Көбейтұз ерекше қорғауға алынады
Бұл көл енді айрықша қорғалатын табиғи аймаққа айналады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев арнайы брифингте Көбейтұзды бұрыннан назарда ұстап келе жатқанына сендірмек болды. Сондай-ақ қоғамдық бақылау жолға қойылып жатқаны мәлім болды: қоғам белсенділері, еріктілер мен құқық қорғау органдарының өкілдері кірген топ дүркін-дүркін көлге бірге аттанып, инспекция жасап қайтады. Бас эколог ондағы тұздың емдік қасиеті барын жоққа шығарды: ведомство мамандарының айтуынша, «көлден алынған сынама оның қарапайым ас тұзымен бірдей екенін көрсеткен». М.Мырзағалиев экология министрлігі жағдайды талдап, қосымша шаралар әзірлеуге кіріскенін жеткізді. Ол көлдер мен басқа да табиғи нысандарда болудың белгіленген тәртібін, санитарлық нормаларды және экологиялық заңнаманы бұзушылар жазаланып, айыппұл салынатынын нықтады. Қазірдің өзінде Әкімшілік кодекстің 505-бабына сәйкес, Көбейтұз көліндегі бей-берекет қоқыс орындарын туындатқаны үшін бірнеше адам жауапқа тартылыпты. Әйткенмен, министр көлді мәңгілікке жауып тастай алмайтынын, оған барушылар қатары алда тек артатынын айтты. – Ол жақта экологиялық бекеттер құру жоспарлануда. Бірегей көлді көріп қайтуға құмартатындар саны бәрібір арта береді. Ендеше ең алдымен, азаматтарға мұндай жерлерде жүріп-тұру ережелерін түсіндіру және экологиялық сана-сезімді көтеру, тұзды өзімен бірге алып кетуге болмайтынын ұғындыру керек. Оның тұзының ешқандай емдік қасиеті жоқ. Соған қарамастан туристердің адамгершілікке жат әрекеттері кесірінен көлге жойылып кету қаупі төнді. Бұл жұмысқа біз қоғам қайраткерлерін, экологтарды, эко-белсенділерді жұмылдырмақшымыз, – деді Мағзұм Мырзағалиев. Ол еліміздегі өзге де табиғи объектілерде ұқсас ауыр жағдай туындағанын мойындады. – Өкінішке қарай, халықтың экологиялық мәдениеті өте төмен. Бұған соңғы бір айда тіркелген табиғатқа қаскөйлік таныту фактілері дәлел. Нақтылай кетсек, Ақтаудағы итбалықтарды таспен ұру, Бурабайдағы тау болып үйілген қоқыстар, Алматы маңындағы Первомайский тоғанындағы «Қызыл кітапқа» енген лотос өсімдігін жұлып алып, Инстаграмда қуана жариялау, қоқыс лақтыру, жерошақтар жағу, бірегей Көбейтұз көлінің тұзын тасып сату деректері шошытады. Бұл біздің табиғатқа жасаған дөрекі әрі қатал іс-әрекетіміздің аз бөлігі ғана! – деді министр. Табиғат аясына жол талғамайтын қымбат көлікпен баратын адамдарға бірер мың теңге айыппұлды төлей салу түкке тұрмайтыны сөзсіз. Сол себепті егер Парламент қолдаса, ұлттық парктер мен демалыс аймақтарында экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін айыппұл артады. Тиісті өзгеріс жаңа Экологиялық кодекс жобасында қарастырылыпты. – Айыппұл салудан басқа, халық арасында үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыру керек. Ересектер балаларға табиғатты аялауды үйретіп, өздері үлгі болуы тиіс. Барша қазақстандықты қоршаған ортаға қамқорлық жасауға шақырамын! Біз ұлан-байтақ еліміздегі әрбір табиғи нысанның жанына бір-бір инспектордан қоя алмаймыз. Жалпы, халықтың