Өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар тұрақтандыру қорларында 35 мың тонна азық-түлік қоры жиналған. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Азамат Асқарұлы хабарлады.
«Егіннің жаңа түсімі, жеміс-жидек пен көкөністің пісуіне байланысты сүт пен ет өнімдеріне сұраныстың азаюы, азық-түлік тауарларын сыртқа шығаруға тыйым салу – баға өсімін төмендетті. Бекітілген құнмен қатар, азық-түлік бағасын ұстап тұрудың тағы бір амалы – «айналымды схема» мен «тұрақтандыру қорларын құру», ойластырылған логистика мен тасымал желісін цифрландыру болып отыр. Сауда желілеріне «Айналымды схема» бойынша жеңілдетілген қарыз берілді. Осы қарыз бойынша оларға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру міндеттемесі жүктелді. Жалпы сауда желілеріне жергілікті бюджеттен 17,42 млрд теңге бөлінді», - деді Азамат Асқарұлы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар тұрақтандыру қорларына 35 мың тонна азық-түлік тауарын жинап қойған. Одан бөлек тұрақтандыру қорларына 7 мың тонна азық-түлік тауарын жеткізу бойынша келісім жасалған.
Еске сала кетсек, бұған дейін Азамат Асқарұлы жыл басынан 21 шілдеге дейін азық-түлік тауарларының бағасы 5,7 пайызға өскенін мәлім еткен еді. Әйтсе де бұл соңғы бес жылдағы рекордтық өсім деп айтуға келмейді.
Азамат Асқарұлы 2016 жылы бұл көрсеткіш бірден 9,1 пайыздық, ал 2019 жылы 7,7 пайыздық өсімді көрсеткенін айтады.