Ән-биі мол, TikTok-тың сәні – сол
Ән-биі мол, TikTok-тың сәні – сол
270
оқылды
Байқағанымыз, түрлі чел­ленджерге толы желі күн өт­кен сайын күш алып келеді. Әсіресе, жасөспірімдерге ерекше өтімдірек. Миллиондаған  аудиториясы бар аккаунт ие­лерінің жасы 20-ға жетпеген болып шықса, таңғалмаңыз.  Әлемді айтпағанда, Қазақстанда да желі жарық  жылдамдығымен дамып жатыр. Ендеше  отандық сегменттің жай-күйі қалай? Уақытша тренд пе, әлде моне­тизациясы мығым желі ме? Қандай қазақы челлендждер күллі әлемге таралды? Осы туралы талқылайық.  

TikTok туралы

Желі туралы  бірер де­рек келтіруден бастасақ. Қол­данушылардың 41 пайызы – 16 мен 24 жас аралығындағылар. Жастар арасында танымал  деуге осы статистика себеп. Жынысына қарай бөлсек,  55 пайызы ерлер екен. Әлемнің 155 елінде 75 тілде таралған. 10  қолданушының  9-ы күніне кемі бір рет бас сұғады. Юзерлердің  52 пайызы  iOS арқылы кіреді.  

Жасөспірімдерге жұққан «эпидемия»

Бұл әлеуметтік желінің ала­сы да, құласы да бар.Олай  дейтініміз, бұл жерде таным көк­жиегін кеңейтуге болатындай, деградацияға ұшырау да оп-оңай.  Сондықтан қазір «желіде кімді оқитыныңды айт, мен саған сенің кім екеніңді айтам» дейтін заман.  Мәселен, дәл қазір трендте #качаюзнания челленджі бар. 137 млн адам түсірген трендтің мәні –пайдалы ақпаратты бір минутқа сыйғызу. #профиможет, #пролайфхаки хештегтерімен түсіретін видео­ларда түрлі лайф­хак бар. Сонымен қатар мәнсіз әрі қауіпті түрі де аз емес. Айталық, skull-breaker challenge биыл ақпанда трендте тұрды. Үш адам тізіліп тұрады да, бір мезетте секіреміз деп келіседі. Бірақ  шеттегі екеуі челленджді түсіреміз деп алдын ала уағдаласып алады. Сөйтіп,  ештеңеден хабары жоқ, ортада тұрғаны секіріп қала бергенде шеттегі екеуі аяғын шалып қалады. Осылайша,  ортадағы қатысушы қақ желке­ден қағылып түседі. Қауіптісі сол – қарақұс тұсын зақымдауы мүмкін. Әсіресе, оқушылар осы челленджді көп қайталады. Бұл жерде туындайтын тағы бір мәселе – ортада тұратын адам буллингке ұшырайды. Одан қалса  оның құлаған сәті демде желіге жүктеліп, мазаққа қалуы да ғажап емес.  

Қазақстандағы қауқары қандай?

