Ақмола облысында "қоңырау шалу" арқылы блокбекеттен өткен джип жүргізушісі Қазақстанның триатлоннан бас бапкері болып шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Желіде полицейлер блокбекеттен қара джипті "қоңыраудан" кейін өткізіп жібергені түсірілген видео пайда болған соң, полиция департаментінде қызметтік тексеру жүргізілді.
"Автокөлік жүргізушісі Қазақстанның триатлоннан бас бапкері Юрий Соловьев болып шықты, ол бір апта бойы Бурабай курорт аймағында республикалық команданы жаттықтырып жүр. Жаттығуларды өткізуге ресми рұқсат бар", - деп хабарлады департаменттің баспасөз хатшысы Гүлнар Пинчук.
Оның айтуынша, полицейлер Соловьевті ұстаған, себебі жаттықтырушының жеке куәлігі өзімен болмаған.
"Телефон қоңырауы аталған автокөлік жүргізушісінің жаттықтырушыға қатысын анықтау және кіруге рұқсатын растау үшін жасалды", - деп түсіндірді ол.