COVID-19 індетінің республика көлемінде көптеп таралуы, індетке қарсы дәрілердің жетіспеушілігіне, бағалардың негізсіз өсуіне әкелуде. Осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында Күршім ауданы әкімінің өкімімен жұмыс тобы құрылып, аудан әкімінің орынбасары Қ.Әзімбаевтың төрағалығымен жиын өтті.
Жұмыс тобының шешімімен 2020 жылы 24 шілде күні аудандағы дәріханаларға рейд жүргізілді. Жұмыс тобының құрамында аудандық мәслихат депутаттары, ішкі істер бөлімінің, Күршім аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің, бұқаралық ақпарат құралдары, ішкі саясат бөлімі, ауылдық округ әкімшілігі және «Nur Otan» партиясы Күршім аудандық филиалының өкілдері Күршім ауылындағы 7 дәріхананы аралап шықты. Рейдте індет кезіндегі аса қажетті 47 дәрілердің қорына және бағасына мониторинг жүргізіліп, дәріхана иелерімен қажетті дәрілерді қайдан алуларына болатыны айтылып, оның бағасын тұрақты ұстаулары сұралды. Соңғы апталарда ыстық түсіретін және вирусқа қарсы дәрілерге сұраныс көбейіп, тұрғындармен сақтық мақсатында дәрілерді көптеп сатып алу байқалды. Жұмыс тобының рейдтің қорытындысы бойынша аталған дәрілердің бір қолға сатылатын мөлшеріне шектеу қою және бағаны тұрақты ұстау бойынша дәріхана иелерімен меморандум жасау туралы ұсыныс берілді. Сонымен қатар аспириннің бағасы 100 теңгеге дейін көтерілгені анықталып, облыстағы көтерме саудамен айналысатын фирмалардағы бағаны да шектеуге ұсыныстар берілді.