Сағынтаев одаққа барды
Сағынтаев одаққа барды
5,345
оқылды

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Жазу­шылар одағында қаламгер қауыммен кез­десіп, қазіргі қазақ әдебие­тінің жай-күйі жайында әңгіме өрбітіп, одаққа алдағы уақытта қол­дау білдіретінін жеткізді.

– «Қазақ әдебиеті» газетін әркез қа­рап, оқып отырамын. Ойың бөлініп, көңі­лің ауып жақ­сы бір күйге түсесің. Қа­лам­гер­лердің материалдық жағ­дайы туралы бұған дейін де жиі сөз болған. Соны ескере отырып, Жазушылар ода­ғының 85 жыл­дық мерейтойы қарса­ңында қаржылай қолдау көрсететін бо­ла­мыз, – деді әкім.

Шаһар басшысы Жазушылар одағы ғимаратын жалға алу ­фор­­масынан жеке­меншікке кө­шіруге қатысты да ойын біл­діріп, бұл шаруаның алдағы уа­қытта іске асатынын айтты. Со­нымен қатар тікелей әкім тап­сырмасымен әдебиет сала­сында елеулі еңбек етіп, өміршең шы­ғар­маларды дүниеге әкелген сөз зергерлерінің өмірі мен шы­ғармашылығы ту­ралы әлеу­мет­тік-танымдық бей­нероликтер циклін шыға­руды «Алматы» телеарнасы қолға ал­мақ. Қала басшылығы 2020 жылы мегапо­листе өтетін халықаралық дең­гейдегі «Алма­ты – еліміздің өр­кениет ордасы» атты әдеби байқауға да қолдау білдірмек.

– Басты проблема – қала­мақы мәсе­лесі. Ат-атағымыз бар. Бірақ соған сай қаржылық жағдай қа­лыптасқан деуге кел­мейді. Соған байланысты өз­деріңізді мате­риалдық тұрғыдан қолдау біздің күн тәртібіміздегі басты мәселеге айналып отыр. Осыған орай, та­мыз айынан бастап 30-дай ақын-жазушыға грант таға­йын­дауды қолға ал­мақпыз. Бұл қолдау ал­да­ғы жыл­дары да жал­ғаса бермек. Әкім­діктің де, өзім­нің де ұстанып отырған бас­ты саясатым – шы­ғар­машылық үшін барлық жағ­дайды жасау, – деді шаһар бас­шысы.

Жазушылар тарапынан Қа­зақстанның халық жазушысы Қаб­деш Жұмаділов ортаға шы­ғып, пікір білдірді. Әйгілі қа­лам­гер әдебиетте, қаламызда қор­даланған бірқатар проб­лема­ларды жасырмай, ортаға салды.

– Менің ойымша, Абайды, Мұқаға­лиді, Пушкинді, Қа­сым­ды, Лермонтовты сүйіп оқыған адам ешқашан қылмыс жаса­майды. Қазір әдебиетті оқу, зер­делеу артта қалды. Бұл – бір. Мен өз кітабымды өзім шыға­рамын. Үкімет көк тиын бөл­мейді. Да­лиған халық жазу­шысы деген ата­ғы ғана. Содан соң шығару­шылар кі­тап­тарды үйіме әкеліп тастайды. Үйіме барсаңыз үй ма, әлде кітап қоймасы ма айыра алмайсыз. Сол кітап­та­рым­ды өзім сатамын. Үкімет қол ұшын созбайды, бірақ салық салуды ұмытпайды. 1 000 тең­генің кітабы дүкенге барған соң 3 000 тең­геге көтеріліп кетеді. Халықтың қал­тасы жұқа болған соң көп жағдай­да кітаптар өтпей қалады. Осыны да қаперге ал­саңыз. Одан кейін, Алматы­ның өзінде кітап таратудың меха­низмі жоқ, – деді Қабдеш Жұмаділов.

Өз кезегінде, Бақытжан ­Әб­­­ді­рұлы жа­зу­шылар тарапы­нан кез келген ұсы­нысқа ашық екенін, әдеби ортадағы процесті дамы­туға, сапа мен қаламақы­ны көте­руге аянбай атсалы­са­тынын айт­­ты. Алдағы уақытта әкімдік пен Жазушылар одағы руханият түйткілдерінің ше­ші­мін табуы үшін бірлесе отырып әрекет етпек.