Уәде етілген миллионды қашан береді?
Уәде етілген миллионды қашан береді?
© коллаж: Әсел Балтақызы
229
оқылды
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы Қытай елшісінің «Қазақстандағы жұмбақ індет» туралы мәлімдемесінен кейін арнайы тексеріс жүргізіп, «елдегі бұл дерт коронавирустан туындаған пневмония, яғни бұл да КВИ-дің салдары» деп мәлімдеген еді. Біз отандық дәрігерлермен сөйлесіп, олардың қаншалықты үстемеақы мен бірреттік төлемге қол жеткізгенін сұраған едік. Анығын айтсақ, дәрігер жұмыс барысында ауру жұқтырса ғана үш категорияға бөлінген үстемеақыға қол жеткізе алады. Бірақ вирус жұқтырған дәрігерлерге берілетін бірреттік әлеуметтік төлем жүйесі әлі де реттелмеген. Бюрократиялық кедергілер үш-төрт айдан бері қауіпті індетпен күресіп жүрген, психологиялық күйзеліске түскен дәрігерлердің өзіне тиесілі қаржыға қол жеткізуіне кедергі боп тұр. Естеріңізге салсақ, дәрігер­лерге үстемеақы 2020 жылдың 1 наурызынан бастап ай сайын төленуі тиіс. Сәуір айында шық­қан, экс-министр Елжан Біртанов қол қойған «Денсаулық сақтау ұйымдарының COVID-19 инфек­циясымен күрес аясында эпиде­мияға қарсы шараларға қатысқан қызметкерлерге қаржылай қолдау көрсету туралы» бұйрығына сәй­кес, үстемеақы алатын дәрігерлер қауіп деңгейі бойынша үш топқа бөлінген. Вирус жұқтыру қаупі өте жоғары топқа ең төменгі жа­лақының 20 еселенген мөл­шері, яғни 850 мың теңге, екінші топқа ең төменгі жалақының 10 есе­ленген мөлшері – 425 мың теңге, үшінші топқа – ең төменгі жала­қының 5 еселенген мөлшері – 212,5 мың теңгеден аспайтын үстемеақы төленуі керек. Сондай-ақ жұмыс барысында вирус жұқтырған дәрігерге берілетін бір реттік әлеуметтік төлем 2 млн теңге деп белгіленсе, қайтыс бол­ған дәрігердің отбасына 10 млн көлемінде өтемақы төленуі тиіс-тін. Қазірше Қазақстан бойынша дәл осы төлем түрі ешкімге төлен­бепті. Мұны әлеуметтік желіде белсенді дәрігерлер де растап отыр. Бұл мәселені журналистер Денсаулық сақтау министрі Алек­сей Цойдың алдына төте­сінен қойған еді. Алексей Цой бұл түйт­кілдің Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі аясында қа­рас­тырылып жатқанын алға тартты: – Біз аймақтардан тізімді алып, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігіне жол­дадық. Қазіргі таңда медицина қызметкерлерінің жұмыс бары­сын­да коронавирус инфекциясын жұқ­тырғаны дәлелденген жағдай­лар саны – 123, қайтыс болған­дар – 59 адам. Мұның бәрі Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде қаралып жатыр, – дейді. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, егер медицина қыз­меткерінің коронавирусты жұқ­тырғаны анықталса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін бір реттік әлеуметтік төлемдер 2 миллион теңге, ал қай­тыс болған жағдайда 10 мил­лион теңге. Өкінішке қарай, қа­зірше пневмония жұқтырған не­месе соның салдарынан қайтыс бол­ған дәрігерлер мен медбике­лерге бұл төлем берілмейді екен. Бұл туралы Алексей Цой: «Қа­былданған заңда жұмыс орнында жұқтырған, қайтыс болған және коронавирус инфекциясына оң нәтиже көрсеткен медицина қыз­мет­керлеріне ғана өтемақы қарас­тырылған» – деп қысқа қайырды. Бірақ бұл мәселені әлі де қа­растыруға уәде берді. «Егер ортақ санаққа кірсе, біз мұны да қарас­тыруға дайынбыз. Қазіргі таңда төлем жасау мәселесі нормативті-құқықтық актілерге өзгерістер енгізуді талап етеді. Біз әріп­тестерімізбен мұны да талқылап жатырмыз», – деп мәлімдеді. Ра­сында да, бұл қоғам назарын­дағы үлкен мәселе боп тұр. Ес­теріңізге сала кетсек, пневмония­дан қайтыс болған Шымкенттегі 9 медицина қызметкерінің от­басына 10 миллион теңге көле­міндегі әлеуметтік төлем беріл­ме­ген еді. Себебі ресми диагноз – пневмония. Дүниежүзілік Денсаулық сақ­тау ұйымының мәлімдемесі Қазақстан билігін пневмония мен коронавирус статистикасын жыл­дам біріктіруге итермелеп отыр. Тамыздың басында нақтыланған сан ресми жариялануы керек.  