экологиялық мәдениетін көтеру керек. Әрине, ол бір күндік жұмыс емес. Біздің министрлік түсіндіру жұмыстарына екпін түсіруде. Бұқаралық ақпарат құралдарына осы іске қосқан елеулі үлесі үшін алғыс айтамын. Осы жұмыстарға енді жергілікті әкімдіктер де белсене қатысады деген үміттеміз. Бәрі бала кезден бойға сіңірілуі керек. Сол себепті де Президент мектептерде экологиялық мәдениет пәнін енгізуді ұсынды, – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі.Қасиет қонған көл
«Көбейтұздың тұзының кәдімгі тұздан айырмашылығы жоқ» деген министрдің байламымен кейбір сарапшылар келіспейді. Қарапайым ғана мысал: ас тұзын сыртқа шығарып қойсаңыз, ол ешқашан қызыл түске «боялмайды». Көлдің қасиетін қазақтар бұрыннан білген. Бұл маңда өткен ғасырларда үнемі жағалай киіз үйлер тігілетін болған. Жаугершілік замандарда дұшпанмен шайқасып, ел шетінен әрі асырып оралған қаһармандар осы тұзға аунап, жараларын емдейтін көрінеді. Осы жақ негізінен, Қазақ хандығының бас қолбасшысы Бөгенбай батырдың тікелей ұрпағы, Жылқыбайдың баласы Көбейдің жайлауы болыпты. Көл атауының түп-төркіні де сонымен байланысты. Экологтардың байламынша, күн ысыған кезде Көбейтұзда «тұзды дуналиелла» (Dunaliella salina) деп аталатын балдыр күрт көбейеді, нәтижесінде су түсі қызғылтқа боялып шыға келеді. Медицина ғылымдарының докторы, микробиолог Виктор Малеев тұзды дуналиелла негізінен теңіздерде, гипертұзды ортада өмір сүретініне тоқталды. Ол каротинді үлкен көлемде өндіре алатын қабілеті арқасында антиоксидантты қасиеттерімен танымал. Ал каротин косметикада, биологиялық белсенді қоспалар (БАД) өндірісінде кең қолданылады. Өз бойында β-каротиннің жоғары мөлшерде шоғырлануы арқасында балдыр шақырайған күн сәулесін кері шағылыстыра алады. Дегенмен, ғалымның байламынша, көлдің қалпымен қызғылт түске боялуына Dunaliella-дан гөрі, ғылыми тілде Halobacterium аталатын архейлер көбірек себепкер. Әйтпесе, тұзды дуналиелла колониялары суға шамалы ғана алқызыл түс қосады. Сондай-ақ онда глицерол да өте көп. Аталған балдыр қасиетін кеңес дәрігерлері де жақсы білген. Сондықтан 1966 жылы Dunaliella salina-ны қолдан өсіру ісі қолға алынады. Оны коммерциялық мақсатта өсіру дамыған, озық дамушы елдің барлығында жолға қойылған. Қазақстанда тұзды дуналиелланы дәріханалардан сатып алуға болады: капсула түріндегі шағын құтысы 3 мың теңге тұрады. Астаналықтарға, ақмолалықтарға және қонақтар мен туристерге Көбейтұзға барып, ара-тұра аунап-қунап қайтқан пайдалы әрі тиімдірек болса керек. Қынжылтатыны сол, демалушылар тынығумен және суретке түсумен шектелмей, тұзын – полиэтилен қаптарға, ал суын – 19 литрлік құты-бутылдерге толтырып әкетеді. Тіпті көл түбін қазып, балшығын әкетушілер де жетерлік. Салдарынан бүгінде Көбейтұз табаны кратерге толы ай бетіне көбірек ұқсап кетті. Кейін бұл шикізатты әлеуметтік желілерде және жеке хабарландыру алаңдарында сатуға талпынғандар көбейді. Құқық қорғау органдары интернетке мониторинг жүргізіп, алыпсатарларды жаппай айыппұлмен жазалауға кіріскендіктен мұндай жарнамасымақтар күрт жойылды.Әлемде осындай 8 көл ғана бар
