Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Бексұлтан Кенішқалиев Литвада өткен екі бірдей байқауда – XV Халықаралық «Паланга–2019» ән конкурсында Гран-при және The Voices Lithuania телевизиялық конкурсында да Гран-при, оған қоса Šlagerių Karalius («Шлягер королі») атағын жеңіп алды.
Бексұлтан байқау алдында Жүргенов академиясының базасында биылғы «Славян базары» фестивалі аясындағы халықаралық «Витебск–2019» вокалистер байқауына берілетін жолдаманы сарапқа салған іріктеу турына қатысып, бақ сынаған-ды. Сол сында жолдама академияның 3-курс студенті Әділхан Макинге бұйырып, келесі жылға жолдама Ерік Төленовке ұйғарылған-ды. Сонымен бірге, іріктеу кезеңінде өнерімен көзге түскен, академияның эстрада өнері факультетінің 3-курсында эстрадалық вокал мамандығы бойынша оқитын Бексұлтан Кенішқалиев пен театр өнері факультетінің 2-курсында музыкалық театр артисі мамандығында тәлім алып жүрген Дария Болсанбек Литвада жылма-жыл өтіп тұратын әншілер байқауына Қазақстаннан баратын үміткерлер ретінде аталған-ды.
Бексұлтан жас болғанымен, елге танылған әнші. Шығыс Қазақстан облысына қарасты Жарма ауданының Қалбатау ауылында, мал дәрігері мен білім беру саласы қызметкерінің отбасында дүниеге келген 24 жасар өнерпаздың музыкалық білімі күшті: ауылдық музыка мектебінің фортепиано класында сегіз жыл оқыған ол тоғызыншы сыныптан кейін Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыка колледжін хор дирижері мамандығы бойынша бітіріп, одан ары академиялық студент алмасу бағдарламасы бойынша бір жыл Ресейдің Новосібір қаласында эстрада және джаз вокалынан сабақ алады. Содан кейін Алматыға келіп, Жүргенов академиясына түседі. Академиядағы ұстазы – Меруерт Мұхсиынова-Мүсірәлі.
Осы аралықта Бексұлтан бірнеше байқауға, телевизиялық реалити-шоуға қатысқан: он жеті жасында «Қазақстан дауысы» жобасында сынға түсіп көрген ол Қарағандыда өткен «Жұлдыз–2017» ән байқауында бас жүлдені иеленсе, жыл аралатып жас эстрада әншілерінің республикалық «Шабыт» фестивалі байқауында тағы да бас жүлдені қанжығасына байлап қайтады.
Литвадағы екі конкурстың ішінен алдымен өткені – ел астанасы Вильнюсте 3-4 тамыз күндері жалауын көтерген «Паланга–2019» халықаралық ән байқауы. Конкурс шарты бойынша қатысушылар бір ән айтып, одан оза шауып, бас жүлде және бірінші орын алғандар екінші байқауға The Voices Lithuania конкурсына жолдама алатын еді. Соған орай, Бексұлтан Естай Беркімбайұлының атақты «Құсни-Қорлан» әнін дайындап апарады. «Құсни-Қорлан», негізінен, орта децимада орындалатын концерттік ән болғанымен, оқтын-оқтын шығатын дауыспен биікке өрлейтін жоғары регистрлі қайырымдары оны әншінің вокалдық мүмкіндіктерін көрсететін конкурстық әнге де жақындатады. Ең бастысы, жалпы фолк-шығармалар, соның ішінде қазақтың дәстүрлі әндері оркестрлік-ансамбльдің сүйемелдеуімен де, акустик жағдайда орындалуымен де шетелдік тыңдаушыларды тәнті етіп, бірден баурап алатынын байқап жүрміз. Бір «әттеген-айы», халықаралық ән конкурстары этник музыканы көп жолата бермейді. Мысалы, Витебск байқауы этноәндерді әдетте жабық түрде өтетін квалификациялық турға әрең жібереді. Осы тұрғыдан келгенде, Балтық жағалауы елінің дәстүрлі әнге оң қабақ танытып, осы өреде таңдауды әншінің өзіне беруі – сүйсінерлік жағдай. Егер сол жолы Бексұлтан дәстүрлі ән айтпай, басқа шығармамен шыққан болса, нәтиже қандай болары белгісіз еді. Қалай болғанда да «Құсни-Қорлан» Бексұлтанның бағын ашқан ән болды. Естайдың махаббатшыл жүрегін жарып шыққан, әншінің өзі Батыс адамының құлағы жатырқамайтындай етіп, ебін тауып ажарлаған, яғни аранжировкасын жасаған сыршыл ән оған бас жүлдені әперсе, атақты Рианнаның (Rihanna) Love on the brain әні жасөспірімдер номинациясы бойынша сынға түскен Дария Болсанбекті де жүлдегерлер тұғырында бірінші орынға көтерді.
