Былтыр елімізде кәмелет жасқа толмағандар арасында суицидтің 180 фактісі тіркелген. Оның ішінде 121-і ер бала да, 59-ы қыз. Бұлар өзіне-өзі қол салып, көз жұмған жасөспірімдер. Тағы осындай 350-ге жуық қаршадай бала хат қалдырып, өмірмен қоштаспақшы болған жерінен құтқарылған екен. Бұл тек тіркелгендері, ресми органдарға жетпегені бірнеше есе көп екені анық. Алайда он екі де бір гүлі ашылмаған жас өрендер о дүниеге неге асығады? Осының анық-қанығын білу үшін отбасылық психолог Виктория Абросимовамен аз-кем әңгімелесіп, суицидтан құтылудың жолын іздестіруге тырыстық.
– Сізге келіп жүрген балалардың ішінде қайысысы суицидке жақын тұр?
– Менің негізі жұмыс істейтін ортам – 10-16 жас аралығындағы жасөспірімдер. Олардың депрессияға түсуі, көңіл-күйінің бұзылуы, үрейге берілуі секілді түрлі жағдайын бастан өткерудемін. Сіз айтып отырған топты да тәжірибемде кездестірдім. Осы бойынша, қазір 14 жастағы қыз бен 16 жастағы ұл бала психотерапия курсын өтуде. Міне, осы екі жасөспірім былтыр өзіне-өзі қол жұмсамақ болған.
– Олардың мұндай қадамға баруына не түрткі болды?
– Екеуінің жағдайы өте ұқсас, екеуі де жалғыздықты сезінеді. Қызды кішкентайында анасы тастап кеткен. Ал әкесі осыдан бірнеше жыл бұрын қайтыс болған. Әжесімен бірге тұрады. Ұлдың жағдайында ол әкесімен бірге тұрғанымен, өгей шешесі анасының орнын толтыра алмады. Екеуі де жақындарының махаббаты мен ыстық көңіліне қатты зәру. Оны ешкімнен таба алмаған соң іштен жабылып қалған. Біреумен тіл табысып, бейтаныс ортада сезінуден қашады. Олардың айтуынша, одан көрі күретамырды кесіп жіберіп, өмірмен қоштаса салған жеңіл. Әйтпесе, оларды ешкім ұрып-соғып, қорқытып, үркіткен емес. Жеткіншек кезде оларға ең үлкен соққы – қатарластарымен тіл табыса алмауы, олардың алдында ұятқа қалудан қорқуы.
Менің ойымша, жасөспірімдер арасындағы суицидтің басты себептері – олардың жатсынуы мен жалғыздығы, әке-шешесімен байланыстың жоқтығы, өзінің болмысын қабылдамау, өзін-өзі түсінуден қалу, жақындарынан көмек сұрап, өзінің қауқарсыздығын сезіну. Ал ата-анасының ұрысқанынан, махабатымен табыспауынан өзіне-өзі қол жұмсау – екінші жақты фактор. Бірақ суицидтің негізгі себебі емес.