Аталған өңірлерде жалпы ауданы 18 696 мың гектар жер өртенді. Соның 16 754 гектары Батыс Қазақстан облысына тиесілі. Бұл өңірдегі өрттің шығуына 42 градусқа дейін жеткен ыстық және екпіні секундына 15-20 метр күшті жел түріндегі күрделі метеорологиялық жағдай өрттің ең негізгі себебі болып отыр. Салдарынан Ақжайық, Бөрлі, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласында өрт оқиғасы тіркелді.
Ыстық күн райының салдарынан 19 шілдеде 31 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл жолы тілсіз жау Ақтөбе, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, және Қостанай облыстарына жетті. Бұл күні тіркелген ең ірі екі өрт Жамбыл облысындағы 18 мың гектар болған. Өртті сөндіру төтенше жағдай қызметкерлері үшін оңай болған жоқ. Осы екі өрттің бірі аталған облыстың «Мойынқұм орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ аумағында тіркелді. 18 шілде күні құмды жердегі 10 мың га аумақтағы құрғақ шөп пен сексеуіл жанған. Өртті сөндіруге 219 адам, 51 техника мен 1 тікұшақ жұмылдырылды.
Екінші ірі өрт 19 шілдеде Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылынан 100 шақырым жерде, Луговой орман шаруашылығында тіркелді. Бұл өрт Мерке ауданы Сарықоба орманшылығы аумағына өтіп, 8 мың гектарды шарпыған. Өртті сөндіруге ТЖД, ЕӨҚҚ, «Меркі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ, «Луговое орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ 177 адам мен 35 техника тартылды.
Ал 20 шілдеде 27 табиғи өрт тіркелді. Көріп отырғанымыздай күн сайын өрт оқиғасы көбейе түскен. Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Батыс Қазақстан, облыстарындағы өрт жалмаған аумақтың жалпы ауданы 4 501 гектар десек, соның 3 600 гектары Ақтөбе облысына тиесілі екен. 21 шілдеде 33 табиғи өрт оқиғасы тіркелді. Бұл жолы тілсіз жаудың Солтүстік Қазақстан мен Павлолар облыстарына жеткенін көреміз. Дәл осы күні Қостанай облысында 5 бірдей орман алқабына найзағай түсіп, өрт шықты.
Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сүйенсек, Әулиекөл, Қарабалық, Наурызым және Жітіқара аудандарында жерге түскен найзағай сынығынан орман алқаптары өртенген. Барлық өрт уақытында сөндірілді. Соның өзінде тілсіз жау жалпы ауданы 56,47 га орман алқабын шарпып үлгерген, ең бастысы, елді мекендерге қауіп төндірмеді.
«Өрт болған алқаптарға облыстық төтенше жағдай департаментінің өрт сөндірушілері мен орман шаруашылығының қызметкерлері шықты. Жеке құрамның 8 қызметкері мен 2 техникасы, орман шаруашылықтары тарапынан 26 техника мен 64 жұмысшы жұмылдырылды. Зардап шеккендер жоқ. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жедел қимылының арқасында орманды шарпыған өрт дер уақытында сөндірілді», – дейді ТЖД баспасөз қызметі.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері ормандарда рейдке шығып, азаматтарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді. Алайда ыстықта орманға барып демалушылар азаймай тұр. Олар орманда от жағып, тамақ істейді, бірақ үйіне қайтарда оттың шоғын сөндірмей кетеді. Олардың арасында темекі тұқылын көрінген жерге тастай салатындар да кездеседі. Ал мұның салдары орманның өртке орануына алып келеді. Өртті сөндіруге қаншама техника мен адам тартылады. Өрт сөндіруге аз ақша кетпейді, оған өрт сөндірушілердің өміріне төнер қауіпті қосыңыз. Сондықтан аптап ыстықта жанға жайлы орманда демалуға барып жатсаңыз, өрт қауіпсіздігі талабын қатаң сақтауды үйреніңіз.
Айдана БЕГІМ