Бір қызығы, жиырмадан аса елден әнші келген Вильнюстегі конкурс Паланга атын иеленсе, оның ізін ала, 5-6 тамыз аралығында өткен екінші конкурс – «Литва ән шырқайды» (The Voices Lithuania) әлгі Паланга қаласының өзінде өтті. Соған қарағанда, бұл жер литвалықтар үшін музыкалық жағынан бір кәделі жер сияқты. The Voices Lithuania дүниежүзілік телевизиялық конкурс болғандықтан, оған әлемнің жиырма төрт елінен келген 28 үміткер, оның ішінде жоғарыдағы Вильнюсте өткен конкурстың жүлдегерлері қатысты. Реалити-шоудың бір ерекшелігі – конкурсанттар әнді жанды дауысқа қоса симфониялық оркестрдің сүйемелдеуінде орындайды. Құрамы жетпіс бес адамнан тұратын Vilniaus Sinfonietta оркестрінің дирижері – халықаралық деңгейдегі танымал литвалық музыкант Витаутос Лукосиус (Vytautas Lukočius). Екі конкурста литвалық белгілі эстрада әншісі Бируте Петрикайтенің патронаждығымен өтті.
Бексұлтан бұл жолы атақты ағылшын әншісі Элтон Джонның (Elton John) репертуарынан софт-рок стиліндегі мәшһүр Sorry Seems To Be The Hardest Word әнін орындады. Бексұлтанға бұл композицияны ұсынған — Жүргенов академиясының музыка өнері факультетінің деканы, белгілі продюсер Бағым Мұхитденова. Жалпы, хит әнді конкурста айтудың өзіндік қиындықтары болғанымен (аса танымал әннің кавері қашанда түпнұсқасы бойынша бағаланатындығы, жалпы Батыс әндерінің композициялық күрделілігі, тілдік кедергі, т.б.) тап осы жолы Бексұлтанға бір жағдай – әннің үлкен оркестр сүйемелімен орындалуы ойламаған жерден септігін тигізген секілді. Себебі, ол вокалист әнші ғана емес, кішкентайынан тілшелі аспаптар (фортепиано) үніне құлақ түріп өскен, соңыра академиялық оркестрдің какофониясын тез аңдап, терең барлап дыбыс аулаған, тіпті десе, сол сан түрлі аспаптық үндерді әуенге (хорға) жымдастырып үйренген инструменталист, дирижер әнші. Қазіргі қазақ эстрадасында жүрген әншілерімізде осындай музыкалық сауаттың болмауы олардың бірқатарының талантына тұсау салып жүргенін осы арада айтқан жөн.
