алдында тұр­ған ең басты мәселе – халықтың сені­мі. Біз өзекті мәселелерді бірлесе отырып шешу үшін депутаттармен өзара жұмыс істеу барысын қайта қарап, күшейтуіміз қажет. Бүгінде аймақтардағы фракция­лар­дың жұмысы кейбір жағдайда уақыт талап­тарына сай келмейді. Партиялық бақылау жүйесі арқылы атқарушы орган­дардың жауапкершілігін арттыру керек. Ха­лықтан келіп түскен өтініштердің ешқай­сысы назардан тыс қалмауы тиіс. Бірінші жартыжылдықта филиалда қала әкімі орынбасарларының азаматтарды қабылдауы өтпеген, – деді Бауыржан Байбек.

Айта кетейік, Елбасы, Nur Otan партия­сы­ның Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың партияны қайта жандан­ды­ру және кадрларды жаңарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бұған дейін Ерлан Каналимов Нұр-Сұлтан қалалық партия филиалы төрағасының бірінші орынба­са­ры болып тағайындалды. Сондай-ақ жұмысына байланысты атына көптеген арыз-шағымдар түскен Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының бірінші орынбасары қызметінен босатылып, орнына бұрын «Айқында» абыройлы қызмет атқарған, кейінгі жылдары Түркі­стан облыстық Ішкі саясат басқармасын бас­қарған Бейсен Тәжібаев тағайындалды.