Елорда жастары қар күреуден челлендж бастады. Өйтпеске амал бар ма? Бірнеше күн бойы төпеп жауған қардан коммуналдық қызметтің жұмысы өнімді болмай тұр. Осы сәтте астаналық жастар #БізБіргеміз хештегімен елорда көшелерін қардан тазартуға шақырған шара бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter-дегі парақшасында бұл бастаманы қолдайтынын білдірді.
Бастаманы іліп әкеткендердің бірі – «Алматы» ауданы әкімдігінің қызметкерлері қала тұрғындары және қызмет көрсетуші ұйымдармен бірге Мұстафин көшесіндегі аулалық аумақтың қарын күреді. Қ.Қуанышбаев атындағы театр ұжымы да қар күреуге қосылып, әженің ауласын тазалап берген.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Волонтер жылы шеңберінде белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатов бастаған елордалық өнер ұжымдарының «Біз Біргеміз» челлендж-бастамасына қолдау білдіруі біздің театрға да сілкініс берді», – деген театр ұжымы бұл эстафетаны Мәдениет және спорт министрлігінің қызметкерлері мен «Қазақконцерт», «Астана Опера» театры ұжымына жолдады.
Айдын ЖАНДОС