Көбейтұз жағалауының тұрмыстық қоқысқа толуы, пластик-пакеттерге салынған қалдықтардың желмен бірге жақын маңдағы көлдерге дейін ұшып ластауы, келушілердің түнеуге қалып, жерошақ жағуы және айналада уақытша құрылыстардың көбеюі проблемаға айналды. Саналы азаматтар дабыл көтергеннен кейін көл жаққа Экология министрінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасов да инспекциямен барды. Ол Көбейтұздың бірегей әрі ерекше табиғи нысан екенін мойындады. Бүкіл әлемде мұндай 8 көл ғана бар! Бір қызығы, соның ішінде Көбейтұз – туристік тартымды және туризм нысанына айналуға барлық жағдайы бар көл саналады. Мәселен, Австралияның оңтүстік-батысында, Мидл-Айленд аралында тұзды дуналиелла және архейлер арқасында қызғылт түске ие болған Хиллиер көлі бар, алайда айналасы ну орман болғандықтан тек тікұшақпен жетуге болады. Мұндай әуе көлігінің қызметі үшін бірнеше жүз доллар төлеуді – табиғи ғажайыпты бір көріп, көз қанықтырғысы, көңіл тоғайтқысы келетіндердің бәрінің бірдей қалтасы көтермейді. Ал Сенегалдағы «қызғылт көл» аталған Ретба көлінің түсі тат түсіне көбірек келеді. Спортсүйер қауым білуі мүмкін: бұрын Париж-Дакар жарысы дәл осы көлге барып тоқтайтын. Бертінде ақырғы пункт өзгертілді. Онда 1970 жылдардан бері тұз өндіріледі. Айтқандай, Ретба ішінде 10 минуттан артық болуға тыйым салынады. Себебі адам терісі шыдамай, күйіп қалады. «Көбейтұздың қызғылт реңкке боялуына негізінен тұзды теңіздерді мекендейтін бір жасушалы дуналиелла сортаңды су балдыры әсер етеді. Бұл балдырлар көлдің тұзды болуының арқасында ғана дамуда. Табиғаттың ерекше құбылысына, ең бір көрнекті орнына кейбір адамдардың залал келтіруі, жауапсыз, жабайы көзқарас танытуы көлдің деградацияға ұшырауына, тіпті толық жойылуына әкелуі мүмкін. Экология министрлігі Көбейтұз көлін қорғау үшін қатаң әрі шұғыл шаралар қабылдайды. Ол шаралар туралы кейінірек хабарланады», – деді министрліктің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті. Бүгінде Көбейтұзға және Ақмола облысындағы барлық су қоймаларына адамдардың баруына тыйым салынды. Бұл – уақытша шара. Ашылғанда әлгі оқиға қайталанбай ма? Өзен-көлдің бәрін жекешелендіріп, кәсіпкерлерге тарату проблеманы шешпейді, тек халықты ашындырады. Қоғам белсендісі, өлкетанушы, өзін «Қазнеттің басты қаңғыбас блогері» деп таныстыратын Яков Федоров тағы бір мәселеге назар аудартты. «Көбейтұзға барған туристер не істейді? Содан кейін денесін тұздан тазартып, мөп-мөлдір суда жуыну үшін Теңіз көліне бет алады. Демалыс күндері оның жағалауында 1 мың көлікке дейін жиналады. Енді сол өзен де «жуындыға» ұқсай бастады. Мәдениетсіз адамдар қоқыстарын қалдырып кетеді. Барлығы үшін ауыр қарбыздарды көлге тасу қиын емес, ал жеңіл қабығын әкетуге қиынсынады! Ашық-шашық пакеттерді шағалалар қопарады. Жалпы, осы бізде ішкі туризмді дамыту керек пе? Бәрін шетелге саяхаттауға жіберейік те, туған жердің тұмса табиғатын келер ұрпаққа сақтайық. Солар саналы болар», – дейді Яков Федоров.Айхан ШӘРІП