Өкінішке қарай, үшінші санат бойынша үстемеақы ала алмай жүрген медицина қызметкерлері де жоқ емес. Өз атының баспа­сөзде жарияланғанын қаламаған медбике Нұр-Сұлтан қаласын­дағы клиникаларының бірінде жұмыс істейді. Оның айтуынша, наурыз айында инфекциялық ауруханаға мамандар жетпеген соң, оған отбасылық дәрігер, педиатрларды да көптеп тартқан.

  Инфекционист дәрігер Жа­ды­расын Қожаназарова Инфек­циялық ауруханада жұмыс істейді. Оның айтуынша, мұндағы дәрі­герлер бірінші санат бойынша 850 мың теңгеге дейінгі үстемеақыны алып жатыр. Сондай-ақ жедел жәрдем мен медициналық жәр­дем қызметкерлері де тиісті нәпақысына қол жеткізген. – Шындап келгенде, пнев­мония мен коронавирус статис­тикасын неге қоспасқа? Мұны көп адам түсіне бермейді, – деп сөз бастайды білікті дәрігер. «Өкінішке қарай, Қазақстанда дәрігерлердің негізгі жалақысы аз. Дәрігерге бес санат бойынша жалақы тағайындалады. Менің білуімше, осыған дейін үшінші категория бойынша жалақы – 75 мың теңге, екінші категория – 82 мың теңгедей, бірінші категория 94 мың теңгедей боп келді. Мәселен, біздің ауруханамыз да, емханамыз да жартылай жеке­меншік боп саналады. Сол себептен дәрігерлер мемлекеттік бағдарламалар бойынша үй кезегіне тұра алмайды. Күйеуі мен әйелі бір ауруханада жұмыс істесе немесе екеуі де бірдей дә­рігер болса, жалақының төмен­дігінен үй алу мүмкіндігі жоқ. Мәселен, мен танитын дәрігер­лердің 80 пайызында баспана жоқ. Жалақы аздығынан инфек­ционист мамандығына келген жастардың біраз бөлігі бұл са­ла­дан көп ұзамай кетіп жатады» – деп өкінішін білдірді. Жадырасын Қожаназарова жағымды жаңалықтар барын да жасырмайды. – Аллаға шүкір, карантиннің арқасында ауруханаға түсіп жатқан науқастар саны азайып жатыр. Бұрын күніне 100-ге дейін науқас түсетін, қазір күніне 20-25 адам денсаулығына шағым айтып келеді, – дейді. Медицина қыз­мет­керінің айтуынша, пандемия біткеннен кейін дәрігерлерге демалыс қажет. Бұл орайда ин­фек­ционист дәрігер: «Психоло­гиялық тұрғыдан өте қиын. Өкі­нішке қарай, кейбір науқастар өте ауыр халде түседі, кейбірі реа­нимацияға жетпей жатады. Мұ­ның бәрі күйзеліске әкеліп соғуы мүмкін. Мәселен, өлім жағдайы болса, сол пациент көз алдыңнан кетпей жүреді, іштей уайымдай­сың. Адами тұрғыдан да, меди­циналық жағынан да қиын тұстар бар» – дейді. Өкінішке қарай, үшінші санат бойынша үстемеақы ала алмай жүрген медицина қызметкерлері де жоқ емес. Өз атының баспа­сөзде жарияланғанын қаламаған медбике Нұр-Сұлтан қаласын­дағы клиникалардың бірінде жұмыс істейді. Оның айтуынша, наурыз айында инфекциялық ауруханаға мамандар жетпеген соң, оған отбасылық дәрігер, педиатрларды да көптеп тартқан. – Біздің жақын араласатын дос дәрігерлеріміз Инфекциялық ауруханаға барып, коронавирусты жұқтырып алды. Екі апта оқшау­ланып, емделді. Бірақ ПТР тестін тапсыру мүмкін болмады. Арнайы тест болмаған кез естеріңізде шығар? Осылайша, үшінші кате­гория бойынша төленуі тиіс 212 мың теңгеге қол жеткізе алмай жүргендер бар. Жалақымыз аз. Бұрын дәрігерлердің өзі 73 мың­дай алатын, қазір үстемеақы қос­қанның өзінде жалақы 130 мың теңгедей. Медбикелер 100 мың­дай алады. Пәтер жалдаудан, азық-түліктен артылмайды. Неге дәрігер, медбике індетті үйде не ауруханада жұқтырғанын дә­лелдеуі керек? Біз соны түсінбей­міз, – дейді. Естеріңізде болса, Алматы­дағы №12 орталық клиникалық аурухананың қызметкерлері Мем­лекет басшысы тағайындаған 2 миллион өтемақының беріл­мегенін айтып, мәселені ақпарат құралдары арқылы жариялаған еді. Бұған қатысты Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова 820 медицина қыз­меткерінің 66 пайызы ауруды науқастарға күтім жасап, оларды емдеу барысында жұқтырмағанын алға тартқан болатын. Мамандардың айтуынша, ме­дицина қызметкерлерінің ста­тусын көтеретін арнайы заң қажет. Әсіресе, әлемдік пандемия медицина саласына ерекше назар аудару қажетін көрсетіп отыр. Пандемияны еңсерген соң, бұл салада оң өзгерістер болуы мүм­кін. Бұған дейін Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустан қайтыс болған­дарға арнайы ескерткіш қою қажет екенін айтқан еді. Пре­зиденттің арнайы жарлығының негізінде қайтыс болғаннан кейін білікті дәрігерлер Олег Исаев пен Қалихан Қозбағаровқа жоғары дәрежедегі «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен ерекше белгі «Ал­тын жұлдыз» және «Отан» ордені берілген еді. Жалпы, корона­вируспен күрес жолында қайтыс болған 42 медицина қызметкері түрлі дәрежедегі ордендермен марапатталды. millioni1 Сондай-ақ билік басында­ғылар медицина мамандарына осындай қиын кезеңде, өлім мен өмір арпалысқан заманда өз қызметін адал орындап жүрген­деріне алғыс білдіріп-ақ келеді. Бірақ әр еңбектің өз деңгейінде бағалануы тағы бар. Мамандардың болжамы бойынша, пандемия біткен соң әлем бойынша меди­цина саласынан қол үзіп, басқа салаға кететіндер саны күрт кө­бейе түспек. Мамандарды қайтіп бұл салада қалдырамыз? Сөзсіз, ең алдымен, жоғары жалақы, клиниканың меншік нысанына қарамастан, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына барлық медицина қызметкерінің бірдей қол жеткізуі әрі дәрігер стату­сы­ның көтерілуі басты назарда болуы керек.  

Кәмшат ТАСБОЛАТ