Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы онлайн тапсырыс арқылы құрбандық шалу тәртібін түсіндірді.
Бас мүфтидің айтуынша, онлайн тапсырыстар үшін әр облыста құрбан шалу орындары ашылады. Оған жергілікті әкімдік пен санитар мамандардың рұқсаты беріледі. Тәртіп сақшылары карантин талаптарын бақылайды. Имамдар мен қасапшылар құрбандық шалады. Ал еріктілер етті таратады.
"Тағы бір ескеретін жағдай осы кезге дейін Құрбан шалған азаматтар құрбан етін үшке бөліп, бір бөлігіне ағайын-туыс, көрші қолаңға арнап айттық дастархан жаятын. Пандемия жағдайына байланысты биылғы онлайн бойынша құрбандық шалынған кезде еттің үштен бірі шалған адамға берілмей, түгелдей мұқтаж жандарға үлестірілетін болады", - деді Тағанұлы.
Осы орайда бас мүфти сатушыларды мал бағасын қымбаттатпауға шақырды. Қасапшылар да өз қызметі үшін көп ақша сұрамайды деген үміт бар.
"Осындай қиын-қыстау кезеңде азаматтарды пендешілікке салынып, пайда табу мен алыпсатарлыққа бармай, мал бағасын қымбаттатпауға, халықтың жағдайын ескеруге шақырамын. Қасапшылар да өз қызметі үшін алатын ақысын қымбаттатпайды деп үміттенеміз", - дейді Тағанұлы.
Оның сөзіне қарағанда, діни басқармада және облыстық мешіттер жанынан ақпарат беру орталықтары құрылды. Онлайн құрбандық шалуға қатысты мәлімет алғысы келген кез-келген азамат осы орталықтарға хабарласса болады. Бұдан бөлек, мүфтият құрбандық шалуға арналған роликтер мен жарнамалар жасап шығарады. Ал онлайн құрбандыққа Qurban2020.kz сайтында тапсырып беруге болады.
Бас мүфтидің айутынша, бұл сайт шетелдің тәжірибесі негізінде ашылып отыр. Бүгіннен бастап қашықтан құрбандық шалуға арналған портал 24 бойы жұмыс істейді.