«Сонда да Палангадағы конкурста қатты қобалжыдым, – дейді әншінің өзі. – Байқауға Қазақстаннан келгеннің барлығы дерлік қайтып кеткен. Ендігі бар үміт менде екенін телефон арқылы келіп жатқан жан-жақты қолдаудан түсіндім. Басты мақсатым жеңу еді. Сахна сыртында тұрмыз. Жүрегім аузыма тығылып атқақтап соғады. Жүлдегерлерді кезегімен сахнаға шақырып жатыр. Үшінші орын – Израиль... Екінші орын – Франция... Бірінші орын Арменияның қанжығасында кететіні де белгілі болды. Мен қай орындамын?! Үштен төмен сырғығаным ба?! Әлде... Құлағымда ректорымыз Асхат ағаның «Мы обречены на успех!» деп жігер жаныған сөзі жаңғырып естіледі... Осылайша, «Жеңіліп қалсам, елге не бетімді айтам?!» деп жан терім шығып тұрғанымда бір сәт ұйымдастырушылар жанымнан Қазақстанның көк туын желбіретіп өте берді. Тұла бойым төменгі вольтты тоқ көзіне жанасқандай шым ете қалды. Іле-шала жүргізуші «Гран-при! Қазақстан!...» деп хабарлаған шақта көз алдыма дөңгеленіп Арқаның сары даласы, ағайын-туғанын, ата-анамның бейнесі келіп тұра қалғаны. Зал жақта көк туымызды жамылып алып қуаныштан айқайлап жүрген конкурстық жюри мүшесі Әлішер Кәрімовтің дауысы естіледі. Әлішер аға құрамына кірген конкурстық жюри тілегімді қабыл алғандай өнерімді жоғары бағалап, бас жүлдеге мені лайықты деп тапқандарына сол кезде ғана сенгендей болдым». Бұған қоса Бексұлтанға, әдетте, литвалықтар эстрада өнеріне айрықша еңбек сіңірген әншілер ғана еншілейтін «Шлягер королі» атағының берілуі қазақ әншісінің шеберлігі қандай дәрежеде екенін айғақтағандай.
– Бексұлтанның да, Дарияның да жеңісі – ең алдымен, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауының арқасында мүмкін болды, – деп атап айтты Жүргенов академиясының ректоры Асхат Маемиров жеңімпазды қабылдау кезінде. – Академиямыз ағымдағы жылдың өзінде бір-бірімен деңгейлес үш әнші шығарды. Күні кеше Витебскіден жеңіспен оралған Әділхан Макин, Румынияның Браила қаласында өткен халықаралық байқаудың Гран-при иегері Ерік Төленов және Литваны тәнті етіп келіп отырған бүгінгі Бексұлтан. Сондай-ақ мақтаныштарымыздың қатарында Ернар Садырбай, Нұрхан Сегізбаев, Дария Болсанбек те бар. Демек, оқу орнымызда бәсеке жоғары. Өнер өбекпен ғана емес, бәсекемен де өседі. Ал ең бастысы – арна бұздырар, тау қопартар еңбек. Сосын қазақтың талапты әнші жастарының бойында қанмен берілген әмбебаптық қасиет бар, шынайылыққа, табиғи мөлдірлікке суарылған вокалдық мүмкіндік мол. Осыған музыкалық білім, тәлімгерлік жіті көз үстелсе, қазақ орындаушылары көзі аршылған тұма бұлақтай тұнық дауысын аша түсері анық. Сірә, біз осы тұманың үстінен түскен сияқтымыз...
Ұлттық эстрада үшін бүгінде кәсіби сауат, тынбай тер төгетін еңбекқорлық қай кездегіден де көбірек қажет. Себебі, Димаш, Әділхан арқылы алғашқы асулар алынды. Асуға шыққаннан асуда қала білу – өнер. Ол үшін, әрине, жоғарыдағы екі қасиетке қоса заманауи эстрада өнерімізге мемлекет тарапынан жасалар қамқорлық, бағыт-бағдар көрсету әлсіремеуі тиіс. Соңғы төрт-бес жылдың бедерінде Димаш қатысқан Қытай, Данэлия қатысқан Украина, Әділхан мен Ерік өнер көрсеткен Беларусь, Румыния, енді міне, Бексұлтан барып келген Литва конкурстарын байқап-байырқалау барысында бізде осы елдердегідей халықаралық деңгейдегі конкурстар, телевизиялық мегажобалар өткізу ісі қожырап кеткенін байқаймыз. Халықаралық ән конкурстарын өткізу тәжірибесі «Азия дауысымен» тамам болды. «Қазақстан-Сингер» тәрізді тележобалар етек алып кете алмады, «Қазақстан, дауысы» секілді реалити-шоулардың бар-жоғы бүгінде білінбей қалды, яғни оларға жұртшылық арасында танымалдық жетісе бермейді. Осыған қарамастан, жігіттеріміз бен қыздарымыз шетелдерден бірінен кейін бірі жүлдемен оралып жатыр. Бұл не сыр, не жұмбақ? Әлде, халықтың ішінде қайнап біткен қызудың, арынды қуаттың жүз беруінің бір көрінісі ме екен?!.