Павлодарда ауа райының қолайсыздығына байланысты жолаушылар ұшағы бір сағаттай қаланың үстінде айналып ұшып жүруге мәжбүр болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Павлодарлықтар әлеуметтік желіде қаланың үстінде ұшып жүрген ұшақты қызу талқыға салып жатыр. Қала тұрғындарының басым бөлігі жолаушылар ұшағынан қорқып қалыпты.
"Ұшақтың төмен биіктікте ұшқаны соншалық, ол құлайды деп ойладық. Мен "апат бола ма?" деп қорықтым", - деп жазды Instagram желісінің пайдаланушысы.
Кейін ұшақ Алматы-Павлодар бағытындағы FlyArystan әуекомпаниясына тиесілі екені белгілі болды. Ондағы жолаушылар да қорыққандарын желіде ашық жазды.
FlyArystan мұндай жағдай ауа райының қолайсыздығына байланысты болғанын жеткізді.
"25 шілдеде FlyArystan әуекомпаниясының Алматы-Павлодар бағытындағы KC 7131 рейсі 40 минутқа кешігіп қонды. Себебі, Павлодар аэродромында қатты найзағай болды. Бұл ауа-райының өзгеруімен байланысты. Мұны қалыпты жағдай деуге болады. Бұл жағдайда әуекомпанияның ұшқыштары ұшу немесе ұшақты қондыру туралы шешімді өз еркімен қабылдайды", - деді компания өкілдері.
https://www.instagram.com/p/CDFsN-BhRt2/?utm_source=ig_web_copy_link