«Қазір төбелесетін кез емес»
«Қазір төбелесетін кез емес»
286
оқылды
Облыстық Полиция департа­ментінің мәліметіне сүйенсек, ауыл тұрғындарының арасындағы жанжал учаскелік полиция инс­пекторының жедел әрекеті арқа­сында тоқтатылған. Оқиға былай болған, 21 шілде күні түнгі уақытта Кентау қала­сына қарасты Шорнақ ауылында, яғни аталған ауылмен шектесіп жатқан Қосмезгіл елді мекенінде екі ауылдас азаматтың ара­сын­да түсінбеушілік болып, ере­гістің соңы төбелеске ұласқан. Көп ұзамай жәбірленушінің үйіне бірнеше автокөлікпен белгісіз адамдар келіп, оның үйі мен көршілерінің ауласына қарай тас лақтырған. Салдарынан жәбір­ленушінің 3 туысы жарақат алып, ауруханаға жеткізіліп, меди­циналық көмек көрсетіледі. Осы кезде жағдайды ести сала оқиға орнына алғашқылардың бірі болып учаскелік полиция инспекторы Нұрлан Құралбаев жеткен. Ол ауыл тұрғындары ара­сындағы түсінбеушілікті, тәр­тіпсіздікті тоқтатқан. Тұр­ғын­дардың қару қолдануына жол бермеген. Осылайша, учаскелік полиция инспекторының жедел әрекет етіп, дұрыс жұмыс жүргіз­генінің арқасында дау-дамай, бұзақылық тоқтап, адам шығыны болмаған. Алайда өз қызметін ат­қару барысында полицей күдік­тілер атқан тастан жарақат алып, ауруханаға жеткізілген және оған медициналық көмек көрсетілген. Оқиға болған жерге жағдайды анықтап, реттеу үшін облыс бас­шылығы мен басқа да құзырлы орындары жедел жетті. Сол кездері әлеуметтік желіде, әсіресе WhatsApp-тан әртүрлі ақпараттар таралып кетеді. Осы­ған орай, тиісті орындар жалған ақпаратқа сенбеуге және ұлтара­лық кикілжіңге жол жоқ екенін айтып, даудың тұрмыстық жан­жалдан туындағанын мәлімдеді. Шорнақтағы жағдай болған сәт­тен бастап басы-қасында жүрген облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов: «Тұрмыстық төбелестің соңы ғаламдық хайпқа ұласпасын! 20 шілде күні ішімдік ішкен азамат өз ауылдасына қоқан-лоққы көрсеткендіктен, екі та­раптың арасында төбелес бастал­ған. Төбелесті тоқтатпақ болған учаскелік полицияға да тас тиген. Бұзақылар ұсталып, оқиғаның мән-жайы анықталды. Екі жақ­тың азаматтары да уақытша қамау изоляторына қамалды. Кімнің кінәлі екенін енді сот шешеді. Арада екі күн өткен соң әлеуметтік желіде қатысушылардың бірі түсірген бейнетаспа жарияланып, әлеуметтік желі қолданушылары арасында ұлтаралық қақтығысқа үндеген жазбалар да көбейе бас­тады. Бүгін бесінші күн қатарынан Шорнақта жүрген адам ретінде айтарым, бұл елдімекенде жағдай қалыпты. Тыныш. Ұлтараздық алауыздықты туындату қылмыс­тық жауапкершілікке жататынын ескертемін» – деп әлеуметтік желіде жазды. «Арандатушылар әлеуметтік желі арқылы тәртіпсіздік жасауға шақырып, жалған ақпараттар таратқан. Полиция қызметкерлері бұл заңсыз әрекеттердің жолын кесті. Ауылдағы тәртіпті қамта­масыз ету үшін полиция қызмет­керлері өз жұмысын күшейтті. Қазір жағдай тұрақты», – дейді полиция басшылығы. Бұл үшін заңға сәйкес қылмыстық жауап­кершілік бар екенін ескертуде. Түркістан облыстық ПД бас­тығы генерал-майор Қайрат Дәлбеков:  «Төбелестен төрт адам жапа шекті. Оның үшеуі ауыл тұрғыны болса, тағы бірі – полицей. Учас­келік инспектор тәртіп бұзған­дарды тыныштандырмақ болған кезде бұзақылар оны таспен ұр­ған. Сонда да ол алған жарақатына қарамастан, төбелесті тоқтатты. Ал зардап шеккендердің барлы­ғына медициналық көмек көрсе­тілді. Бұл оқиғаға қатысы бар де­г­ен 4 азамат ұсталды. Оның екеуі соттың шешімімен қамауға алынды. Әлеуметтік желілерде осы жағдайға байланысты түрлі ақпарат тарап кеткенін айтқым келеді. Олар шындыққа жанас­пайды», – деді. Осы жағдайға байланысты облыс тұрғындары да өздерінің алаңдағанын айтып, пікірлерін жеткізді. «Қазір бет тырнасып, жаға жыртып, төбелесетін кез емес. Керісінше жабыла жұрт болып, мына пандемия індетімен күре­сіп, амандығымызды сақтауды ойлайтын уақыт», – дейді Түр­кістан қаласының тұрғыны Бек­жігіт Сердәлі. Бекжігіт Кенжебекұлының айтуынша, қазіргі ғылым мен ақ­параттың және әлеуметтік желі­лердің дамыған заманында кез келген жағдайды ушықтырмай ауыздықтау үшін дер кезінде бұқараны нақты мәліметтермен хабардар етіп, жіті қадағалап тұрмаса болмайды. Ал енді жік-жікке бөлініп, бір-бірімен жауықтыратын жік­шілдік пен ұлтаралық қақтығыс­тарға бой алдыру деген, ол мемле­кеттік тұрғыдан алғанда құрдымға кетумен бірдей. Әрине, ондай келеңсіздіктер болған жағдайда арнайы құзырлы органдар айналысады, қылмыс жасағанды жазалайтын заң бар. Сондықтан қалай болғанда да, ел ішіне іріткі болатындай келеңсіздіккке жол берілмеуі қажет. Қазір әлеуметтік желінің желдей есіп тұрған кезі. «Сәл нәрсені анық-қанығына бармай-ақ, қаулатып, отқа оран­ғандай етіп ушықтыратын кездер жиі кездесуде. Оның арты үлкен өкінішке дейін апарып жатады. Сондықтан бұл тұрғыда ресми орындар ақпараттар сан түрлі болып құбылып, өрттей қауламай тұрғанда дер кезінде мәлімет беріп үлгерсе дұрыс», – дейді Бек­жігіт Сердәлі. Шорнаққа барып, жұртпен кездескен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жағдайға байланысты барлық шара қолға алынғанын және жағдайдың тұрақталғанын жеткізді. Полиция департаментінің мәліметінше, қазір жанжалдың неден шыққаны, барлық мән-жай тексеріліп жатыр. Бұзақылық фактісі бойынша тергеу жумыс­тары жүргізілуде. Бүгінде жағдай тұрақталғанмен, тәртіп сақшы­лары ауылды қадағалап, бақы­лауда ұстап тұр.  

Телман БЕЙСЕН Түркістан облысы