Бүгін аудан кәсіпкері Алматы облысы, Кербұлақ аудандық орталық ауруханасына 15 оттегі концентраторын сыйға тартты. Демеуші өзінің есімін жасырын қалдыруды сұрады.
Жақын арада тағы да 5 аппарат жеткізілетін болады. Сонымен, аурухана қажеттілігі толығымен өтеледі.
"Аудандағы эпидахуал бүгінгі таңда, коронавирус инфекциясын жұқтырған 67 адам тіркелді. Оның 17-сі симптомды. Олар облыстық оперативті штаб бекіткен аймаққа ем қабылдауға жіберілді. Ал аудандық ауруханада 55 науқас пневмониядан емделуде, оның 5-і жан сақтау бөлімінде жатыр. Сондықтан оттегі концентраторы бізге өте қажет болатын. Құрылғының мүмкіндігі зор. Аталған аппараттарды бір тәулікте жеткізіп, көмек көрсеткен демеушіге аудан тұрғындары атынан және дәрігерлер атынан айтар алғысымыз шексіз. Енді дәрігерлер емделушілерге оттегі концентраторының көмегімен уақытылы жәрдем көрсете алады",-деді Орталық аудандық аурухананың директоры Қайрат Ержанов.
Айта кетейік, аудандық ауруханада алғашында 35 провизорлық, 35 обсервациялық орын болған, қазір бұл 90 орынға дейін көбейтілді. Індетпен күреске 100-ге жуық медицина қызметкерлері жұмылдырылды.
Жалпы маусым-шілде айларында 202 науқас тіркелді, қазір олардың 142-сі емделіп шықты. Ал 55-і арнайы ем қабылдауда.