Белгілі жазушы-журналист Еркінбай Әкімқұлов 82 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Еркінбай Әкімқұлов 1937 жылы 4 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданы Балтакөл колхозында қарапайым шаруа отбасында туған.
Әдебиет пен өнерге үлкен әуестігі бала кезінен білінген Еркінбай 7-8 сыныптан бастап өлең жаза бастайды. Әдебиетке құмарлық оны 1954 жылы қазақтың С.Киров атындағы мемлекеттік университетінің филология факультетіне алып келді.
1959 жылы университетті бітіргеннен кейін Еркінбай Әлімқұлұлы республикалық жастар газетіне шақырылып, онда әуелі әдеби қызметкер, содан соң насихат және үгіт, әдебиет және өнер бөлімдерінің меңгерушісі болып, 1968 жылға дейін белсене еңбек етті. Осы жылы партиялық жұмысқа шақырылып, Қазақстан КП Алматы қалалық комитетінде 1974 жылға дейін жауапты қызмет атқарды.
Мұнан кейін ол «Жазушы» баспасының жасөспірімдер әдебиеті редакциясының меңгерушісі болады. 1976 жылы «Жалын» баспасы жаңадан ашылғанда да сол баспаны ұйымдастыруға тікелей атсалысады. Қаламгер көбіне қатардағы қарапайым адамның тағдыры мен болмыс-бітімін, тіршілік тінін қаламына арқау еткен. Мәселен, жазушының «Домбыра» әңгімесіндегі Ерболы, «Жаңа әулет» повесіндегі Таубайы, «Момындар үлесіндегі» Бекайдары – бүгінгі күннің бар жүгін арқалаған қарапайым адамдардың протатиптері. Жазушының кейіпкерлері көбіне ерекше қасиеттері арқылы белгілі.
Е.Әкімқұловтың драматургия саласында да азды-көпті еңбектері бар. Бір актылы пьесалары республикалық мерзімді баспасөзде, телевизияда жарық көрсе, «Ғалия» атты музыкалық екі бөлімді радиопьесасы республикалық радиоэфирден беріліп келеді.
Балаларға арналған поляктың классик жазушысы Януш Корчактың «Қайта оралған балалық» және татар жазушысы Рафаэль Мұстафиннің «Кішкентай Мұса» деген повестерін қазақ тіліне тәржімалады.
Еркінбай Әкімқұлов «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
1997 жылы жазушыға Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы деген атақ берілді.
Редакция ұжымы жазушының отбасына, ағайын-туыстарына қайғырып көңіл айтады.
Айқындықтар