826 жобаның жемісі көріне бастады
Негізі, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында бағдарын тауып қойған жұмыстар да баршылық. Мәселен, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламар басқармасының мәліметіне сүйенсек, құны 61 миллиард 167 миллион 600 мың теңге болатын 826 жобаның жұмысы басталып, кейбірінің құрылысы аяқталып үлгерген. «Аталған бағдарламаның арқасында бүгінде өңірімізде жұмыссыздық мәселесі біртіндеп болса да өз шешімін тауып келеді. Мәселен, биылдың өзінде облыста 19 599 жұмыс орнын ашу, оның ішінде 9 850 жамбылдық азаматты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа тарту жоспарланған еді. Бүгінде нақты 16 435 адам жұмысқа тартылса, оның ішінде 8 462-сі жұмысқа жол картасы арқылы орналасты. Жыл аяғына дейін тағы бес жобаны жүзеге асыру арқылы қалған азаматтарды жұмыспен қамтитын боламыз», – дейді басқарма мамандары. Жалпы, бұл бағыттағы жобаның басым бөлігі Қордай ауданында мықтап қолға алынуда. Онда бүгінде 144 жобаның жұмысы жүргізілуде. Одан бөлек, Сарысу ауданы Жаңатас қаласындағы №2 ықшамаудан бойынша №24 үйді қайта қалпына келтіру жұмысы жүргізілуде. Аталған моноқаладағы бұл нысан бойынша 114 адам жергілікті жерден жұмысқа тартылған. Осы тектес бұл ауданда биыл 24 жобаны жүзеге асыру көзделген. Жуалы ауданында да 28 жобаға жан бітіп отыр. Бағдарлама бойынша ауданда осы жылы жұмысқа тартылуы тиіс 865 адамның 433-і жергілікті тұрғын болуы керек болса, оның 260-ы жұмысқа орналастырылған. – Жұмысшылардың еңбекақысы 85 мың теңгеден төмен болмауы қажет. Жол картасының талаптары мен шарттары бойынша іс басында жүрген азаматтардың дені жергілікті тұрғындар. Жұмысқа тартылған тұрғындар арасында жұмыссыз жастар да бар. Олар мұнда халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жолданған. Біз мақсат етіп отырған тағы бір мәселе – осы бағдарлама аясында жұрттың тұрақты жұмысқа орналасуы. Мәселен, жыл аяғына дейін ауданда 74 адамды тұрақты жұмыспен қамтимыз деген ниеттеміз. Бұл меже бір елді мекенге ауызсу құбырын жүргізу үшін су сорғы нысаны салынса, ондағы құрылғылардың қалыпты жұмысын қадағалайтын маманды немесе жаңадан ашылған нысандарға қойылатын күзетшілерді жергілікті азаматтар арасынан тарту арқылы орындалады, – дейді Жуалы ауданы әкімдігінің инспекторы Мұрат Алматұлы.9 ауылдан 9 спорт алаңша
Мемлекеттік бағдарлама аясында биыл Мойынқұм ауданында қарқынды жұмыс қолға алынуда. Бір ауданның өзінде ағымдағы жылы тоғыз спорт кешенінің кірпіші қаланып жатыр. Оның алғашқылары 6 шілде елорда күніне орай пайдалануға берілді. Атап айтсақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Күшаман ауылында шағын футбол алаңшасы ашылды. Күшамандағы шағын футбол алаңшасының құрылысын «Ұланжомарт» жеке кәсіпкері жүргізген. Алаңшаның сметалық құны – 10 573 000 теңге. Нысанның құрылысы жоспарлы түрде жүргізіліп, белгіленген мерзімде ел игілігіне беріліп отыр. Бұдан бөлек, бұл күні Шығанақ ауылында да кіші футбол, үстел теннисі мен Street Workout алаңшалары елге есігін айқара ашты. Аталған нысанның жобалық құны – 12 710 000 теңге. Құрылысқа жауапты «Нұрлыхан» жеке кәсіпкерлігі жоспарлы жұмысты жүйелі атқарып, дер кезінде тапсырып отыр. – Жалпы, 9 ауылдағы құрылысты маусым-шілде айларында аяқтау жоспарланған. Қазіргі таңда екі нысанды пайдалануға берсек, Мыңарал ауылындағы алаңшалар да дайын болып қалды. Онда қалғаны тек жарықтандыру жұмыстары. Қалған Құмөзек, Қарабөгет, Мойынқұм, Көкжелек, Айдарлы, Хантау ауылдарындағы кіші футбол, үстел теннисі мен Street Workout алаңшаларының құрылысы жүргізілуде. Мердігер «Айгерім», «Кәусар», «Нұрлыхан» жеке кәсіпкерлігі мен «Талас Сервис» ЖШС құрылыс басында аянбай тер төгіп жатыр. Құрылысқа тек отандық өндіріс материалдары пайдаланылуда. Техника мен жұмыс күші де жеткілікті. Бұйыртса, аталған нысанның барлығы шілде айының аяғына дейін ел игілігіне беріліп қалады, – дейді Мойынқұм ауданы әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мерей Қалдыбеков. Жалпы, бұл шалғайдағы аудан үшін шаттық екені даусыз. Себебі соңғы 30 жылдың бедерінде Жаз-ата ауылында мұндай ауқымды құрылыс жүргізілген емес. Оған қоса, Мерей Бектібекұлының айтуынша, спорт бөлімі келер жартыжылдыққа тағы 4 ауылдан осындай спорт алаңшаларын салуға өтінім беріп отыр екен. Сол кезде тұтас аудан спорт алаңшаларымен қамтылмақ. Иә, қалай алып қарасаңыз да бұл қос қолдап қолдауға тұрарлық. Аталған алаңшалар ауылды жерден әлі талай толағайларды тәрбиелеп шығарарына бек сенімдіміз.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы