Пандемия дерті қазақтың кіл мықтыларын арамыздан жұлып әкетті. Біз қауіпті кеселден кімді жоғалттық? Таразыға салып көрейікші.
Екі бірдей академиктен айырылып қалдық. Олар: Еділ Ерғожин мен Көпжасар Нәрібаев. Еділ ағамыз еңбек жолында 35 доктор мен ғылым кандидаттарын дайындап шықты. 400-ден аса ғылыми жұмыстың авторы. Соның ішінде 5 монография, 2 оқулық, 24 әдістемелік құрал және 160 өнертабыстың авторы. Академик Көпжасар Нәрібаевтың есімін ҚазҰУ-ды бітірген әр маман мақтанышпен еске алады. Академик талай-талай дарынды шәкірттерді тәрбиелеп шығарды. Елге белгілі композитор Кеңес Дүйсекеевті де пандемия кезінде жоғалттық. Ол 200-ге жуық әннің авторы. «Шатақ шал» деген атым бар менің. Өмірде өз ойымды жасырмаған адаммын. Турасын айтамын. Мінезім сондай. Сол арқылы досым да, дұшпаным да көп» деуші еді. Жетпіске келгенінде композитор: «Ертеректе, бала күнімізде ауылдағы қырыққа толған ағаларымыз бізге шал секілді көрінуші еді. Қазір адам қартаймайтын секілді. Жетпіске толсам да, соны әлі мойындай алмай жүрмін» деген еді. Қайран аға!
Сән әлемінде өзіндік орны бар Берік Исмаиловты да қауіпті кесел жұлып әкетті. Видеолардың бірінде өздері тіккен бетперделерді көрсетіп жатып, тігіншілерге: «Аянбаңыздар, бәріңізге де Алладан қайтады», – дейді жақсы аға. Пандемия басталған тұста бетперде тігіп, елге тегін таратқаны есте. «Қамшының сабындай дейтін ғұмырды бейнелі елестетсең, ол қамшының жуандығы, яғни сенің өміріңнің маңызды болуы тек қана өзіңе, еңбегің мен ниетіңе байланысты дер едім» дегені де жадымызда қалды.
Қазақстанның Еңбек Ері Сайранбай Дөненбаев та қауіпті кеселден қайтыс болды. «Қой шаруашылығы деген – атадан қалған кәсіп. Әке ақ таяғын аманаттап берді. Бұл шаруашылықты басқару – алғашында қиын болғаны рас» деген екен бір кездері. Бүгінде республикаға малды асылдандырумен танылған қожалық қой мен жылқы етін эскпортқа шығарып, әлемге танылған еді.
Жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы мен Жанат Ахмади де дерттен көз жұмды. Қазаққа бірі «Тар кезең» сияқты ұмытылмайтын шығарма ұсынса, екіншісі «Дүрбелең» атты роман жазып, «Есенгелді би», «Жарылғап би» сияқты кесек дүниелерін оқырманына тарту етті. Қажығали аға бір сұхбатында: «Зиялы қауымның сөзіне жүгінетін еді...» деп қана емес, бұдан былай да халық тек зиялы қауымның сөзіне ғана жүгіне бермек! Өйткені бұдан басқа жол жоқ! «Зиялы қауым» деген – қай халықтың да беткеұстары, игі жақсысы, бары да сол, нары да сол! Ал даңғаза мен дақпырттың ортасында жүрген «секеңбайлар» ешқашан ұлттың бағдаршамы болған емес, бола алмайды да» деген екен. Ал ақын Бақыт Беделхан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «ХХІ ғасырдың Майқы биі деп мәртебе тұтып жүрген Жанат Ахмади ағамыз да пәниден бақиға жол салыпты. Қазыналы қария болады-ау, – деп жүргенде, бұ кеткені не еткені?! Қазақ қаламгерлері мен қабырғалы қалың жұртқа қайғыра көңіл айтамын. Баладай жетелеп, данадай құрметтеп, қадір-қасиетін қаймақтай қалқытып жүрген жеңгемізге Құдай қуат берсін» деп жазды. Ұлттың бағдаршамы болған қайран ағалар! Тура бүйірден тиген қу кеселден құтқара алмадық, амал не?!.
Белгілі режиссер Қалдыбай Әбеновтің де дәм-тұзы таусылды. Көрерменіне «Аллажар» фильмін ұсынған танымал режиссердің соңғы жылдары дерті асқынып жүр еді. Әлемді әбігерге салған мына кеселмен күресе алмаған секілді... Әттең-ай, дерсің...
«Өмір сүріп күнменен,Айды сүйем түнде мен.Ай да, күн де жақсы ғой,Бірін-бірі білмеген» деп жазып,
қалың көпшіліктің ризашылығына ие болған Қайрат Дүйсен де өмірден өтті. Ақын ең соңғы жазбасында: «Кеше жедел жәрдем келіп, «өкпеңіз таза» деп үміттендіріп кетті. Алайда менікі қып-қызыл арпалыс» деген екен. Арпалысып жатып, ана дүниеге кете барды...
Әбіш Кекілбаевтың жары Клара Жұмабайқызы бүкіл қазақ зиялы қауымына танылған аяулы азаматтардың бірі еді. Әбішті таныған қазақ жұртының Клара апайға құрметі бөлек болатын-ды...
Дерттен көз жұмғандардың қатарында дінтанушы ғалым Әбдіғаппар Сманов пен Зәкәрия Сманов, спорт комментаторы Диас Омаров та бар. 5 шілдеде қазақ кино өнері танымал каскадер Мұрат Мұқашевтан айырылып қалды.
Қалың жұртқа «Терісқақпай» театры арқылы танылған Ғабит Мүсірепов атындағы Жасөспірімдер мен балалар театрының белді әртісі Дархан Дайырбек те пандемияның құрбаны. Өмірінің соңғы күндерінде жансақтау бөлімінде өмір мен өлім арасында біраз арпалысты. Сұм ажал дарынды актерді арамыздан жұлып кетті. Қазақ журналистикасында да орны толмас қаза. Төрт бірдей білікті журналист дерттен көз жұмды. Бірі – Қуандық Шамахайұлы, екіншісі – Мира Мұстафина. Жолдасбек Дуанабай мен Үмітхан Алтаева да қазақ журналистикасының белді өкілдері. Әріптестеріміз де өмірінің соңғы күндеріне дейін қолынан қаламын тастаған жоқ. Бірі – «Жас Алаш» газетінде, енді бірі – «Оңтүстік Қазақстан» газетінде еңбек еткен. Мира Мұстафина – «Литер» газетінің белді шолушысы болды.
70-ке жуық танымал өнер адамдары, елге белгілі тұлғалар қауіпті кеселден көз жұмыпты. Ардақты азаматтарымызды қауіпті дерттен сақтай алмадық. Араша түсе алмадық. Әттеген-ай!!!
Өмірге құштар, елін-жерін сүйген ардақты азаматтар мезгілсіз кете барды... Бәрінің жақсылығы Алладан қайтсын!