Айтқандай, бізде бұл желі entertainment (ойын-сауық) бөліміндегі топ-чартта 2-орында тұр. Осы ретте еліміздегі ең беделді тиктокерлерді тізіп шығайық. Үздіктерді оқырман,  лайк,  қаралым санына қарай жасадық.  Ең танымал аккаунт – kagiristwins. Егіздер Наргиз бен Томиристің жасы – 18-де. TikTok-та 3,6 млн оқырманы  бар. Әу баста Instagram  желісінде  вайн түсіруден бастаған қыздар TikTok-тан шетелдік егіздердің аккаунтын көріп қалады. Осылайша,  шабыт ашылып, ерекше видеолар түсіре бастайды. Instagram-да  – 605 мың,  YouTube-та 450 мың оқырман бар.  Қыздар танымал челленджді қайталап түсіреді.  2-орында  –  i_am_doshik. Алматылық 16 жасар Дарья 1,7 млн оқырман жинап алған. Көбіне күлкілі, сарказмға қосылған ойынды  ортаға салады.  Instagram-да 130 мың фоллоуері бар. Datwolfsray нигімен тіркелген Тамерлан трендтегі видеолар түсіреді, жасөспірімдерге өтімді K-Pop, Q-Pop стилінде киінеді. Туындыларынан еш пәлсапа таппасаңыз да, пікірге кірсеңіз, жасөспірім қыздарды  жаралы жүрек эмодзиларын анық көресіз. Оқырман саны: TikTok  – 671 мың, Instagram – 27,2 мың.  Анасының да, қызының да рөлін өзі ойнап, оқырмандарына әзілін өткізіп отыратын Ажарды (alibayeva_azhar) TikTok-та – 642 мың, Instagram-да 55 мың адам оқиды. Takatta оқырманының саны – 628,8 мың.  Та’ир Ка’ли есімімен танымал тиктокердің Instagram-дағы аудиториясы – 89,1 мың. Вайн форматындағы видеоларын қазақ-орыс тілінде түсіреді. 5-орында  595 мың фоллоуер-мен – anastassiakasper. Instagram-да 30 мың оқырманы бар. Анастасия да трендтегі видеоларды үздіксіз ұсынып отырады. TikTok Байқағаныңыздай, TikTok-тағыдай ауқымды  аудиторияны басқа желілерде жинай алмаған.  Сол сияқты Instagram-да мил­лионер болғанымен, сол межеге бұл желіде жете алмай жүрген блогерлер де бар. Айталық, Instagram-да 5,3 млн оқырманы бар Ерболат Жанабыловтың  TikTok-тағы фоллоуер саны – 507 мың. 1,6 млн инста оқырманы бар Нұрдәулетті (nnurdaylet) жасөспірімдер желісінде 334 мың фоллоуер қарап отырады. Жалпы алғанда,  бір желіден екіншісіне ауысып, аккаунттарын бір-біріне жалғап, блогерлер трендтен қалмауға тырысады. Профиліне  қонаққа бара қалсаңыз, өзге желідегі аккаунттарына сілтеме тұрады. Бұл дегеніңіз  –  бір жағы сақтық шарасы іспетті. Сәннен қалған жағдайда дымсыз қалмаудың амалы. Әйтсе де, барлық жерде бір контентті көре беруден көпшілік жалығады. Сондықтан табыс тауып, трендке іліну үшін тер төгу ләзім.  

Әлемге TikTok арқылы танылу

Видеоның қаралымын оның мәні мен сәнінен бұрын хештег көбейтеді. Тіпті,  бүкіл әлем сізді тамашаласын десеңіз, дұрыс тег таңдай білу керек. Ендеше Қазақстанның шекарасынан шығып, ТМД, одан қала берді мұхит асқан трендтерді атап өтейік. Америкалық орындаушы  SAINt JHN-ның Roses әніне ремикс жасап танылған Iman­bek  – Павлодардың  тумасы. Темір­жолшы болып істеп жүрген жері­нен аяқасты танылып кеткен. Ремикс осы жылдың үздік  50 әнінің ішінен 21-орынға жайғасқан.  Осы әнге TikTok-та өте көп видео түсірілді.  New York Times осыдан 10 күн бұрын Zoom арқылы сұхбат алған. Бүгінде Иманбек Effective Records лейблымен келісімшарт жасасып, SAINt JHN-мен ресми сингл шығарды. Әнші Raim-ның «Двигаться» әніне қазақстандықтар ғана емес, ТМД халқы белсене видео түсірді. Боксшының қимылына ұқсас қисайып билейтін челленджді ресейлік  Ольга Бузова, Павел Дворецкий және басқалары да қайталады. «Запомни одну фразу, все будет, но не сразу» сөзін айтып, жай ғана видео түсірген шардаралық  Бақдәулет қазір жап-жақсы табыс тауып отырғанын айтты. Блогерге хабарласқанымызда, өзінің танымал болып кеткенін таныстарынан білгенін айтты. «Негізі Instagram-да вайн түсіріп бастағым келген. Видео да сол желіге жүктелді. Салып жатқанда «көпшілікке өтіп кетсе ғой» деп тілесем де, соншалықты танылады деп күтпедім. Видеоның ремиксі желіде лезде таралды. Кім жасағанын әлі білмеймін. Бірақ авторы мен болсам да, көпшілігі репост жасағанда аккаунтымды көрсетпеген. Кейіннен барып белгілей бастады. Қазір 33 мың оқырманым бар. Жақсы табыс тауып жатырмын», – дейді 20 жастағы вайнер.  Айтуынша, видео TikTok-та трендке айналса да, өзі бұл желіні аса түсінбейді.   TikTok-2  

Жылт етіп жоқ бола ма?

Блогерлерге  қолдау білдіріп, танылуына көмектесетін ар­найы медиа агенттіктер бар. Тик­токерлердің көпшілігі осын­дай орталықтардың көме­гіне жүгінеді екен. Оны профильдегі ақпаратынан көрдік. Qamalladin Media агенттігінің негізін қалау­шылар Абылайхан мен Диана Қамаладинмен блиц-сұхбат ұйым­дастырып, TikTok  сырына қанық болдық. – Неліктен TikTok-та танылу басқа желілермен салыстырғанда оңайырақ? Диана: – TikTok-та бірегей алгоритм жұмыс істейді. Яғни,  бұл жерде оқырман саны маңызды емес. Челленджге қатысқан адам­ның кез келгені табан асты танылып кетуі мүмкін. Екінші ерекшелігі — трендтің бәрі TikTok-та туындайды. Жасөспірімдер түрлі дүниені ойлап табады да, осында жүктейді. Кейін сол челлендждер басқа желілерде жүреді. Мәселен,  Instagram-да лайк, оқырман, пікір көп болса ғана ТОП-қа шықса, мұнда олай емес. Тез танылып кетудің мәні – осында. – Қалай ойлайсыздар,  бұл  уақытша желі ме? Әлде болашағы бар ма? Абылайхан: – 2021 жылға қарай инфлюенсерлерде жар­намалық интеграцияға сұраныс артады.  Неліктен десеңіз, Coca Cola, Pepsi, Chupa Chups, Orbit сынды алпауыт компаниялар өз аудиториясын TikTok қол­данушыларының арасынан іздеп жатыр. Одан бөлек, мұнда жарнама бөлімі жасақталып жатыр деген ақпарат шықты. Яғни, алдағы уақытта басқа желілердегідей ресми жарнама қосылуы мүмкін. – TikTok-та монетизация  жағы қалай? Giveaway сынды тәсілдер қосыла ма? Абылайхан: – Қазақстандағы дәл қазіргі статистика бойынша, 100 тапсырыстың 10-ы ғана TikTok-қа түседі. Бірақ сұраныс артып келе жатыр. Яғни, жар­нама берушілер Instagram  ғана емес, TikTok-тағы аккаунтты да сұрайды.  Giveaway-дың  бұл жақта пайда болуы екіталай дер едім. Өйткені бұл – осы кезге дейін жасағандарының бәрін жоқ  қылатын тәсіл. – Жасөспірімдер бұл желіге неге құмар? Диана:– Айтқандай, бірегей алгоритмі ыңғайлы. Одан бөлек, қосымшаны қолдану оңай. Түсіріп, одан сол жерде өңдеп, жүктейді. Үшіншіден, бұл – негізінен 8-13 жас аралығында жасөспірімдер жиналатын плат­форма.  Өзара челлендждер ойлап тауып, бір-біріне жол­дайды. Сонысымен  қызық. – Қазақстандағы TikTok-тың көрінісін қалай көресіздер?  Өзге елдермен салыстырып көрсек… Абылайхан: – Ресеймен салыстырсақ, соңғы 3 айда Қазақстандағы  TikTok дәуренінің басталғаны анық байқалды. Жал­пы, екі ірі комьюнити бар: елорда және Алматы. Екіншісінің ауқымы кеңірек. Жақында TikTok  хаус ашылып, бірлесіп контент түсіреді. Көршілер ресейліктерден шамамен 2 жылда артта келе жатырмыз десек болады.     Түйін:

Жыл өткен сайын әлеуметтік желінің түр-түрі шығып жатыр. Бір кездері Periscope-тың сұранысы мол болды. Кейіннен әр желі тікелей эфир жүйесін өзіне қосып алды да, өзекті болмай қалды. Сол сияқты сұрақ  жолдайтын ask.fm де келмеске кетті. TikTok  дәурені қаншалық  ұзақ  болар екен? Жүйелі жұмыс істеп, жаңа трендтерге аш қасқырмай ұмтылып  тұрмаса, «қоқыстан» табылу бір демде.  

 

Жадыра АҚҚАЙЫР