Дүниежүзі банкінің сарапшылары еліміздің экономикасына қатысты жасаған болжамы кісі қызығарлық емес. Оған сәйкес, 2020 жылы ІЖӨ Қазақстанда минус 3 пайыз болмақ, яғни өсім емес, керу кету сезіледі. Мұндай жағдай елімізде 1990 жылдардан бері болмаған. Тіпті, 2016 жылдың өзінде 1,1 пайыз өсім тіркелген. Алайда 2021 жылы жағдай оңалып, 2,5 пайыз оң көрсеткіш болады-ау деген болжам бар. Биылғы экономикалық дағдарыс республикамызда кедейлік деңгейін 12,7 пайызға жеткізіп, 800 мың азаматты төменгі күнкөріс табалдырығына апарады деген пікір де жоқ емес. Қысқасы, коронавирус пандемиясы 2020 жылы Қазақстанға ауыр соққы болып тиіп жатыр. Оның экономикалық әсерін күзде ерекше сезінетін секілдіміз.
Төтенше жағдай жарияланып, ел карантин режиміне ауысқалы бері 2,5 миллион оқушы үйінде қалып, қашықтан білім алуға көшті. Ел тарихында алғаш рет кездескен жағдай болғандықтан, кедергі мен түсініспеушілік жиі кездесті. Әлсіз интернет байланысы, компьютер, ноутбук секілді құрылғының тапшылығы, байланыс ақысы, бір үйде бірнеше баланың оқуы, онлайн білім саласында тәжірибенің жетіспеуі – бәрі де ата-анаға, шәкірттерге және ұстаз қауымына ауыртпашылық салды. Дүниежүзі банкі сарапшыларының болжамынша, аталған жайт елдегі адами капиталдың хәлін ауырлатпақ.
Нақтырақ айтсақ, жоғары сынып оқушыларының (15 жастағы) оқу үлгерімінің негізінде жасалатын PISA халықаралық рейтингінде елдің көрсеткіші нашарлауы мүмкін. Бір жыл ішінде оқушы PISA бойынша 40 ұпай жинайды. Ал егер шәкірттер 4 ай үйде қалса әрі қашықтан оқыту күндізгі оқуға қарағанда екі есе тиімсіз деген пайымға сүйенсек, онда Қазақстан аталған рейтингте 8 ұпай жоғалтады деп отыр. Яғни, оқушылардың жалпы үлгерімі нашарлай береді деген сөз. Қашықтан оқытудың тиімділігі отбасылардың әлеуметтік жағдайына да тікелей байланысты екен. Мәселен, ата-аналар үйде жұмыс істей бастағандықтан, олар компьютер атаулыны иемденеді. Ал сабақ оқығысы келген оқушылар кезегін күтеді. Осы себепті сарапшылар тек жақсы байланысы бар және компьютер, электронды құрылғы, теледидардың қажетті саны бар отбасылардың оқушылары қашықтан оқыту мүмкіндіктерін толық пайдалана алады дейді.
Компьютер әр адамның күнделікті құралына айналған уақытта өмір сүріп жатқандаймыз. Алайда биыл көктемде 300 мың қазақстандық оқушы компьютерсіз отырғаны мәлім болды. Ал министрлік 80 мың данасын сатып аламыз деп уәде берген болатын. Сондай-ақ бұған дейін 2,5 млн бала мектептегі партаға отырып келсе де, білім ордалары бар-жоғы 405 мың компьютерге ие екені мәлім болды. Ал олардың көпшілігі тым ескіргенін министр Аймағамбетовтің өзі хабарлады. Осылайша, көптеген отбасы карантин барысында амалсыз смартфондағы WhatsApp мобильдік қосымшасы арқылы үй тапсырмасын алып, орындағанын ұстазына жіберуге мәжбүр болды.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА